Алматы облысында Ғылым және жоғары білім министрлігімен екіжақты Жол картасы жасалады

Алматы облысында Ғылым және жоғары білім министрлігімен екіжақты Жол картасы жасалады

Бүгін Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен келді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Министр ең алдымен облыс орталығының, жалпы алғанда өңірдің даму жоспарымен танысты. Кемел жердің келешегін аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев айтып, бас жоспарға кіріктірілген жобаларды талдап берді. Артынша, министр мен әкімдік өкілдері дөңгелек үстелде бас қосты. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – Қонаев қаласынан академиялық қалашықты құруға арналды. Кездесу барысында Алматы облысы Білім басқармасының башысы Салтанат Беспаева алғашқы болып сөз алып, таяу болашақта атқарылар келелі істер турасында баяндама жасады. Өңірдің бас ұстазының айтуынша, осыған дейін Алматы облыстық Білім басқармасы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне академиялық қалашықта 1 200 орындық Политехникалық колледж салу туралы ұсыныс беріп, ол министрліктен қолдау тауып, облыс әкімі Марат Елеусізұлының атынан Үкіметке сұраныс хат  жолданған. Бұл бастаманы   Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі де қолдайтынын айтқан еді. Өңірде академиялық қалашақты құрудағы мақсат – облыс аумағында орналасқан кәсіпорындар мен шаруашылықтарға қажетті білікті мамандарды шет мемлекеттен алдырмай, өз жерімізде даярлау. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, қазір білім саласындағы басты түйткіл – инфрақұрылымды арттыру.  Өйткені ел аумағындағы демографиялық өсім мен шет мемелекеттен студенттердің ағылып келуі дәл осы мәселемен бетпе-бет кезіктіріп отыр. Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде Қазақстанда білім алатын студенттердің саны 626 мыңды құраса, 2025 жылы бұр көрсеткіш 800 мыңға жетсе, 2030 жылға қарай 1 млн-нан асып жығылмақ. Сондықтан да академиялық қалашықты салу аса маңызға ие. Алматы облысы Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласының бас жоспарына сәйкес, арнайы жер қарастырылғанын, көктем айында бас жоспар бекітілгеннен кейін инфрақұрылымға қатысты жұмыстар өз жалғасын табатынын атап өтті.

«Алдағы уақытта өздеріңіз айтқандай,  экономикалық қолайлы аймақ құрылып, инфрақұрылым жолға қойылады. Шетелден келетін ұстаздар қауымын тұрғын үймен қамту мәселесінде қарасытармыз»,– деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.
Жиын барысында министр Саясат Нұрбек облыс билігіне аймақтағы тапшы мамандар тізімін беруді тапсырып, Алматы облысы әкімдігімен бірлесе отырып, екіжақты Жол картасын дайындауды ұсынды. Бас құжат алдағы бір аптаның  ішінде рәсімделуі тиіс екенін қадап айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласынан академиялық қалашық салу жоспарланған. Ол үшін облыс әкімдігімен келісе отырып, 100 гектар жер бөлінген. Біз келешекте шетелдің дамыған университеттерімен келіссөз жүргізу арқылы осы маңда ЖОО ашуды көздеудеміз. Жоспар бойынша, G4 City-де үлкен индустриялық, өнеркәсіптік кластер орналаспақ. Сол үшін арнайы мамандарды дайындауымыз қажет. Жаңадан қалыптасып жатқан өндірістік аймаққа қажетті мамандардың тізімін жасақтап, кадрлық тапшылықты айқындау керек»,– деді министр Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, бүгінде инженерлік-техникалық мамандардың 70 пайыздан астамы Алматы қаласындағы университеттерде даярланады, алайда олардың басым бөлігі дәл сол шаһарда қалып қойып, өндіріске шықпайды. Сондықтан алдағы уақытта университеттерді өндірістермен тығыз байланыстырып, дуалды форматқа көшіру басты назарға алынбақ, – деген министр артынша облыстағы қос бірдей кәсіпорынға атбасын бұрып, өндіріс ошақтарындағы қандай мамандарға сұраныстың артқанын зерделеді. Министр бас сұққан кәсіпорынның бірі – «Маревен Фуд Тянь Шань». 2018 жылы елде іргесі қаланған зауыттың әлеуеті жоғары екені анық. 5 жылдың ішінде өндіріс көлемін 3 есеге ұлғайтқан бұл жерде 900 адам еңбек етеді. Алайда белгілі бір мамандық иесіне сұраныстың бары жасырын емес. Зауыт Алматы энегергетика және байланыс университетімен және  Алматы техникалық жоғары оқу орнымен байланыста. Соның өзінде маман тапшылығы мәселесі түбегейлі  шешімін таппаған. Мұндағы жауаптылар техникалық құрылғылармен жұмыс істейтін  инженерлер мен технологтердің қажеттігін бүкпесіз айтты. Аймақтағы зауыттардағы кадрлық әлеуетке көз жүгірткен министр Саясат Нұрбек, академиялық қалашық салынып, мамандар өзімізде оқытылғанда мәселенің күрмеуі тарқатылады деп сендірді. Естеріңізге саламыз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай елге шетелдік ең мықты 5 жоғары оқу орнының бөлімдерін ашуды тапсырған. Былтырдың өзінде Мемлекет басшысының пәрменінің шеңберінде 4 бірдей университеттің филиалы ашылған еді. Министр мырзаның айтуына қарағанда, биылғы жылы тағы да 6 ЖОО Қазақстанға келеді. Олардың ішінде Шотландияның ең көне техникалық университеті Heriot-Watt  бар.
«Ендігі кезекте бұл білім ордаларын осындай арнайы академиялық қалашықтарға әкелу жоспарланған. Министрлік пен Алматы облысы әкімдігінің ресурстарын біріктіріп, біз Қонаев қаласын үлкен академиялық ұтқырлық хабына айналдыруға жоспар құрып отырмыз», – деді министр Саясат Нұрбек.