Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елордадағы беделді ЖОО-ның бірінде ұстаздық етуді жоспарлауда.
– «Қазір уақытымды балаларыммен өткізіп жатырмын. Олардың тәрбиесіне мән беріп, балабақша, мектепке алып барып, әкелумен айналысып жүрмін. Жуырда Астана қаласындағы ірі әрі сапалы білім беретін университеттердің бірі ұсыныс білдірді. Біраз тәжірибеңіз бар, студенттермен бөліссеңіз деді. Өзім педагог, оқытушы болғаннан кейін маған ол жақын. Қарапайым оқытушы болып, студенттермен жұмыс істеу деген ұсынысты қабылдадым. Қазір құжаттармен яғни оқу бағдарламасымен айналысып жатырмын», – деді Асхат Аймағамбетов тілші Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.Экс-министрдің айтуынша, оқытушы болудан басқа да ұсыныстар түскен.
– «Жеке сектор бойынша да, басқа да түрлі ұсыныстар бар. Ұсыныстар бойынша соңғы шешімді жақында қоғамға жеткіземіз. Ағартушылықпен айналысу, балаларға тәрбие, білім беру, жинаған тәжірибемен бөлісуді қайда жүрсең де оны бірге алып жүруге болады. Өзім өскелең ұрпақпен тәжірибеммен бөлісуді жөн көріп отырмын», – дейді ол.Сұхбат алушының «Демек, бұрынғы Оқу-ағарту министрі университетте ұстаз болып жұмыс істеуге дайындалып жатыр? деген нақтылау сауалына А. Аймағамбетов «иә» деп қысқа қайырды.
– «Бұдан да басқа жоспарлар бар. Дегенмен әзірге осындай шешім. Кезінде біраз жыл ұстаз болып еңбек еткендіктен мен үшін оқытушы болу қызық. Әрқашанда жүрегіме жылы әрі жақын», – дейді Оқу-ағарту министрлігінің бұрынғы басшысы.Еске салайық, биыл 4 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылған еді.