Алаш демократиясын баяндайтын кітап жарық көрді
Алаш демократиясын баяндайтын кітап жарық көрді
699
оқылды
Астана тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша кеш болды. Бұған себеп «Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында» кітабының тұсаукесері. MEGA SilkWay сауда ойын-сауық орталығында орналасқан MARWIN дүкенінде өткен шараға елорда тұрғындары, саясаттанушы, жазушы азаматтар мен жастар жиналды. Кітап авторы – саясаттанушы Руслан Ақмағанбет. Жоба жетекшісі, баспагер, AmalBooks баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай.    width= Алаш арыстарының демократиялық мемлекет құру жолын сипаттайтын кітап қоғамда кең сұранысқа ие болуда. Осы қарқыннан тоқтап қалмай, алдағы уақытта кітаптың орысша нұсқасын шығару ойда бар дейді жоба жетекшісі Бақытжан Бұқарбай:
«Демократия жәй ғана ұғым емес, тамыры терең мағына. Қазақ елінің бостандығы үшін өз өмірлерін арнаған алашордалықтар да демократия жолында адал еңбек етіп, тер төкті. Кітапты көпшілікке қарапайым тілде  жазып, әдеби немесе ғылыми терминнен алшақтауды жөн көрдік. Заманның талабы солай, түсінікті әрі оңай. Бұл жас оқырман үшін де қазақтың төл тарихын баяндайтын таптырмас құрал. Кітаптағы деректер арнайы тарихи жинақтардан алынды. Оқырмандарға Алаш демократиясы мен өркениетті қоғамды қалыптастыру жайында дұрыс бағыт береміз деп ойлаймын», – дейді баспагер Бақытжан Бұқарбай.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев кітаптың ресми тұсауын кессе, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі спикер Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау хатын жеткізді.    width= Кітап 3 тарауды қамтиды. «Бостандық тұғыры» деп аталатын алғашқы тарауда қайраткерлер арасындағы бауырластық, сөз бостандығы, зайырлылық және діни бостандық, ұлт бостандығы жайында баяндалып, демократияның жеке тұлға мен мемлекетке қажеттілігі, мемлекет бостандығымен аяқталады. Екінші тарау – «Билік бөлінісіндегі тежемелер мен теңестірмелер жүйесі». Биліктің бөлінісі, әр билік тармағының өзіндік ерекшелігі, халықты басқару, милиция жасақтау туралы Алаш арыстарының идеясы жазылған бұл тарау сізді қызықтырып әкетері сөзсіз.    width= «Саяси қатысу» соңғы тарауында қазақ құрылтайы, дауыс беру жүйесі, саяси партияның қажеттілігі мен жұмысы туралы жазылған. Бұл қазіргі таңдағы өзекті тақырып десек қателеспейміз. Шараны белгілі журналист Нартай Аралбайұлы жүргізіп, қатысушылармен кітапты қызу талқыға салды. Оқырмандар қойған түрлі сауалдардан туындының оларды бей-жай қалдырмағаны байқауға болады. Кітапты«Меломан» дүкендер желісінен сатып алуға болады.