Астана тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша кеш болды. Бұған себеп «Алаш демократиясы. Өркениетті қоғам құру жолында» кітабының тұсаукесері. MEGA SilkWay сауда ойын-сауық орталығында орналасқан MARWIN дүкенінде өткен шараға елорда тұрғындары, саясаттанушы, жазушы азаматтар мен жастар жиналды. Кітап авторы – саясаттанушы Руслан Ақмағанбет. Жоба жетекшісі, баспагер, AmalBooks баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай.
«Демократия жәй ғана ұғым емес, тамыры терең мағына. Қазақ елінің бостандығы үшін өз өмірлерін арнаған алашордалықтар да демократия жолында адал еңбек етіп, тер төкті. Кітапты көпшілікке қарапайым тілде жазып, әдеби немесе ғылыми терминнен алшақтауды жөн көрдік. Заманның талабы солай, түсінікті әрі оңай. Бұл жас оқырман үшін де қазақтың төл тарихын баяндайтын таптырмас құрал. Кітаптағы деректер арнайы тарихи жинақтардан алынды. Оқырмандарға Алаш демократиясы мен өркениетті қоғамды қалыптастыру жайында дұрыс бағыт береміз деп ойлаймын», – дейді баспагер Бақытжан Бұқарбай.Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев кітаптың ресми тұсауын кессе, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі спикер Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау хатын жеткізді.