IT хабтың халі бұл...
IT хабтың халі бұл...
Мұнай мен газ мәңгі емес. Мұны зерделеген ел жаңа технология кеңістігіне ығысады. Ол үшін не істемек керек? Қайтсек технологияда қарыштап дамимыз? Елі­міздегі IT хабтың қазіргі ахуалы қалай? Бағамдап көрсек. Хаб жұмысының дөңгелеуіне стартаптың үлесі зор. Қазір бүкіл ел болып қолданып жүрген Kaspi.kz алғашында стартап болған. Ал жүр­гізушінің «жауына» айнал­ған «Сер­гек» те IT жобаның қар­лығаш­ы. Оған Kolesa Group, ChocoFamily-ді қосыңыз. Бүгінде бәрі қанатын кеңге жайғанымен, әлі де әлемдік нарықта орныққан жоқ. Егер мем­лекет демеп жіберсе, біраз жерге ба­ратын түрі бар. Осыған орай, тө­менде мемлекет көңіл бөлген жа­ңа технология жемісін тізбелейміз.  

Astana Hub-тың әлеуеті

Ал Astana Hub-қа келсек, тех­нопаркте 6 легі бойынша 138 стар­тап жоба жасалды. Орталық­тың атқарушы директоры Әділет Ерғалиұлының сөзінше, қолда­ныс­тағы жобалардың жалпы кірісі 1 миллиард теңгеден асады. Тар­тылған инвестицияның жалпы сомасы 6,97 млрд теңге. Жалпы, Astana Hub жұмысын бастағаннан бері 300-ден астам жоба тәй-тәй басқанымен, 200-ге жуығы ғана нарықта жүр. Ішінде өмір сүруін тоқтатқаны, стартапты әрі қарай дамыта алмағаны немесе жол ортада тастап кеткендері бар. Сондай-ақ жобаның екінші ты­нысын ашып, ғұмырын ұзарта біл­гендер жоқ емес. Әділет Нұрғожин­нің айтуынша, бұл жоба жетекшісі мен халықтың көзқарасына тікелей байланысты. Өйткені келешегі бар деген стартап иесі көбінесе мемле­кетке иек артады екен. Әрі қарай жетілуге, үйрену мен байқап кө­рудің орнына ша­руаның денін хабқа итере салғысы келеді. Алайда арасында еңбегімен талайды таң­дандырып, шетелмен байланыс орнатқан компаниялар бар.
Үйренем дегенге, мықты ком­пания құрам дейтінге Astana Hub-тың есігі ашық. Себебі мұнда сіз ак­селерациядан өтесіз. Бұл не дер­сіз? Акселератор – бұл тәлім­герлік, оқыту және сараптамалық қолдау арқылы бизнесті құруға ба­ғытталған технологиялық стар­тапты дамытудың қарқынды бағ­дарламасы. Нәтижесі де көңіл қуан­тады. Осы жолы акселера­ция­дан сәтті өткен жобалар: Kompra, Billboard Video. Antidolg, dbt.kz, reKassа мен SmartRemont.
Бағдарлама арқылы білім алып, стартабын өндіріске жібергендер хабтың резиденті атанады. Рези­денттер 5 жыл бойы мемлекет са­лы­ғынан босайды. Тиісінше са­лық­тан үнемдеген ақшасын ком­пания игі­лігіне жаратуы керек. Astana Hub де­регінше, 2019 жылы салық төле­меген компаниялар 816 млн теңге­ден астам қаражатты үнемдеген. Сәй­кесінше, компания 5 жыл салық төлемегенімен, жыл сайын тапқан табысының 1 па­йызын хабқа ауда­рады. Бұл орта­лық жұмысын өр­кендетіп, алға жылжуға көмектеседі. EXPO павильондарының бі­рінде орын тепкен орталық әлем­дегі ең ірі технологиялық көрме­лер­ге қатысады. Мәселен, 2019 жы­лы технопарк алыс-жақын шетел­ге 9 рет сапарлап, 19 стар­тапты таныстырып қайтты. Атқарушы директордың ай­туынша, Astana Hub-та технология­лық жобаға қарағанда бағдарлама­лық, яғни қосымша түрдегі стартап көп. Мәселен, оған Руслан Абраев­тың medical.kz, Мағжан Мәдиевтің naimi.kz бағдарламасын жатқызуға болады. Бағдарлама демекші Ер­жан Рысқалиевтің Clockster жо­басы – орталық мақтанышы. 2018 жылы қаңқасы құрылған стартап қазір еліміздегі бірнеше мекеменің көмекші құралы. Өйткені бұл ар­қылы қызметкердің қашан жұ­мысқа келгенін, сыртқа шыққа­нын бәрін қадағалап отыруға бо­лады. Жүйе саусақ таңбасы мен Face ID арқылы жұмыс істейді. Clockster-дің айлық ақысы – 17 мың теңге. Astana Hub келтірген мәліметке сүйенсек, жоба арқылы компания жалақы қорын 10 па­йызға қысқарта алады. Сонымен қатар Kid Security мен Big Dream-нің де аяқ алысы жаман емес. Алғашқысы арқылы баланың жүріс-тұрысын қадағалай аласыз. Мектепте кіммен сөйлесті, не жайт орын алды, бәрін білуге болады. Мектепке кірген-шыққа­ны туралы хабарлама келеді. Елі­мізде бұл бағдарламаны біразы қолданып жүр екен.  

Үлкен арман иесі

Хабқа барғанымызда Big Dream-нің негізін салушы Аль­ми­ра Әлимен сұхбаттастық. Бастап­қыда AR in education стартап жо­басын жасаған ол қазір Польшамен байла­ныс орнатқан. Білімнің да­муына үлес қосып жүрген Альмира кітап басумен айналысады. Қандай кітап дерсіз? Телефонға арнайы қосымша жүктеу арқылы Big Dream кітап­та­рын 3D форматта оқи аласыз. Әліп­пе, Астрономия, Анатомия мен Астана жайлы кіта­бы бар компания өнімін елде ғана емес, шетел де тұтынады. Олар ба­сып шығарған Астрономия мен Анатомияны поляктар өз тіліне аударып, басуды өтінген. Альми­раның айтуынша, олар алғашқы партияны Қап тауынан асырып жіберген. Сондай-ақ Big Dream-ге португалдың Estadio Didactico ком­паниясынан ұсыныс түскен. Білсеңіз, олар әлемнің жетекші компанияларымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Қазақстандық компания әзірге келісімшартты пысықтап жатыр.
Стартап жасау оңай жұмыс емес. Оған арнайы дағды мен бе­йім қажет. Жасап шыққан күннің өзінде оны уақыт иіріміне сай да­мытып, зерттеу керек. Сондықтан технопаркте CISCO, IBM, Huawei, Intellisense сияқты компания­лар­дың 16 R&D-орталығы жұмыс істейді. Бұл не үшін қажет дерсіз. Мұнда кеңес беру, техникалық са­раптама жүргізу, арнайы жабдық­тар мен бағдарламалық қамтамасыз ету қолжетімді. Осы мақсатта Astana Hub-та 122 кездесу өтіп, оған 2 500-ге жуық тыңдаушы қатысқан.
Сонымен қатар IT-стартап­тардың халықаралық технопар­кінде стартаптарды дамытудың тегін бағдарламасы бар. Бастысы, сіз әлеуетті инвесторларды жоба­ңыз арқылы қызықтырып, инвес­тиция тартуға күш салуыңыз керек. Бұ­ларды бизнес періштелер деп атай­ды. Сәйкесінше, өткен жылы 15 стартап жоба инвесторлар алдында сұрыпталған. Бірақ Әділет Ерғалиұ­лының айтуынша, елімізде инвес­торлар IT салаға әлі де кү­мәндана қарайды. Орталық шетел­дегідей бір жобаға 10-15 инвестор емес, бір инвесторға 10 жобаны бірден таныс­тыруға мәжбүр. Елі­міздегі қалталы азаматтар жас са­лаға салым салған­нан гөрі, пәтерді жалға беруді жөн көреді екен. Бі­рақ атқарушы ди­ректор жобалар қанатын кеңге жай­ған сайын, ин­вестиция салу мә­дениеті қалып­та­сатынына сенеді. Осындайда Эштон Кутчер атты актер еске түседі. Ол Брэд Питтей танымал емес, киноға Леонардо Ди Каприодай жиі түспейді. Бірақ жылдық табысы 1 млрд долларға жетеғабыл. Өйткені ол – инвестор. Инвестор болғанда да шамасын білетін, алысты, ақшаның «иісін» сезе алатын инвестор. Эш­тон Airbnb, Uber, Shazam, Skype сияқты жобаға инвестиция салған. Тізімді толықтыра түсуге болады. 10 млн доллар салып, 100 млн доллар пай­да тапқан стартабы жетерлік. Әри­не, бастапқыда Кутчер де құлап, қайта тұрған. Алайда IT саласының ертеңі барын әлі күнге аузынан тастамайды. Олай демей қайтсын? Кинодан гөрі инвестициядан көбірек табыс тауып отыр емес пе?  

Шетелде ше?

IT хаб дегенде көз алдымызға Америка мен Үндістаннан гөрі Минск елестейді. Өйткені қазір Беларусь мемлекеті бұл салаға қол­ды молынан салып отыр. Бұрын жаңа технологияны дамытамын деп Ресей асқандар қазір Минскіге ағылуда. Қандай артықшылық дей­сіз ғой. Мұнда стартапты жа­сауға ер­кіндік бар. Еркіндік де­геніміз не? Стартаперлердің дені тапсырысқа бола жұмыс істеу идея мен ұмты­лыстың қас жауы екенін жиі айтады. Сондықтан олар мем­лекет көңілінен шығатын стартап жасап әуре бол­майды. Инвесторды қызықтыра алса болғаны. Егер атағы жер жарып, ауқымы кеңіп жатса мемлекет те жәрдемдеседі екен. Atomico инвес­тиция қоры үшін Минск Еуропадағы стартапқа қолайлы қала. Беларусь IT компа­ниялары қазір әлемнің 67 еліне бағдарлама жасайды.
Беларусь IT өндірісін осыдан 15 жыл бұрын бастады. Елдегі хаб резидент дайындап, оны салықтан босатады. Ал олар салыққа деген ақшасын дамуға жұмсайды. Соңғы деректе көрсеткендей қазір Мин­скіде 752 резидент бар. Сондай-ақ хабта орын жалдау мен тіркелу ар­зан екен. Шетелдік компания­ның мүмкіндік болса Минскіге тартып отыратыны содан.
Бүгінде үздік компьютер бағ­дарламашыларының дені Үндістан азаматы. Amazon, Microsoft, Oracle сияқты компаниялар IT саласын­дағы инвестициясын аталған елге құяды. Өйткені Үндістанның ірі қалаларында технологиялық эко­жүйе қалыптасқан. Astana Hub сынды технопарк көп. Мәселен, 2050 жылы Жапонияда роботқа жауапты қызмет жүктеуі мүмкін. Бәріміз жиі еститін ақылды қала термині ауқымын кеңейтеді-міс. Осы орайда, біздің де Алматы мен елордада ғана емес, өзге өңірді де жоғары технология әлеміне тарт­қанымыз жөн. Мұны министр А.Жұ­мағалиев те айтқан-ды. Нұр-Сұлтан қаласындағы экожүйенің даму динамикасын ескеріп, өңір­лерде стартаппен жұмыс істеу тә­жірибесін енгіземіз деген еді.    width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ