Мұнай мен газ мәңгі емес. Мұны зерделеген ел жаңа технология кеңістігіне ығысады. Ол үшін не істемек керек? Қайтсек технологияда қарыштап дамимыз? Еліміздегі IT хабтың қазіргі ахуалы қалай? Бағамдап көрсек. Хаб жұмысының дөңгелеуіне стартаптың үлесі зор. Қазір бүкіл ел болып қолданып жүрген Kaspi.kz алғашында стартап болған. Ал жүргізушінің «жауына» айналған «Сергек» те IT жобаның қарлығашы. Оған Kolesa Group, ChocoFamily-ді қосыңыз. Бүгінде бәрі қанатын кеңге жайғанымен, әлі де әлемдік нарықта орныққан жоқ. Егер мемлекет демеп жіберсе, біраз жерге баратын түрі бар. Осыған орай, төменде мемлекет көңіл бөлген жаңа технология жемісін тізбелейміз.
Astana Hub-тың әлеуеті
Ал Astana Hub-қа келсек, технопаркте 6 легі бойынша 138 стартап жоба жасалды. Орталықтың атқарушы директоры Әділет Ерғалиұлының сөзінше, қолданыстағы жобалардың жалпы кірісі 1 миллиард теңгеден асады. Тартылған инвестицияның жалпы сомасы 6,97 млрд теңге. Жалпы, Astana Hub жұмысын бастағаннан бері 300-ден астам жоба тәй-тәй басқанымен, 200-ге жуығы ғана нарықта жүр. Ішінде өмір сүруін тоқтатқаны, стартапты әрі қарай дамыта алмағаны немесе жол ортада тастап кеткендері бар. Сондай-ақ жобаның екінші тынысын ашып, ғұмырын ұзарта білгендер жоқ емес. Әділет Нұрғожиннің айтуынша, бұл жоба жетекшісі мен халықтың көзқарасына тікелей байланысты. Өйткені келешегі бар деген стартап иесі көбінесе мемлекетке иек артады екен. Әрі қарай жетілуге, үйрену мен байқап көрудің орнына шаруаның денін хабқа итере салғысы келеді. Алайда арасында еңбегімен талайды таңдандырып, шетелмен байланыс орнатқан компаниялар бар.Үйренем дегенге, мықты компания құрам дейтінге Astana Hub-тың есігі ашық. Себебі мұнда сіз акселерациядан өтесіз. Бұл не дерсіз? Акселератор – бұл тәлімгерлік, оқыту және сараптамалық қолдау арқылы бизнесті құруға бағытталған технологиялық стартапты дамытудың қарқынды бағдарламасы. Нәтижесі де көңіл қуантады. Осы жолы акселерациядан сәтті өткен жобалар: Kompra, Billboard Video. Antidolg, dbt.kz, reKassа мен SmartRemont.Бағдарлама арқылы білім алып, стартабын өндіріске жібергендер хабтың резиденті атанады. Резиденттер 5 жыл бойы мемлекет салығынан босайды. Тиісінше салықтан үнемдеген ақшасын компания игілігіне жаратуы керек. Astana Hub дерегінше, 2019 жылы салық төлемеген компаниялар 816 млн теңгеден астам қаражатты үнемдеген. Сәйкесінше, компания 5 жыл салық төлемегенімен, жыл сайын тапқан табысының 1 пайызын хабқа аударады. Бұл орталық жұмысын өркендетіп, алға жылжуға көмектеседі. EXPO павильондарының бірінде орын тепкен орталық әлемдегі ең ірі технологиялық көрмелерге қатысады. Мәселен, 2019 жылы технопарк алыс-жақын шетелге 9 рет сапарлап, 19 стартапты таныстырып қайтты. Атқарушы директордың айтуынша, Astana Hub-та технологиялық жобаға қарағанда бағдарламалық, яғни қосымша түрдегі стартап көп. Мәселен, оған Руслан Абраевтың medical.kz, Мағжан Мәдиевтің naimi.kz бағдарламасын жатқызуға болады. Бағдарлама демекші Ержан Рысқалиевтің Clockster жобасы – орталық мақтанышы. 2018 жылы қаңқасы құрылған стартап қазір еліміздегі бірнеше мекеменің көмекші құралы. Өйткені бұл арқылы қызметкердің қашан жұмысқа келгенін, сыртқа шыққанын бәрін қадағалап отыруға болады. Жүйе саусақ таңбасы мен Face ID арқылы жұмыс істейді. Clockster-дің айлық ақысы – 17 мың теңге. Astana Hub келтірген мәліметке сүйенсек, жоба арқылы компания жалақы қорын 10 пайызға қысқарта алады. Сонымен қатар Kid Security мен Big Dream-нің де аяқ алысы жаман емес. Алғашқысы арқылы баланың жүріс-тұрысын қадағалай аласыз. Мектепте кіммен сөйлесті, не жайт орын алды, бәрін білуге болады. Мектепке кірген-шыққаны туралы хабарлама келеді. Елімізде бұл бағдарламаны біразы қолданып жүр екен.
Үлкен арман иесі
Хабқа барғанымызда Big Dream-нің негізін салушы Альмира Әлимен сұхбаттастық. Бастапқыда AR in education стартап жобасын жасаған ол қазір Польшамен байланыс орнатқан. Білімнің дамуына үлес қосып жүрген Альмира кітап басумен айналысады. Қандай кітап дерсіз? Телефонға арнайы қосымша жүктеу арқылы Big Dream кітаптарын 3D форматта оқи аласыз. Әліппе, Астрономия, Анатомия мен Астана жайлы кітабы бар компания өнімін елде ғана емес, шетел де тұтынады. Олар басып шығарған Астрономия мен Анатомияны поляктар өз тіліне аударып, басуды өтінген. Альмираның айтуынша, олар алғашқы партияны Қап тауынан асырып жіберген. Сондай-ақ Big Dream-ге португалдың Estadio Didactico компаниясынан ұсыныс түскен. Білсеңіз, олар әлемнің жетекші компанияларымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Қазақстандық компания әзірге келісімшартты пысықтап жатыр.Стартап жасау оңай жұмыс емес. Оған арнайы дағды мен бейім қажет. Жасап шыққан күннің өзінде оны уақыт иіріміне сай дамытып, зерттеу керек. Сондықтан технопаркте CISCO, IBM, Huawei, Intellisense сияқты компаниялардың 16 R&D-орталығы жұмыс істейді. Бұл не үшін қажет дерсіз. Мұнда кеңес беру, техникалық сараптама жүргізу, арнайы жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету қолжетімді. Осы мақсатта Astana Hub-та 122 кездесу өтіп, оған 2 500-ге жуық тыңдаушы қатысқан.Сонымен қатар IT-стартаптардың халықаралық технопаркінде стартаптарды дамытудың тегін бағдарламасы бар. Бастысы, сіз әлеуетті инвесторларды жобаңыз арқылы қызықтырып, инвестиция тартуға күш салуыңыз керек. Бұларды бизнес періштелер деп атайды. Сәйкесінше, өткен жылы 15 стартап жоба инвесторлар алдында сұрыпталған. Бірақ Әділет Ерғалиұлының айтуынша, елімізде инвесторлар IT салаға әлі де күмәндана қарайды. Орталық шетелдегідей бір жобаға 10-15 инвестор емес, бір инвесторға 10 жобаны бірден таныстыруға мәжбүр. Еліміздегі қалталы азаматтар жас салаға салым салғаннан гөрі, пәтерді жалға беруді жөн көреді екен. Бірақ атқарушы директор жобалар қанатын кеңге жайған сайын, инвестиция салу мәдениеті қалыптасатынына сенеді. Осындайда Эштон Кутчер атты актер еске түседі. Ол Брэд Питтей танымал емес, киноға Леонардо Ди Каприодай жиі түспейді. Бірақ жылдық табысы 1 млрд долларға жетеғабыл. Өйткені ол – инвестор. Инвестор болғанда да шамасын білетін, алысты, ақшаның «иісін» сезе алатын инвестор. Эштон Airbnb, Uber, Shazam, Skype сияқты жобаға инвестиция салған. Тізімді толықтыра түсуге болады. 10 млн доллар салып, 100 млн доллар пайда тапқан стартабы жетерлік. Әрине, бастапқыда Кутчер де құлап, қайта тұрған. Алайда IT саласының ертеңі барын әлі күнге аузынан тастамайды. Олай демей қайтсын? Кинодан гөрі инвестициядан көбірек табыс тауып отыр емес пе?
Шетелде ше?
IT хаб дегенде көз алдымызға Америка мен Үндістаннан гөрі Минск елестейді. Өйткені қазір Беларусь мемлекеті бұл салаға қолды молынан салып отыр. Бұрын жаңа технологияны дамытамын деп Ресей асқандар қазір Минскіге ағылуда. Қандай артықшылық дейсіз ғой. Мұнда стартапты жасауға еркіндік бар. Еркіндік дегеніміз не? Стартаперлердің дені тапсырысқа бола жұмыс істеу идея мен ұмтылыстың қас жауы екенін жиі айтады. Сондықтан олар мемлекет көңілінен шығатын стартап жасап әуре болмайды. Инвесторды қызықтыра алса болғаны. Егер атағы жер жарып, ауқымы кеңіп жатса мемлекет те жәрдемдеседі екен. Atomico инвестиция қоры үшін Минск Еуропадағы стартапқа қолайлы қала. Беларусь IT компаниялары қазір әлемнің 67 еліне бағдарлама жасайды.Беларусь IT өндірісін осыдан 15 жыл бұрын бастады. Елдегі хаб резидент дайындап, оны салықтан босатады. Ал олар салыққа деген ақшасын дамуға жұмсайды. Соңғы деректе көрсеткендей қазір Минскіде 752 резидент бар. Сондай-ақ хабта орын жалдау мен тіркелу арзан екен. Шетелдік компанияның мүмкіндік болса Минскіге тартып отыратыны содан.Бүгінде үздік компьютер бағдарламашыларының дені Үндістан азаматы. Amazon, Microsoft, Oracle сияқты компаниялар IT саласындағы инвестициясын аталған елге құяды. Өйткені Үндістанның ірі қалаларында технологиялық экожүйе қалыптасқан. Astana Hub сынды технопарк көп. Мәселен, 2050 жылы Жапонияда роботқа жауапты қызмет жүктеуі мүмкін. Бәріміз жиі еститін ақылды қала термині ауқымын кеңейтеді-міс. Осы орайда, біздің де Алматы мен елордада ғана емес, өзге өңірді де жоғары технология әлеміне тартқанымыз жөн. Мұны министр А.Жұмағалиев те айтқан-ды. Нұр-Сұлтан қаласындағы экожүйенің даму динамикасын ескеріп, өңірлерде стартаппен жұмыс істеу тәжірибесін енгіземіз деген еді.