Қаңтар айының қорытындысы бойынша елімізде 35,8 млрд теңгеге 5 884 көлік құрастырылды. Қазақстан автобизнес қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өндіріс көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 81,9% ұлғайған. Әдеттегідей негізгі өсім жеңіл көлік есебінен болып отыр. Өндіріс 67%-ға өсіп, 5 161 дана автокөлікті құрады. Жүк көлігін өндіру де 8 есе артып, 549-ға жетті. Дегенмен автобус шығару көлемі бұрынғы қалпынан аспаған. «Өткен жылы автомобиль өндірушілер өндірісті екі есе арттырды. Сонымен бірге жеңіл автомобиль жасау саласының еліміздегі машина жасау құрылымындағы үлесі 38%-ға жоғарылады. Биыл да өсім болады деп ойлаймыз. Бірақ оның қалай өсетіні алдағы сатылу нарығына байланысты айқындалады», – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева. Алдын ала болжам бойынша, қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 2 816 дана техника шығарса, өскемендік кәсіпорын «АзияАвто» 2 538 көлік құрастырған. Сондай-ақ Семейдегі «СемАЗ» автоқұрастыру зауыты 296 жүк тиейтін көлік құрастырса, көкшетаулық «КАМАЗ Инжиниринг» 60 техника, «Daewoo Bus Kazakhstan» 32 автобус шығарыпты. Осылайша, жергілікті өндіріс автомобильдері барлық сатылымдардың 61%-нан асты. Яғни, ішкі нарықта сатылған әр үш көліктің екеуі Қазақстанда шығарылған автомобиль. Тәуекел ДУМАН