Астаналық полицейлер түсті металл ұрлаған қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Полицейлер елорданың сол жағалауында ірі электр сымын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты анықтады. Қазіргі таңда алты күдікті қамауға алынды. Олар Ақмола және Жамбыл облысының тұрғындары, үшеуі бұрын істі болған. Тергеу барысында күдіктілердің бір-бірін танитыны анықталды. Күдіктілер қылмысқа мұқият дайындалған. Өз әрекеттерін жоспарлап, әрқайсысының өз рөлдері болған. Күдік тудырмас үшін екеуі арнайы қорғаныш комбинезондарын киіп, түнелге түскен. Сол кезде сыбайластар рация арқылы команданы күтіп тұрған. Барлығы дайын болған кезде олар Mitsubishi Delica көлігіне мініп, ұрланған заттарды алып кеткен. Алынған олжаны олар металл сынықтарын қабылдау пунктіне тапсырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында металл қабылдау мекенжайынан 1 тонна 115 келі мыс кабель тәркіленді. Олардың үш ұрлық оқиғасына қатысы бар екені дәлелденді. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Қазіргі уақытта қылмысқа қатысушылардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған мүлік тәркіленді. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр, – деп Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбшекенов атап өтті.