Елімізде «AMANAT» партиясының бастамасымен «Жер аманаты» жобасы арқылы игерусіз жатқан жерлердің мәселесін шешу жұмыстары жүргізілуде. Партия пәрменімен жайылымдық және шабындық жерлерге қатысты шаш етектен келетін мәселе оңтайлы шешімін табар деген үміт шаруаларды да жігерлендіріп отыр. Осы кезге дейін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» аймақтық комиссиясының үздіксіз жұмысы нәтижесінде үш аудан бойынша 34 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Оның ішінде облысқа қарасты Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандары бойынша пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдалануға берілген жерлерді анықтау, мемлекет меншігіне қайтару және қайта бөлу бағытында тиісті жұмыстар атқарылған.
«Биыл облыста «Жер аманаты» комиссиясы, жергілікті әкімдік, тиісті органдардың осындай бірлескен жұмысы нәтижесінде игерусіз тұрған және заңсыз пайдаланылып жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы 157,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның 34 мыңға жуығы аталмыш аудандардың үлесінде», – дейді «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, комиссия төрағасы Ләйла Төрешова.Негізі, облысқа қарасты елді мекендердің жайылымдармен қамтамасыз етілуі, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, талдау жасау мақсатында игерусіз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары тұрақты. Жайылымдар мәселесін шешу мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобының ықпалымен әр елді мекенде мал жайылымының жерлері белгіленген.
«Былтыр 1 шілдеден бастап жерді пайдаланудың бұзылу фактісі бойынша шаралар қабылдау үшін бизнес процестерді автоматтандыруды және цифрландыруды қамтамасыз етуге бағытталған JerInSpectr пилоттық жобасы іске қосылды. Қазір «ҚазғарышСапары» акционерлік қоғамы ғарыштық мониторинг нәтижелерімен әр аудан бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған егістік, жайылым жерлер туралы ақпараттарды осы платформа арқылы жолдауда. Келіп түскен шаруашылықтардың тізімдеріне талдау жасап, пайдаланған немесе пайдаланбағаны туралы деректерді нақтылау жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр», – деп ойын толықтырды «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының Атқарушы хатшысы.Негізінен, жер мәселесі бойынша облыс орталығымен іргелес қоныстанған үш ауданда тиісті жұмыстар қолға алынған. Соның ішінде бір ғана Шиелі ауданында жерге қатысты мәселе шешімін таппай тұрғаны анықталған. Нақты айтқанда, ауданға қарасты 22 елді мекен болса, соның ішінде Жаңатұрмыс, Ақтоған, Еңбекші сияқты ауылдарда жерге қатысты мәселе туындаған. Бұл тұрғыда аудан бойынша «Жер аманаты» аймақтық комиссиясының құзырлы органдармен жер қатынастары мәселелері және жұмыс жоспарының орындалуы бойынша жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартады. Ал Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәлімдеуінше, елді мекендердің жайылымдармен қамтамасыз ету жағдайына талдау жасау, ұтымсыз пайдаланылып жатқан жайылымдарды анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет тарапына қайтару, оны қайта айналымға қосу бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл тұрғыда 2022 жылы пайдаланылмаған және заң бұза отырып пайдаланылған 157,7 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жайылымдар мәселесін шешуге облыста арнайы жұмыс тобы құрылды. Әр ауылдық округ бойынша жайылымның бәріне талдау жасалып, әр елді мекенде мал жайылымының жерлері белгіленді. Соның негізінде бүгінде облыстағы 352,4 мың бас шартты мал басына 4 млн гектар жайылым қажет болса, оның 2,6 млн гектары қамтамасыз етілген, жайылым жеткіліксіздігі 1,4 млн гектар көлемде анықталып отыр», – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз хатшысы Нарқыз Орданбай.Жалпы, облыстық партия филиалы алдағы уақытта да «Жер аманаты» аймақтық комиссиясының құзырлы органдармен жер қатынастары мәселелері бойынша сапалы жұмыстар жүргізетінін мәлімдеп отыр.
Қызылорда облысы