Теннисшілер жарады
Теннисшілер жарады
620
оқылды
Еліміздің теннис әлемінде жақсы жаңалық көп. Жас спортшымыз Томи­рис Нұржан Барселонада өткен Open Banc Sabadell U-14 Champion турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақстан теннис федерациясы мә­лім еткеніндей, 14 жасар теннисші финалда жергілікті ойыншыны 6:4, 6:2 есебімен ұтты. Чемпионға сыйлықты Каталония мэрі тап­сырып, оның жеңіске деген жігерін ерекше атап өтті. Осы жеңісінің арқасында Томирис сегіз үздік теннисшімен бірге сәуір айында Барселонада өтетін жарыста өнер көрсетеді. Бұл дода ATP 500 турнирімен қатар өтеді. Сондай-ақ Юлия Путинцева Әбу-Даби WTA 500 турниріне жолдама алды. Әлемнің 45-ракеткасы іріктеу сайысының финалында дүниежүзілік рейтингте 152-орында тұрған өзбекстандық Нигина Абдураимовамен шеберлік байқасты. Біздің спортшы 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында ол 3 эйс жа­сап, 13 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жаз­ды. Н.Абдураимова 2 эйс, 3 брейкпен шек­телді. Осылайша, Ю.Путинцева 6-12 ақпан аралығында өтетін негізгі жарысқа өтті. Оның алғашқы айналымдағы қарсы­ласы кейін анықталады. Айта кетейік, бұл до­дада Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина да өнер көрсетеді. Рейтингі жоғары болғандықтан, ол жарысты екінші айналымнан бастайды. Айта кетейік, қазақстандық теннисші­лердің әлемдік рейтингтегі орны анықталды. Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 10-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 44-тен 45-ке сыр­ғы­ды. Жұптық сында Анна Данилина 11-сатыда тұрса, Е.Рыбакина 108-ден 111-ге түс­ті. Ерлер арасында еліміздің көшбасшысы Александр Бублик 36-дан 50-ге дейін құлдырады. Есесіне Тимофей Скатов 129-дан 127-ге көтерілді. Бұл – оның спорттық жолын­дағы ең үздік көрсеткіші. Жұптық сында Андрей Голубев 48-ден 47-ге жо­ғарыласа, Александр Недовесов 65-тен 67-ге сырғыды. Спортшылар осы аптадағы жа­рыс­тарда сәтті өнер көрсетсе, бұл рейтингтегі орнын жақсарта алады.