Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жемқор шенеуніктер «жемсауға» айналдырып алды. Бұл – ел Президентінің осы салаға берген бір бағасы. МЖӘ тетігі мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтіп, майшелпек жобаларды сыбайлас компанияларға тендерсіз, тікелей таратуға пайдаланылады. Бұл – Парламент депутаттарының байламы. Осынша теріс бағалар алған тетіктің қажеті бар ма? Болса, оны былықтан қалай арылтуға болады? Сол үшін билік қандай реформа жасап жатыр? Сыбайластықтың «ордасы» Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) Қазақстанда 2005 жылдан бері қолданылып келеді. Ол бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтудың және мемлекеттік маңызды жобаларды дамытуға жеке секторды белсенді тартудың қуатты құралы болуы тиіс еді. Оның үстіне, бұл отандық кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік беріп, оларға кең өріс ашады деп күтілді. Содан «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында 2015 жылғы 31 қазанда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңы қабылданды. Алайда сала елдің де, ел басшылығының да үмітін ақтамай тұр. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев оған көңілі толмайтынын айтты. Ол МЖӘ-нің көптеген жобасы адал емес шенеуніктер мен кәсіпкерлер үшін «жемсауға» айналғанына назар аудартты. Сондықтан Үкіметке мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгі-моделіне көшуді жүктеді. Мемлекет басшысының ұстанымынша, келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуы тиіс. Осы механизмнің тиімділігін арттыру үшін жаңа заң қабылдауға тапсырма берді. 2022 жылғы қыркүйекте Мәжіліс депутаттары да Үкіметке сауал жолдаған болатын. Халық қалаулылары МЖӘ тетігін шенеуніктердің татымды, тартымды жобаларды тендер өткізбей-ақ үлестірудің құралына айналдырғанын айтып, дабыл қақты. Олар МЖӘ жобаларына жергілікті әкімдіктер берген ұсынымдарға толыққанды түгендеу-ревизия жүргізуді ұсынды.
«МЖӘ дегеніміз – әлеуметтік инфрақұрылымды салуға жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін бірегей тетік. Алайда тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік органдар оны көбіне мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өту үшін пайдаланады. Мысалы, Алматыда МЖӘ арқылы автокөлік жолдарын, жүргіншілер жолдарын жөндеген, қаланы абаттандырған, көшені жарықтандыру жүйесін модернизациялаған. Салдарынан оған өзге бәсекелестер жіберілмеген, нақты әріптес алдын ала таңдап алынған, өндіріс құрылмаған. Көкшетау, Щучинск, Кентау және басқа қалаларда да ұқсас мысал көп», – дейді техника ғылымдарының кандидады Самат Ақышев.Ғалым басқа бір қулықтың барын еске салды: әкімдіктер белгілі бір өнімді ешқандай конкурс өткізбей сатып алады да, оны МЖӘ келісімшарты түрінде бекітеді. Ал тексерушілерге мұны өнімге интеллектуалдық меншік құқығының нақты сол компанияға ғана тиесілі болуымен түсіндіреді. Әкімдер қалалардың көшелерін жарықтандыруды, жасыл желектер егіп, абаттандыруды, бейнебақылау камераларын орнатуды, мектептер, ауруханалар, жолдар салуды және басқа жобаларды МЖӘ аясында «бармақ басты, көз қысты» тәсілмен өзі қалаған компаниясына ұстата салуға әуестеніп барады. Құзырлы органдардан да қайран жоқ: бәрі заң аясында жүргізілді. МЖӘ келісімшартымен тұтас спорт кешендерін, тіпті жедел жәрдем стансасын жекенің қолына бере салған әкімдіктер де бар. Сорақысы сол, МЖӘ тетігі мемлекетке әріптес болған жекеменшік компанияға бюджеттен төлем төлеуді қарастырады. Әкімдіктер жеке серіктесінің барлық шығынын өтейді, бюджет қаражаттары есебінен оның таза табысын төлейді. Бұл келісімшарттар ондаған жылға (кем дегенде 5 жылға) бекітіледі, тиісінше осы жылдар бойы әріптес бюджеттен өтемақы алып тұрмақ. Сонымен бірге ол жобалардың елге, халыққа шынайы қайтарымын анықтау мүмкін емес. Ол халықтың әлеуметтік инфрақұрылымға, тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне қол жеткізу проблемаларын шешті ме, өзекті мәселені күн тәртібінен алып тастады ма, оған талдау жүргізу қажет. Бұл салаға бұған дейін Бас прокуратура да ауқымды талдау жүргізген еді. Сонда мемлекеттік органдардың МЖӘ объектілерінің құнын негізсіз қымбаттатып көрсететіні, көрсеткіштерді ұлғайту үшін МЖӘ субъектілері саналмайтын тұлғалармен немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін жеке әріптестермен формалды, жалған шарттар жасасқаны әшкереленді. Әріптестердің шарт аясында қабылдаған міндеттемелерін орындамаған жағдайлары жетерлік. Бас прокуратура МЖӘ-нің аса қымбат, бюджеттен шығынды көп қажет ететін шарттарының басым бөлігі жеке әріптестермен тікелей келіссөздер жолымен жасалғанын атап өтті. Соның кесірінен, әлдеқайда білікті болуы мүмкін бәсекелес компаниялар іріктеуге де қатыса алмай, бірден сырт қалды. Жалпы, сарапшылардың тұжырымдауынша, Қазақстанда МЖӘ жобаларын ілгерілетуде жүйелілік жоқ. Оған жауапты органдардың жұмыс тиімділігін үйлестіру мен талдау жеткіліксіз. Жобалар шектеулі салаларда шоғырланған «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Самат Сағындықовтың хабарлауынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда жалпы құны 2 триллион 114 млрд теңгені құрайтын 1 066 концессиялық және МЖӘ шарттары қабылданған. Соның ішінде 2 триллион 61 млрд теңге тұратын 805 жоба іске асырылып жатыр. Ал жалпы құны 53 млрд теңгеге бағаланған 261 жоба шарттарының мерзімі өтіп кетіпті. Бұдан тағы бір түйткілдің құлағы қылтияды. Бір қарағанда, МЖӘ жобаларының саны көп көрінгенімен, шынында оның басым бөлігі – шағындау жобалар. Нақтыласақ, бүкіл жобаның 1 триллион 222,7 млрд теңгеден астамы небәрі 15 республикалық жобаға тиесілі. Қалған 1 051 жобаға жалпы сомасы 891,5 млрд теңге тиесілі. Демек, бір жобаға орта есеппен миллиард теңгеден де келмейді. Салыстыратын болсақ, мысалы, бір мектепті салу құны орта есеппен 3 миллиард теңге тұратыны мәлім. Мұның сыртында МЖӘ аясында жүзеге асырылатын жобалар санының да тоқтаусыз құлдырап бара жатқаны байқалады. Бастапқыда 2005 жылы жалпы сомасы 77,9 млрд теңгені құрайтын 2 ірі жоба қолға алынса, 2007 жылы – 1 жоба (4,1 млрд), 2016 жылы – 14 жоба (12 млрд), 2017 жылы – 149 жоба (210,5 млрд), 2018 жылы – 279 жоба (887 млрд), 2019 жылы – 261 жоба (159,3 млрд), 2020 жылы – 136 жоба (224,8 млрд), 2021 жылы – 189 жоба (189 млрд) және 2022 жылы небәрі 35 жоба (349,6 млрд теңге) қабылданған.
«Яғни, МЖӘ жобасы міндетті 2 сатыдан құралуы қажет: жеке әріптес объектіні өзі құрады, оны өзі пайдаланады. Басы артық маржиналдылықты, шектен тыс табыстылықты болдырмау үшін, сондай-ақ мемлекет пен жеке сектор арасында тәуекелдерді теңгерімді бөлу үшін инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу алып тасталады, бірлесіп қаржыландыру бойынша шектеу енгізіледі. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке әріптес ретінде қатысуына кедергі қойылады», – деді Әлібек Қуантыров.Әйтпесе, Президент Қ.Тоқаев МЖӘ жобалары құнының 90 пайыздан астамын мемлекеттің міндеттемесі құрайтынын, оның шамамен 30 пайызын таяу жылдары бюджеттен төлеуге тура келетінін ескертіп, сынаған еді. Мемлекет басшысы барлық кәсіпкерлік тәуекел бюджетке артыла салынғанына екпін түсірді. Әкімнің әріптесі болса, шектен тыс табысқа кенеледі, оған негізсіз көп жеңілдік те ұсынылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту аясында МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу көзделіп отыр. МЖӘ жобаларын әлдебір топтар монополияландырып алуын болдырмау үшін оларға антимонополиялық органның келісімін алу міндетті болады. Қалай болғанда, бұл саланы түзейтін тегеурінді, түбегейлі жаңарулар қажет. Себебі бюджетті жүктемеден арылтуы тиіс болған тетік керісінше оны ауыр салмағымен езе бастағандай. Мысалы, қазақстандық МЖӘ орталығының дерегінше, МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттің міндеттемелері 1,6 триллион теңгеден асты. Оның үлкен бөлігін – 172 миллиард теңгеден астамын бюджет биылғы 2 023 әріптеске төлеуге мәжбүр болады. Бұл миллиардтар әкімдер мен министрлерге серіктес болған қандай тұлғаларды байытып жатқаны да беймәлім.