Айлығыңыз шайлығыңызға жетпесе
Айлығыңыз шайлығыңызға жетпесе
235
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында жалақыны индексациялау мәселесі ай­тылды. Бұл ұсынысты Кәсіподақтар федерациясы ортаға тастап отыр. Өйткені мемлекет бірқатар салада айлықтың өсуін қамтамасыз етсе, жеке секторда ол жоқ.  

Заң жұмыс берушінің жағында

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының  бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин министрге жалақыны индексациялауды заң нормасына енгізуді ұсынған бо­латын. Алайда министр Үкіметтің жекеменшік секторға қол сұқпай­тынын, тек ең төменгі жалақы мөл­шерін қадағалау арқылы на­рықты реттеуге тырысып отыр­ғанын жеткізді. Оның айтуынша, ең төменгі жалақы көтерілсе басқа қызметкерлердің де еңбекақысы өспек. Осылайша, бұл барлық деңгейдегі мамандарға әсер етеді. Мемлекеттік секторға келетін болсақ, бұл салада индексация бұрыннан бар. Әр жылы республикалық Бюд­жет туралы заң қабылданғанда бюджеттен қаржыландырылатын жалақы индексацияланады. Кәсіподақтар федерация­сын толғандырып отырған жеке­меншік сектордағы мәселе: «Жа­лақы төлеуді қалыптас­тырудың қазіргі моделі жұмыс берушілерге лайықталған. Яғни, капитал иеле­рін жұмысшыларға жалақыны кем төлеу  есебінен оңай пайда табуға үйретті. Бұл модель кәсіпорын ие­сін қаржыны өнді­рісті, материалдар мен технология­ларды жаңғыртуға және иннова­цияға жұмсауға мәж­бүрлемейді. Керісінше, жұмыс­шыларға жала­қыны кем төлеу арқылы мәселені оңай тәсілмен шешуге, ал барлық түсетін табысты өзінің мүддесіне жаратуға мүм­кіндік береді», – дейді Сатыбалды Телағысұлы. Алайда бұл пікірмен экономист Сапарбай Жобаев келіспейді. «Жеке кәсіпкерлік, компания­ларға мұндай талаптың қажеті жоқ. Бұларда бәсекелестік принципі олардың дамуына байланысты» деп санайды ол. Яғни, экономистің пікірінше, жекеменшік кәсіпорындарда ай­лық маманның біліктілігіне, оның кіріс кіргізу мүмкіндігіне қарай бел­гіленеді. Алайда Кәсіподақтар фе­дерациясы нарықтағы жағдай бұдан өзгеше екенін алға тартады. Сатыбалды Дәулеталиннің ай­туынша, жеке секторда жеткілікті бақылаудың болмауы жалақы таға­йындауда «өзім білемге» салуға мүм­кіндік беріп отыр. «Бізде біліктілік маңызын жо­ғалтып, қызметкердің «қожайын­ға», яғни жұмыс берушіге «жақын­дығы» көбірек ескерілуде. Аталған жалақыны саралау әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп отыр және осы теңсіздік көрсеткішінің өсу теңденциясы байқалуда. Еңбекті бағалау әлеуметтік әділеттілікке ғана емес, экономиканың тиімді­лігіне де әсер етеді. Барлық эконо­мика заңдары бойынша жалдамалы жұмысшылар жалақысын индек­сациялау олардың сатып алу қа­білетін арттырып, экономиканың дамуын ынталандырады. Бұл де­геніңіз инфляцияға қарсы тұру деген сөз», – дейді ол.  

Индексация құнсыздануға алып келеді

Инфляция демекші, индекса­ция­лаудың өзі қызметкерді осы ақшаның құнсыздануынан қорғау мақсатында қабылданатын шара. Дегенмен «Дәл осы жалақыны кө­те­рудің өзі инфляцияға түрткі бо­лып отыр» деген де пікір бар. Әлеу­меттану ғылымдарының кандидаты Рамазан Саттарұлы жыл санап жа­лақыны көтеру теңгенің құнсыз­дануына әсер етіп отыр деген пікірде. «Жалақыны индексация жасау мәселені шешудің бірден-бір жолы емес. Айлық өскен сайын міндетті түрде тауардың бағасы қатар өседі. Бұл инфляцияны шарықтатып жіберетіні сөзсіз. Яғни, экономист болмасам да менің түсінігімде ба­ға­ны тұрақтандыру керек. Мүлдем өсірмей тастау мүмкін емес, әрине. Дегенмен негізсіз өсіруге тосқауыл болуы керек. Мысалы, кеше дүкен­де нанды 100 теңгеге сатып тұрға­нын көрдім. Бидайдың құны да сол қалпы. Өндіріс орындарына сата­тын электр энергиясының құны сол күйінде. Баға қалай өсіп кетті? Осындай қарапайым нәрселер арқылы биліктің бағаны басқара алмайтынын көреміз», – дейді ол. Сондай-ақ әлеуметтанушы Кә­сіподақтар федерациясы ұсынып отырған индексациядан бағаны бақылау тиімдірек деген пікірде. Оның ойынша, осылай ғана бір-біріне байланған себептер шеңбе­рін тоқтатуға болады. Алайда на­рықтық экономикада бағаны шек­теу тиімсіз әдіс екені белгілі. Эко­номистер бұл коррупцияға себеп болатынын айтады. Тек монопо­лист компаниялардың орнататын бағасы жергілікті атқарушы билік­тің бақылауында болуы заңды.  

Еңбек лайықты бағалануы тиіс

Дегенмен айлық табысының тең жартысын азық-түлікке жұм­сайтын қатардағы азаматтар үшін жағдайды реттеудің бір жолы – әділ жалақы тағайындау. Бұл тұста ма­мандардың ойы бір жерден шықты. Әлеуметтанушы Рамазан Сат­тарұлы қызметкердің еңбекақысын қаржылық құпияға жатқызып, оны жарияламау жұмсартып айтқанда бассыздыққа алып келіп отыр­ғанын айтады. «Кімге қанша жалақы қояты­нын өздері біледі. Ешкіммен ақыл­даспайды. Осындай бассыздықты доғаруымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, басшының жалақысы он жұмысшының жалақысынан ар­тық болады. Осыдан барып халық неғұрлым бастық болудың амалын қарастырады. Бұл – дұрыс тенден­ция емес», – дейді ол. Әлеуметта­нушының пікірін экономист те қол­дап отыр. Оның пікірінше, жо­ғарғы жалақы мен төменгі жа­лақының арасы жыл өткен сайын алшақтап барады. Бұл түптеп кел­генде қоғамды екіге жаруы мүмкін. «Мұны үдемелі салықпен рет­теуге болады. Және индексация жасағанда төменгі жалақының мөлшері деңгейінде ғана жалақыға белгіленген соманы қосу керек. Па­йызбен есептеу дұрыс емес. Пайыз бойынша индексация нәтижесінде тапқа бөліну өсіп жатыр», – дейді С.Жобаев. Кәсіпо­дақтар феде­рациясы да индек­са­циялау ме­ханизмі компаниялардың топ-менеджерлері мен өзге са­наттағы жалақысы жоғары қыз­меткерлеріне қолданылмауы тиіс деп санайды. Сондай-ақ Қа­зақстан халқы­ның көп бөлігі үшін жалақы негізгі табыс көзі екенін ескеру керек. Сондықтан халық әділетсіздікті ауыр қабылдайды және бұл әлеуметтік наразылықтың басты факторы. Осыны елеген Мемлекет басшысы да халықтың табысын арттыру, төменгі жалақы мөлшерін көбейтуге ден қойып отыр. Өйткені азаматтардың әл-ау­қатын көтеру қоғамдағы мемле­кет­ке деген се­німді арттырып, биліктің абы­ройын асырады. Бұл мемле­кеттегі тұрақтылыққа жағымды әсер ете­тіні белгілі.   Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ