Соңғы жылдары білім беру мекемелерінің сапасына қатысты жиі сын айтылып жүр. Осыған орай, былтыр балабақшалар, мектептер мен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өтті. Соңғы 5 жылдағы білім ошақтарының жағдайына мониторинг жүргізілді. Бірақ мектеп-балабақшалардың 77 пайызы алғашқы мемлекеттік аттестациядан сүрінген. Мәселенің мән-жайын анықтап көрдік. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, білім беруді дамытудың маңызды құралы – сапаға мән беру. Осы орайда білім мекемелері мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Соңғы 5 жылда мемлекеттік «емтихан» өткізілмеді және білім беру қызметтерінің сапасына наразылықтың артқаны байқалды. Сондықтан сынақтың бұл түрі қайта қолға алынды. Ол мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бармай-ақ жаңа форматта өткізіледі. Министрдің мәліметінше, былтыр 2 363 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтті.
– Оның 77 пайызы алғашқы сәттен өте алмады. Олардың қатарында Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыстарының білім мекемелері бар. Одан бөлек, мектептер мен колледждерді лицензиялау кезінде көптеген мәселе туындады. Мұндағы проблема – құжаттарды дұрыс рәсімдемеу. Осы орайда қызметін лицензиясыз атқарғаны үшін 34 мектепке айыппұл салынды. Білім беру ұйымдары лиценциясыз жұмыс істемеуі керек, – деді Ғани Бейсембаев.Құжатты қашықтан тексеру – қателік Аттестаттау 5 жылда бір рет жүргізіледі. Былтырдан бастап балабақша, мектеп пен колледждер мемлекеттік аттестаттаудан өте бастады. Аттестаттау – сыртқы мониторинг және білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша орындаған жұмыстарын бағалайтын құрал. Сондықтан министрлік аттестаттауды ұзақ уақыт бойы талқылаған. Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, анықталған проблемаларды жоюға бағытталған нақты ұсыныстар беру тетігі болуы керек еді. Ол арқылы білім беру ұйымдарында берілетін білімнің сапасы анықталып, ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалнама жүргізіледі, материалдық-техникалық база, кадр құрамы және басқа да аспектілер бойынша белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады. Яғни, аттестациялау мектепке бармай, қашықтан бағаланады. Астана қаласы 90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, аттестацияға қойылатын талапты күшейтсе, мектептердің 90 пайызы аттестациядан өтпей қалар еді. Себебі қазіргі аттестацияның шарттары тым жеңіл.
– Комиссия мектептерге бармай, қашықтан тексеру жүргізеді. Қағаз жүзінде барлығын тып-тиянақтай етіп жасаған кез келген мектеп аттестациядан оңай өтіп кетеді. Өз басым, аттестациядан қашықтан өткізуді қателік деп ойлаймын. Мектептерге нақты бақылау жүргізілуі керек. Өйткені мектептегі білім сапасы мен тәрбиенің қай деңгейде екенін құжат дәлелдей алмайды. Мектептердің материалдық жағдайы лицензия алатын кезде бір-ақ рет тексеріледі. Одан кейін мектеп базасын ешкім қадағаламайды. Уақыт өте материалдық жағдай қандай болады? Мектеп бүгінгі күннің талабына сай келе ме? Аттестацияны осы жағынан жетілдіріп, қойылатын талабын күшейту керек, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.Тексерудің бұл формасын министрлік халықаралық тәжірибе аясында қабылдадық деп отыр. Яғни, талап бойынша, оқушылардың білім деңгейі бағаланады, кешенді тестілеу өткізіледі. Бастауыш сыныптарда – екі пән, негізгі орташа білім үшін – үш пән, ал жалпы орта білім алушылар төрт пән бойынша тест тапсырады. Кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарында екі салалық пән бойынша тестілеу ұйымдастырылады. Ал мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу аясында ата-аналар арасында сауалнама жүргізіледі. Ендеше аттестацияның қашықтан өткізілуі мектептің сапасының нақты көрсеткіші емес. Лицензиясыз мектептер бар Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізу барысында 56 мектеп лицензиясыз жұмыс істегенін анықтаған. Оның ішінде 40 мемлекеттік, 16 жекеменшік мекеме бар. 42 мектепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл тағайындады. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, лицензиясыз жұмыс істейтін мектептердің ең көбі Астана және Алматы қалаларына, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына тиесілі. «Бүгінде 11 мектеп білім беру қызметіне лицензия алды. Үш мектептің материалы соттың қарауында. 42 мектепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл тағайындау туралы қаулы шығарды» деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауеновтің айтуынша, заңнамаға сәйкес, барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Мектепке білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Лицензияның жоқтығы мектептің жарамдылық тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді.
– Лицензиясыз мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептерге қатысты министрліктің аумақтық департаменттері әкімшілік іс қозғады. Бүгінде сот шешімімен 42 мектепке лицензиясыз білім беру қызметін жүргізгені үшін айыппұл салынды, – дейді Ернұр Дауенов.Министрлік өкілінің айтуынша, егер мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жұмысын тоқтатады. Жалпы, қазір министрлік аттестациядан өтпеген, лицензиясы жоқ мектептерге нақты шара қолдана алмай отыр. Себебі жүздеген бала оқып жатқан бір мектепті жабу білім саласына үлкен ауыртпалық әкеледі. Айталық, аттестаттаудан өте алмаған мектептерге құқықтық шара қолданылып жатқан жоқ. Мектеп мемлекеттік аттестациядан өте алмаған жағдайда оның директорымен келесі өту мерзімі бекітіледі. Ол екі аптадан кейін немесе жарты жылдан кейін болуы мүмкін. Осылайша, екінші рет аттестацияға құжаттарын тапсырады. Егер де екінші рет өтпеген жағдайда онда бұл мектеп профилактикалық бақылауға ілігеді. Кейін аттестаттау аяқталған күні мектепке қорытынды беріледі. Ал тексерістен өте алмаған жағдайда мектеп 5 күн ішінде олқылықтарды түзетуге арналған жоспар жасауы тиіс. Қайта аттестаттау мерзімі кемінде 10 күннен бастап бір жылға дейін созылуы мүмкін. Яғни, мектеп жабылып, директор орнынан босатылмайды. Аттестациядан қалай да болсын өтеді. Білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, аттестациядан өткізу білім сапасын жақсартып жібермейді.
– Білім ошақтарын аттестациялаудан бұрын кемі 5 жылдық толық инвентаризация мен аудит өткізіп тұрмаса, ешқандай аттестация жемісті болмайды. Себебі қазіргі мектептердің біразы Кеңес заманынан бері жұмыс істеп келе жатыр. Олардың материалдық-техникалық базасы толық емес. Жаңартуға қаржы бөлінгенімен, көп жағдайда ол ақша директорлардың қалтасына кетеді. Мектеп директорлары мен меңгерушілері мықты менеджер емес. Сондықтан аттестацияны өткізгенмен ештеңе шешілмейді. Ең бірінші, қазіргі мектеп пен балабақшалардың жағдайын, деңгейін толық зерттеп алу керек. Қолда барды құнттамай жүргізген кез келген реформа нәтижесіз аяқталады, – дейді Өмір Шыныбекұлы.Иә, шетелдік тәжірибе де, жүзеге асып жатқан реформалар да құлаққа жағымды естіледі. Бірақ құжат бойынша мінсіз мектептің шынайы жағдайына көз жеткізбей аттестациядан өткізу оңай. Сондықтан көп сөзден нақты іске көшетін уақыт келді.