Жамбылдық шаруалардың жанайқайы
Жамбылдық шаруалардың жанайқайы
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
454
оқылды
Төрт түлігін көбейткені үшін айыппұл төлей ме? Жамбыл облысы Байзақ ауданының шаруалары бас көтерді. Әкімдік алдына жиналған қожалық иелері «төрт түлігіміздің санын көбейтеміз деп басымыз бәлеге қалды» деп отыр. Олардың сөзіне сүйенсек, орман қорындағы жайылым жерді пайдаланғаны үшін прокуратура қызметкерлері бес миллион теңгеге дейін айыппұл салыпты. Құзырлы органның келтірген дәйегі шаруалар қолындағы малының саны жайылым жер көлеміне сай келмейді. Сондықтан қожалықтарға төрт түлігінің санын азайту керек. Әйтпесе, ірі көлемде айыппұл арқалайды. Осылайша, шерулеген шаруалар аудан әкімдігінің ғимаратын жағалап, өздеріне араша түсуін сұрады.
 – Маған 2 миллион теңгеден аса айып­пұл салып отыр. Оған негізгі себеп – қолымдағы малым жайылым жерден көп екен. Сол үшін айыппұл төлеуіміз ке­рек. Негізі, бір бас малға 7 гектар жер белгі­ленген. Алайда мұндағы шаруалар­дың қолында 500 қойы болса, онда оларға 3,5 мың гектар жер керек. Мұндай жер еш­кімде жоқ. Күні кеше ауданға келген Президент те, облыс әкімі де «шаруаларға мал санып көбейт» деп жатыр. Біз қолдан кел­генше, төрт түлігіміздің санын арт­тырудамыз. Енді осы еңбегіміз үшін айып­пұл төлеуіміз керек пе? Ең болмаса прокуратура айыппұл салатыны туралы алдын ала ескертпей ме? – дейді ашын­ған шаруа Арыстанбек Найзабеков.
Негізі, Байзақ ауданындағы құмды аймақта 130 шаруа төрт түлігін түлетіп отыр екен. Барлығының басындағы мә­селе – осы. Айдың-күннің аманында ма­лы­ның санын көбейткені үшін айып­пұл арқалап отыр. Мәселен, Асылбек Қыдырәлиевтің 173 бас ірі қара, 5 жылқы, 952 ұсақ малы бар болса, жер көлемімен есептегенде 964 бас малы артық екен. Дәл сондай Ален Молда­досовтың – 1243, Қалкен Молда­баев­тың – 57, Тұрғынбай Тойбайдың – 240, Қайрат Тайсенгіровтың – 3138 және Мұ­рат Кукеевтің 2465 бас малы про­куратура қаулысында артық деп көрсетілген. Олар­дың алғашқысына 2 миллион теңге көле­мінде айыппұл салынса, арасында 5 мил­лион теңгеге дейін айыппұл арқа­лағандары бар. Шаруалардың жанайқайына жергі­лікті билік өкілдері басу айтуға тырыс­қанымен, түйткілдің түйінін тарқату тым қиынға түсті. Прокуратура өкілдері өз дегенінен қайтпай, қора аралап қой санағандарын алға тартса, Байзақ аудандық Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекеме­сінің басшысы Бауыржан Желеубай құзырлы органның қаулысы негізсіз деп отыр. Оның сөзіне сүйенсек, прокуратура өкілдері ветеринария бөлімінде тіркелген мал санына қарай қожалықтардың қора­сында тұрған төрт түлігінің ортақ санын шығара салған екен. Ал шын мәнінде, ша­руа­ларда ондай мал болмауы мүм­кін. Сондықтан Орман және жануар­лар дүниесін қорғау мекемесінің өкіл­дері аудандағы төрт түліктің санын түгендеп шығып, содан кейін барып бір шешімге келмек. Алайда егер жайылым жер көлемінен мал саны шын мәнінде көп болса, онда Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі шаруа­ларға артық жер бөліп бере алмай­тынын ашып айтуда. Осы орайда орман қорынан жайылым жер­дің берілу тәртібі және прокуратура мен шаруалар арасында туындаған кикіл­жіңнен шығар жолды Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасынан сұ­раған едік. – Негізі, орман қорынан мал жайы­лымына ұсақ малға – 7 гектар, ірі қараға 5 гек­тар қаралған. Бұрын бұл меже төмен болатын. Яғни, төрт түліктің басына 3-4 гек­тардан белгіленген еді. Міне, Бай­зақтағы шаруалар мен құқық органдары арасындағы кикілжің осыдан туындап отыр. Қожалықтардың қолын­дағы малы жаңа өлшем бойынша бөлінген жерге сыймағандықтан прокуратура өкілдері айыппұл салуда. Бұл мәселені біз өткен жылы көтеріп, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау коми­тетіне хат жолдаған болатынбыз. Алайда ондағылар әлі күнге нақты жауап қай­тармады.
Жалпы, Жамбыл облысында жайылым жер шектеулі. Бүкіл облыс бойынша ор­ман қорындағы 1 миллион 700 мың гектар жер ғана жайылым жер ретінде белгілен­ген. Міне, осы жер шаруалардың бәріне бірдей жетпеуде. Бірақ бұл барлық ауда­нның басынан өтіп жатқан жағдай емес. Мәселен, Мойынқұм ауданындағы орман қорының жері елді мекеннен шалғай орналасқандықтан ол маңға көп шаруалар малын жая бермейді. Оған дәлел, биыл орман қорынан белгіленген 500 мың гектар жайылым жер артылып қалды. Сондықтан Байзақ ауданындағыдай түйт­кіл орман қорының жері жақын орна­ласқан елді мекендерда ғана туындап отыр. Бұл мәселені де біржақты шешу үшін орман қоры жеріне жақын орналас­қан аудандар үшін 2300-ден аса жайылым жердің қосалқы картасын дайындаған болатынбыз. Бірақ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті еліміздің орман қорын 5 пайызға ұлғайту туралы Президенттің тапсырмасын негіз­ге алып, аталған жерді шаруалардың мал жаюына бере алмауда. Сондықтан орман қорындағы жайлым жер мәселесін шешу үшін малдың әр басына белгіленетін жердің бұрынғы мөлшерін қайтару керек, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Данияр Баша­нов.
Жыл басында облыс әкімінің орын­басары Қанатбек Мәдібек өңірдегі төрт түліктің саны 4,4 миллион басқа жетіп, аймақ республика көлемінде екінші орынға көтерілгенін сүйіншілеп жеткізген болатын. Енді міне, Байзақ ауданындағы жағдай осы қуанышты хабарды су сепкен­дей басып отыр. Бір қырынан қара­ғанда, мал санын арттырғаны үшін айыппұл салу ақылға сыймайтын нәрсе. Шаруаларды мұндай ерлігі үшін жазалау­ды емес, ма­дақ­тауды ойлау керек. Сон­дық­тан құзыр­лы орган өкілдері жергі­лікті билікпен бірлесе отырып, бұл мәсе­ле­нің оңтайлы бір шешімін табады деп сенеміз.

 Жамбыл облысы