Тасқын су, сенде бір мін бар...
Тасқын су, сенде бір мін бар...
478
оқылды
Жыл сайын тұтас елді әбігерге салып, елді мекендер мен инфра­құрылымдарға орасан зор қауіп төн­діріп, қыруар шығынға батыра­тын су тасқыны биыл да аса өткір күйде. Соңғы бірнеше жыл ішінде ел экономикасына қаржылай аса ірі мөлшерде зиян келтірген жағдай­лардың алдын алу әлі де болса бір ізге салынбай келе жатқаны көңілге қаяу салады. Дегенмен көктемгі күрт жылынудан кейінгі тасқын су­дың алдын алатын тиісті шаралар­дың жеткілікті мөлшерде жүргізіл­мей жатқаны алаңдатады... Облыс дайындығын сынға алды Өзен-көлдердің арналары тазартыл­мауы, түбіне шөккен қоқыс пен қалың қамыстың судың ағып өтуіне кедергі ту­ғызуы, апатты жағдайға жеткен гидротех­ни­калық құрылымдардың жыл санап көбеюі түйінді жағдайларды одан сайын ушықтырып тұр. Ақмола облысында да 128 елді мекенге тасқын судың қаупі төнгенін төтенше жағ­дайлар қызметі алдын ала жария еткен. Аталған ауылдар мен қоныстарда 4071 үйде 13 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Яғни, осынша адамның тұрмысы мен тіршілігіне су тасқыны ауыр зардабын ти­гізуі мүмкін. Төтенше жағдайлар ми­нистрі де өңірде бірнеше елді мекендерде су тасқынына әзірліктің өте сылбыр еке­нін Үкімет үйіндегі отырыста қадап айт­қан. Әсіресе, елорданың іргесіндегі Нұра өзе­нін жағалай қоныс тепкен Целиноград ау­данына қарасты Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы жағдайды сын садағына алды.
– Ақмола облысы – су тасқыны қаупі аса жоғары аймақтардың ішінде алғашқы­лардың қатарында. Өңірде өзен арнала­рын тазарту жұмыстары толық көлемде жүргізілмеген. Елорда жанындағы Ра­қым­жан Қошқарбаев атындағы ауылда Нұра өзенінің жағасын нығайту үшін қаржыландыру мәселесі әлі де болса шешімін таппай келеді, – дейді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
«Ауыл бейіті түгел құлайды» Рақымжан Қошқарбаев ауылының іргесіндегі бейіт бірнеше жылдан бері Нұра өзенінің жанынан құм мен қиыр­шық тасты елорда құрылысына таси бергендіктен опырылып құлай бастаған. Жайылған өзен арнасы бейітті шайып, қабірдегі мәйіт сүйектері жыл сайын өзенге ағып кетеді. Жергілікті тұрғындар жандарына батқан ащы жанайқайын жыл сайын көтергенімен күні бүгінге дейін аталған мәселеде еш әрекет жасалмаған. Тұрғындар жергілікті атқарушы билік пен облыстық мәслихат депутатының айтқан уәдесінде тұрмағанын ашына жеткізді.
– Бейітті одан сайын шаймас үшін өзен арнасын өзгерту мәселесі туралы былтыр облыс әкіміне кіре алмағандықтан арнайы хат жаздық. Әкім мәселені Целиноград ауданы әкімдігіне тапсырды. Жиын өткізіліп, жергілікті «Ен дала» ЖШС басшысы әрі облыстық мәслихат депутаты Тимур Пішенов пен жергілікті аудан әкімдігі күзге қарай бәрін «қа­тырамыз» деп уәдені үйіп-төкті. Бірақ күз түгіл, көктемге сәл қалса да күні бү­гінге дейін шыбық басы сынған жоқ. Аудан әкімдігі жоба жоқ болғандықтан істеуге құқы жоқ екенін айтып шығарып салды. Бейітпен қоса, қазір ауылдың іргесіндегі бірталай үйлерді де сыз басып, су шаю қаупі төнген. Оған да бетон қоршау тұрғызу мәселесі қаралып, 40-45 миллион қаржы бөлінуі тиіс болған. Алайда құрғақ қасық ауыз жыртып, күзде де, қыс та да өзен арнасын нығайту, ар­насын бұруға еш техника жолаған жоқ. Биыл бейітті толығымен құлатып та кетуі ғажап емес. Ондай болса мәйіт сүйектерін қапқа салып, алаңға шығудан басқа ама­лымыз жоқ, – дейді Рақымжан Қош­қар­баев ауылының тұрғыны Сейіт Ыбыраев.
Түйінді мәселенің қазіргі жайын біл­мек болып, Целиноград ауданының әкімі Бахидбек Оспанбековпен тілдеспек болдық. Бірақ бұл әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Аудан әкіміне бірнеше күн бойы хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын көтермеді. Аудан әкімінің орын­басары Серік Оспановты де бірнеше мәрте телефон шалып жүріп, әзер ұста­дық. Орынбасар қарамағындағы қызмет­керлердің бірі хабарласатынын айтты. Ақыры әкімдік маманы Асылхан деген жігіт бар жағдайды тәпсірлеп берді.
– Осы жылдың 19 қаңтарында Тө­тенше жағдайлар министрлігі, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, аудан әкімдігі, Р.Қошқарбаев ауылынан арыз­данушы Е.Муфа т.б. қызмет өкілдері комиссия құрып, өзен арнасына барды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық бөліміне жобалық-зерттеу жұмысын ЖЗЖ жасауға тапсырма берілді. Экология министрлігіне осыдан екі жыл бұрын 2020 жылы Нұра өзенінің жағасын нығайтуға табиғатты пайдалануды реттеу облыстық басқармасымен 269 миллион теңге сомасындағы жобалық-сметалық құжаттама жасалып, оны қаржыландыру үшін Экология министрлігіне өтінім жолданған. Өткен жылдың қыркүйегінде облыс әкімдігі мен Экология министр­лігіне өтінім қайта жолданды. Бірақ бү­гінге дейін қаржы бөлінген жоқ. Экология министрлігінің су комитетінің мәліме­тінше, осы жылдың бірінші тоқсанында жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 269 миллион теңге бөлу жос­парланған. Ал бейіт маңына өзеннің тарамданған арнасын түзу етіп бұру, өзенге кеткен адамдардың сүйегін қайта көму жұмысына жобалық-зерттеу жұ­мысы жүргізілмек. Жұмыстар аяқталған­нан кейін жоба конкурсқа беріліп, қар­жылан­дыру сұралмақ, – деді Целиноград ауданы әкімдігінің маманы Асылхан Өмірсерік.
Өңірде тасқын судың арыны қатты болатынын Төтенше жағдайлар депар­таменті де болжап отыр. Ведомтствоның мәліметінше, елді мекендерді су шаюы­нан қорғау үшін өңірдің 15 ауданында ауылдарды инженерлік қорғау бо­йын­ша жоспарлы іс-шаралар өткізілген. Атбасар, Аршалы, Біржан сал және Сан­дықтау аудандарында өзен арналарының 5 мың метрден астам өзен арналары, Көкшетау, Астрахань, Атбасар және Бурабай ау­дандарында 15 мың метрден астам су бұру каналдары тазартылып, өзен жағаларында 5 мың метрден астам бөгендер ны­ғай­тылған. Сондай-ақ биыл өзендердің бетіндегі мұз жабынын әл­сіретіп, судың мұздың арасынан кедергісіз өтуі үшін мұз жаруға да қаржы молай­тылып, 63 миллион теңге бөліген. Тұрғын үйлерді су басып кетпеуі үшін облыс аумағындағы елді мекендерден 407 мың тоннадан астам қар шығарылған.
– Су тасқынына әзірлікті бақылауға алу үшін алты елді мекенге 6 рет рейд жүргізілді. 1 700 адам қатысқан 15 жиын өтті. Биыл 65 елді мекенде 5 шақырымнан астам өзен арналары, 24 шақырым су бұру каналдары тазартылды. 6,5 шақырымнан астам бөгендер нығайтылып, 34 су өткізу құрылымдары салынды. Жабай өзенінде 100 метр су арнасы түзетілді. 20 ақпаннан бастап өңірдің барлық аймағында су тасқынына әзірлік айлығы ұйымдас­тырылмақ. Барлық күш құрылымы мен қажетті техника сақадай сай. Су тасқы­нымен күреске әзірлік жұмыстары жал­ғасып жатыр. Өткен жылдардағы су тас­қыны кезіндегі жағдайлары және қар­дың мөлшері және күзгі уақытта топырақ­тың қатып қалу және жібу жайын ескере келе, облыс аймақтарында қауіп-қатер дәре­жесінің қаншалықты екені анықталды. Бүгінде облыста Целиноград, Атбасар, Аршалы, Сандықтау, Астрахань және Шортанды аудандарында су тасқыны аса қауіпті аймақ саналып отыр. Ерейментау, Зеренді аудандарында орташа су тасқыны қаупі бар, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев.
  P.S.

Бір айта кетерлігі, жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, өзен арналары тазарты­лып, бөгендер нығайтылып, тиісті іс-шара­лар жүргізілгенімен, тұтас жолдарды, ауылдарда үйлерге дейін су шайып кететін жайттар жиі кездеседі. Мәселен, бір Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы өзен арнасын нығайту үшін берілген қаржының екі жыл өтсе де бөлінбеуі – осының нақты айғағы. Сылбыр әрекет пен жемқор­лыққа жол берілгенінің салдары емес деп кім айта алады? Өзекті мәселе шешімін табу үшін тиісті органдардың тегеурінді әрекетін халық қашанғы күтпек? Тиісті билік ор­гандары мәселеге жауапкершілікпен қа­рауға қашан көшеді?!