Атыраулықтардың концерт залын күткеніне 13 жыл болды
Атыраулықтардың концерт залын күткеніне 13 жыл болды
2,048
оқылды
«Бәлен жерде бақыр бар, барсаң, бақыр түгіл тақыр жоқ» деген мақал кейде біздің ХХІ ғасырға арнап айтылғандай көрінеді. «Әне-міне» деумен атыраулықтардың концерт залын күтіп жүргеніне тура 13 жыл толып отыр. Кезінде «1 200 орындық зал бо­ла­ды» деп жалаулатқан құрылысқа қыз­ды-қыздымен 3,7 млрд теңге бөлінген еді. Сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиев «Атырауда бұрын-соңды болмаған мәдени ошақ 2013 жылы пайдалануға беріледі. Осыдан артық не керек?» деген еді бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Сол уақыттан бері, міне он үш жыл өтті. Жарым-жартылай салынған ғимарат қазір қарқынды дамып жатқан Әбілхайыр хан даңғылында қаланың сиқын кетіріп тұр. «Жемқорлыққа салынған ескерт­кіш» құрылысын кейінгі облысты бас­қаруға келген әкімдер оқтын-оқтын жалғастырмаққа ұмтылуда. Бі­рақ дәл осы концерт залына келген­де атқару­шы биліктің де, инвестордың да жолы болмай тұр. Концерттік зал құрылы­сын дереу қолға алмақ болған облыс әкімдерінің қатарында Бақты­қожа Ізмұхамбетов, Нұрлан Ноғаев, тіп­ті Махамбет Досмұхамбетов те болды. Атышулы Бергей Рысқалиевтен кейін Атырауды басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетов кезінде 1 200 орындық концерт залының орнына балабақша салуды ұсынған еді. «Бізге концерт залы не үшін керек? Концерт залының құрылысын аяқтауға жұмсалатын ақшаға 4 үлкен ғимарат салуға болады. Концерт залын бұзып, содан соң тексеру жүргізіп, материалдарының қайсысын пайдалануға болатынын қарау керек деп есептеймін» деген Бақтықожа Ізмұхамбетов орнына балабақша салуға шақырған еді. Кейін Нұрлан Ноғаев облыс әкімі болып тұрған уақытта Атырау билігіне француздық компанияның жолық­қаны туралы ақпарат шықты. «Бола­шақ­та аталған құрылыс нысаны кон­церттік зал ретінде қалдырылып, жа­ны­на мәдени сауықтыру кешені қоса салынады. Яғни, бұл шаруа фран­цуз­дық компания тарапынан салынатын инвестиция арқылы жүзеге асады» деп уәде берді сол кездегі атқамінерлер.
Былтырғы жылдың қыркүйегінде Атырау қаласының әкімі концерттік залдың құрылысы жалғасатынын мә­лімдеді. «Қазір шаралардың басым көп­шілігі Махамбет атындағы ака­демиялық драма театрында өтеді. Ал оның сыйымдылығы 500-дей адамды қамти алады. Қала халқы 400 мыңға жақындап келеді. Сондықтан мұндай көлемдегі концерттік залдар қалаға қа­жет», – деген еді Мейірім Қалауи Өңір­лік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бірақ әне-міне деп қанша уәде­леткенімізбен, концерттік зал он үш жыл бұрын қалай тұрса, әлі күнге дейін сол қалпында қаңырап тұр. Атырау облысы әкімдігінің бас­пасөз қызметінен жыр болған құры­лыс­тың болашағына байланысты қан­дай шешім қабылданғанын сұра­дық. Әкімдік 1 200 орындық концерт залының құрылысын инвестициялық жоба арқылы жүзеге асыру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады. Атырау концерт залы «Нысанның техникалық жағ­да­йына сараптама – металды және темір­бетонды конструкциялардың жарам­сыз екенін анықтады. Бұған дейінгі берілген, яғни 2013 жылы жүргізілген сараптама нәти­жесінде қайта жөндеу жұмыстарына 5 млрд теңге қосымша қаражат қажеттігі ту­ралы қорытынды берілген болатын. Алайда облыстық мәслихаттың қаралымында нысанды мемлекеттік бюджеттен жалғастырудың мақсат­сыздығы және тиімсіздігі туралы ше­шім қабылданды. Қазір аталған нысанның құрылы­сын инвестициялық жобаға сәйкес бұзу немесе жалғастыру мәселесі қа­рас­тырылуда» деп түсінік берді Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Кезінде «Атырау дәрі-дәрмек шы­ғарады. Бұл – экономиканы әртарап­тандыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба» деп фармацевтикалық зауыттың жарнамасын алаулатқан болатынбыз. 800 млн дәрілік таблетка, 300 млн кап­сула, 78 млн ампула, 3 млн қаптама жақпамай және көктамырға құюға ар­налған 12 млн флакон ерітінді өндіреді деп мәлімделген фармацевтикалық зауыт құрылысының тұралағанына міне, тура – 9 жыл. Кезінде Атырауда тұрғызылуы тиіс фармацевтикалық зауыт құрылысына қомақты қаражат қаралды. Қаржының 49 пайызын «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бөлді. Корпорация арқылы 800 млн теңге көлеміндегі қаражат зауытқа құрал-жабдық алу үшін бөлінген еді.
«Алайда компания корпорация арқылы бөлінген қаражатты құрал-жабдыққа емес, құрылыс саласына жұмсап жіберген. Қаражат мақсатты жұмсалмағаны себепті, оны қайтару мәселесі көтерілді. Осылайша, жоба тоқтап қалды. Қазір зауытта инфра­құрылым бойынша мәселе жоқ. Жол бар, газ тартылып тұр. Қалай десек те, фармацевтикалық зауытқа елімізде қажеттілік бар. Себебі Қазақстанда дәрі-дәрмек шығарып жатқан үлкен зауыт жоқ. Алматыда, Шымкентте цех деңгейіндегі өндіріс қана бар. Бұл еліміздің қажеттілігі үшін жеткіліксіз», – дейді Парламент Сенатының депу­таты Ғұмар Дүйсембаев.
Облыс әкімдігі зауыт құрылысын жан­дандыру үшін инвестор іздеу үстін­де. Бірақ оған қызығушылық танытқан компания әзірге табылмай тұр. Кезінде қызылды-жасылды жарна­малары жер жарған Атыраудағы «ірі нысандардың» сиқы осындай.

Атырау облысы