Тариф бұрынғы, бірақ төлемақы басқа
Тариф бұрынғы, бірақ төлемақы басқа
352
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер коммуналдық тариф­тер­дің шарықтап кеткеніне наразы. Қыс басталғалы олар жылу қуаты үшін бұрынғыдан екі-үш есе артық төлеп жүр. Әрі мұның себебін түсіне алар емес. Энергетиктер мұны осы жылыту маусымынан бастап мұн­дай нысандар бойынша тұтынатын жылу энергиясының көлемін есептеу кезінде белгілі бір қатынас коэффициентін қолдана бастады деп түсіндіреді. Көпқабатты үйлердің бірінші қаба­тында орналасқан кішігірім дүкен, салон не кеңселердің иелері бірнеше айдан бері коммуналдық шығындардың неліктен шарықтап кеткенін түсіне алмай дал. Бұл үйлердің барлығына кезінде жалпы жылу есептегіш құралдары орнатылған болатын. Жылыту маусымы басталғалы тариф өзгермегенімен, түбіртектегі сома әлде­қайда ұлғайып шыға келді. Кәсіпкерлер онсыз да бұған дейін тұрғындарға қарағанда, үш есе артық төлейтін. Енді мынандай жағдайда оларға бизнеспен айналысу мүлдем қиындап кетті. Ең алғаш олар желтоқсан айында коммуналдық қызметтер үшін түбіртек келген кезде, едәуір ұлғайған соманы көріп, қате кеткен шығар деп аса мән бермепті. Бірақ келесі айында осы жағдай қайталана берген. Мәселен, әсемдік салонының иесі Наталья Абраменко бұған дейін жылу үшін 25 000 теңге төлесе, желтоқсаннан бері 50 000 теңгесін шығындауға мәжбүр екенін айтады. Шағын дүкен иесі де бір шаршы метр үшін тұрғындармен салыс­тырғанда бес есе артық төлейтінін айтады.
«Риск» кәсіпкерлер одағының төра­ғасы Игорь Бухонин жылу беруші бір Гкал үшін екі есе көп ақша алып отырғанына тоқталды. «Ашығын айтқанда, олар бізді тонап отыр. Жылудың бір Гкал-ын аспандаған бағамен сатады. Бұл жерде ашық коммерциялық қызығушылықтан басқа ештеңе жоқ», – дейді ол.
Адвокат Елена Игнатенконың кеңсесі де көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан.
«Тұтыну көлемі биылғы желтоқсан айында – 7 Гкал, ал былтыр желтоқсанда – 3 Гкал болған-тын. Мен түсінбейтінім, тұрғын үйдің жылу жүйесі, құбыры, есеп­тегіші, батареялары – бәрі-бәрі бұрынғы, ештеңе өзгерген жоқ. Ендеше менің кеңсем қалайша екі есе көп жылу тұтынуы мүмкін? Бұл мүмкін емес екені анық. Біз нақ­ты тұтынбаған жылу үшін ақша төлей­міз. Бірінші қабаттағы пәтердің тұрғыны жылу үшін 3 500 теңге төлесе, дәл сондай пәтерде жұмыс істеп жатқан кәсіпкер 9 500 теңге, яғни 3-4 есе артық шығындауы тиіс», – дейді адвокат.
Кәсіпкерлерді облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де қолдап отыр. Қоғам белсендісі Александр Казанцев «СевКазЭнергосбыт» ойлап тапқан «жаңа­лық» бизнес өкілдерін дүрліктір­генін, өз кезегінде олар өз тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеруге мәжбүр екенін айтады. ЭНЕРГЕТИКТЕР НЕ ДЕЙДІ? Энергетиктер 1,9 коэффициенті қол­данылатынын алға тартып, мұның себебін өздерінше түсіндірмек болды.
«Біз №90 тарифтерді қалыптастыру қағи­даларының 280-тармағын басшы­лыққа аламыз. Мұның барлығы кіріктіріл­ген нысандардың сағаттық жүктемелеріне байланысты. Тұрмыстық тұтынушылар бойынша сағаттық жүктемені жергілікті атқарушы орган бекітсе және ол айына 0,03 Гкал құраса, кіріктірілген нысандар үшін жүктемені тәуелсіз ұйымдар есептейді. Кейін бұл есептеулер техника­лық шарттарды ұсынатын жылу желілеріне беріледі. Әрине, мұның бәрі шартқа қосымша болып табылады. Бұл ережелер 2019 жылдың қараша айында күшіне енді, бі­рақ біз оларды 2022 жылдың желтоқ­санынан бастап қана қолдана бас­та­дық», – деп түсіндірді «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директоры Мағауия Сағын­дықов. Оның түсіндіруінше, қазір тариф қолданылған нормаға байланыс­тырылуда. Яғни, тұрғындардың шығыны 0,03 ГКалға, ал кәсіпкерлердікі сағаттық жүк­темеге байланыстырылған. Бас директор сондай-ақ бұл есептеулермен келіспеген тұтынушыларға сағаттық жүктемесін қай­та қарауға кеңес берді.
«ЕКІ ЖЕП, БИГЕ ШЫҒУ» Жаңа есептеулерге үзілді-кесілді қар­сы кәсіпкерлер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Шағын бизнес өкілдері мен энергиямен жабдықтаушы ара­сындағы кикілжіңді қарастырған пала­та сарапшылары бұл ережені және басқа да материалдарды, сонымен қатар көр­шілес өңірлердің тәжірибесін зерделей келе, «Севказэнергосбыт» ЖШС есеп­теулерінің дұрыстығына күмән кел­тірді.
«Қосалқы тұтынушы» ұғымын бизнес­тің барлық субъектілеріне негізсіз қолдану күмән туғызады. Коэффициентті анық­тау­дың ғана емес, оны қолданудың да әдісі дұрыс емес екендігі байқалады. Сағаттық жүктемені анықтаған кезде «Севказэнергосбыт» ЖШС облыстық әкімдіктің №56 қаулысына сілтеме жасап отыр. Онда «есептеу аспабы жоқ тұтыну­шылар үшін тұтыну нормасы 0,03 Гкал құрайды» делінген. Алайда олар мұндай есептеуді құралы бар тұтынушылар үшін қолданып отыр. Бұдан әрі қызмет беруші коэффициентті екі рет есептеп отыр, ал ережелерге сәйкес ол бір рет қолданылуы тиіс», – деп түйіндеді Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев.
Мұны заңгер, облыстық қоғамдық кеңес­тің мүшесі Павел Афанасьев те құп­тады.
«СевКазЭнергосбыт»-тың пікірінше, пә­тер иелері кооперативі, мүлік иелерінің бірлестігі сияқты құрылымдар ғана тұты­ну­шы болып саналады. Ал бірінші қабат­тағы жеке кәсіпкерлер – «қосалқы тұты­ну­шылар» және олардың жылу жүйесі тұтынушынікіне қосылған. Ендеше көп­пәтерлі үй тұрғындары неліктен қосалқы тұтынушы емес? Олардың да пәтер­лерін­дегі өз жылу жүйелері ПИК-тікіне қосыл­ған ғой. Ал егер жылу беруші тұрғындарды да қосалқы тұтынушы деп санаса, оларға неліктен басқа коэффициент қолда­ныла­ды? Мүмкін былтыр желтоқсан айында жылу үшін бұрынғыдай әлдеқайда көп есеп келгені осыған байланысты шығар. Осының бәрінен шығатын қорытынды біреу-ақ: біздің монополистер өтірікті әбден сапырып, заңнама нормаларын әр нақты жағдайда өздеріне ғана тиімді болатындай етіп бұрмалайды!», – деді заңгер Павел Афанасьев. Оның пікірінше, бірінші қабаттағы пәтерлердің иелері – қосалқы тұтынушы болып табылмайды. Сондықтан оларға тарифтерді қалыптастыру қағидаларының 280-тармағын қолдану заңсыз. Ол бұл ретте Азаматтық кодексті негізге алған дұрыс деп санайды. Шынында да, үйге қызмет көрсететін құрылымдар үшінші тұлғаға жылу беру туралы шарт жасаспаған. Әр кәсіпкердің, әр тұрғынның жылу берушімен тікелей жасасқан келісімшарты бар, әрі төлемақыны да тікелей төлейді. Құ­жат­та тұтынушы не абонент деп көрсетілген. «Тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар деп көрінеу, жалған бөлу заңсыз әрі негізсіз. Петропавл қаласын­дағы жылу тұтынушыларын негізгі тұты­ну­шылар мен қосалқы тұтынушыларға бөлу толығымен жасанды және ойдан шығарылған. Бұл парасаттылық, адалдық, адалдық және әділдік қағидаттарына сәйкес келмейді», – деп заңгер тоқетерін айтты.
Бұған қоса, Ұлттық экономика ми­нис­трінің № 58 бұйрығымен бекітілген жылу энергиясымен жабдықтау қызмет­терін көрсетуге арналған шарттың 24- тармағында: «Жылу энергиясымен жаб­дық­тау бойынша өнім берушінің қызмет­теріне ақы төлеуді тұтынушы Қазақстан Республикасы табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес бекітілген тарифтер бойынша жүргізеді» делінген. Тарифтердің мөлшері тұтынушылардың әр тобы үшін нақты анықталған әрі не осы шартта да, не «Табиғи монополиялар туралы» Заңда «қосалқы тұтынушылар (субабоненттер)» үшін коэффициенттер не арнайы тарифтер көзделмеген. Заңгер Павел Афанасьев өз тәжі­рибесінде «СевКазЭнерго» тарапынан біздің өңірде тұтынушыларды алдаудың жосықсыз схемалары арнайы таңдалып, ойдан шығарылғанына талай кезіккенін айтады. Қоғам белсендісі бұл сөзін нақты мысалдармен дәлелдеді. Мәселен, техни­ка­лық шарттар тегін болуы тиіс екеніне қарамастан сатылады. Тұтынушыға пломбалау, есептегіштерді тексеру және т.б. сияқты қосымша қызмет таңылады. Біресе жылу шығындары үшін төлем талап етіледі, біресе жылу есептегішке модем орнату туралы талап ойлап табады.
«Тұтынушыларды алдау мысалдарын жалғастыра беруге болады. Ұры-қарылар ғана осылай әрекет етеді! Шын мәнінде, монополист тұтынушылардың есебінен пайда тауып, заңсыз жолмен баюда. Біз ойын барысында ереже өзгертетін алаяқ­тарға кезіккен сияқтымыз», – дейді қоғам белсендісі.
Кәсіпкерлер облыстық прокуратураға да жүгінген болатын. Қоғам белсенділері мен шағын бизнес өкілдері монополистің тұтынушыларды жаппай алдауының жолын кесуді және тиісті қайта есептеулер жүргізілгенін талап етуде. Қадағалаушы орган Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық департаментімен бірлесіп, «Севказэнергосбыт» АҚ әрекетінің заңдылығын тексеруде. Заңбұзушылық анықталған жағдайда сотқа талап-арыз беріледі. Осыған байланысты әзірге кәсіпкерлердің алдыңғы кезеңдер үшін жылу үшін қарызын қайта есептемеу, әрі жарықты кесу туралы хабарлама бермеу туралы келісімге қол жеткізілді.

Солтүстік Қазақстан облысы