Паралимпиадашы, Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Серік Есматов "AMANAT" партиясының кезектен тыс XXV съезінде әр адамның әлеуеті шексіз екенін айтып, елді Әділ Қазақстанды құруға шақырды. "Балалық шағым тынымсыз дайындықпен өтті. Жүзумен айналысып, бокс құрамасында болдым. Сол кездегі арманым Олимпиада чемпионы атану еді. "Адам жоспарлайды, Алла шешеді" демекші, әп-сәтте өмірім өзгеріп шыға келді. Жазым аяқасты ғой, 13 жасымда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Сол сәтте бар ойым "анама не айтамын?" деген сұрақ мазалады. Бір Алланың арқасында аман қалдым, соған шүкірлік етуі керегімді түсіндім. Бірақ алғашқы жарты жыл бойы арпалысып, ота жасап, аман қалдым. Шыны керек, бұл күйіме күйіндім, өзіме ғана емес, бүкіл әлемге ренжулі едім. Бірде айнаға қарап тұрып: "Мен кіммін? Қалауым не?" деп сұрадым. Сол кезде тіршілік ету емес, өмір сүруге бел будым. Сөйтіп, бір жылдан кейін мен Паралимпиада чемпионы атандым. Сондықтан өзім секілді жаңдарға үміт сыйлау үшін, қорқынышы мен үрейін жеңе білу керегін көрсеткім келеді. Басқа түскен қиындықтар сынақ емес, көздеген мақсатыңа жетуге мүмкіндік деп қабылдау керек. Мысалы, 22 жасымда Алматы қаласы мәслихатының депутаты болдым. Бүгінде ел мен қоғамымыздың игілігі үшін жұмыс істеймін. Сол себепті елге айтарым, әр адамның әлеуеті шексіз, өз өміріміз де, еліміздің болашағы да өзіміздің қолымызда. Сондықтан Әділ және заманауи Қазақстанды бірге құрайық!».