Семейде автобус жүргізушілерінің жалақысы 40 пайызға көбейеді
Семейде автобус жүргізушілерінің жалақысы 40 пайызға көбейеді
Семейде автобус жүргізушілері ереуілге шықты. Таңертең автобус паркінің жолын жауып, барлық қоғамдық көлік желісіне шығуына тосқауыл қойды. Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Алтаев, «Семавтопарк»  ЖШС директоры Григорий Пинчук пен «Таксомоторлық парк» ЖШС Асқар Зиядановтың қатысуымен брифинг өткізді. Брифингте Семей қаласындағы қоғамдық көлік қозғалысы қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын туралы айтылды.
«Қоғамдық көліктер өз бағыты бойынша сағат 06.00-21.30 аралығында жолаушылар тасымалын жүзеге асыруы тиіс. Соңғы үш айда  тасымалдаушыларға уақыт жиілігін сақтамаған үшін  23 миллион теңге айыппұл салынды. Қоғамдық көлік мәселесін шешу қала әкімдігінің қатаң бақылауында, қазір қажетті жұмыс атқарылып жатыр», – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Алтаев.
Жалпы, қалада қоғамдық көліктер 40 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға жауапты үш мердігер   ұйым – «АвтотрансСемей» ЖШС, «Семавтопарк» ЖШС және «Таксомоторлық парк» ЖШС жұмыс жүргізіп жатыр.
«Кеше жүргізушілер еңбекақыны көтеру туралы талап қойды. Олармен кездесіп, бір мәмілеге келдім. Кешке біз оларға 1 ақпаннан бастап жалақы қайта есептелетінін және оның 40%-ға дейін өсетіні туралы хабардар еттім. Біз жүргізушілерге жұмысты тоқтатпай, кесте бойынша шығуды ұсындық. Таңертең автопаркте болдым, онда 15-20 адам қоғамдық көліктердің шығуына тосқауыл қойып, автобустардың жолын жауып тастады. Олардың талабы орындалды», – деді «Семавтопарк» ЖШС директоры Григорий Пинчук.