Сынған ыдысты желімдеу қиын
Сынған ыдысты желімдеу қиын
300
оқылды
Қазақстанда ажырасу көрсеткіші 40 пайызға же­тіп­ті. Әсіресе, шығыс, сол­түстік облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ла­рында отбасы көп бұзы­ла­ды екен. БҰҰ Халықтың қо­ныс­тану қоры осы тақы­рып­та арнайы зерттеу жүр­гізген. «2000 жылы неке қиғандардың 30 пайызы ажырасса, 2018 жылы статистика 40 пайызға дейін на­шар­лады. Егер осы динамика сақ­талса, бұл фактор келешекте отба­сындағы екінші және үшінші балалардың туу көрсеткішіне кесірін тигізуі мүмкін», – делін­ген зерттеу нәтижесінде. Алматылық Болат Рамазанов (өзінің өтінішімен аты-жөні өз­гер­тілді – ред.) болашақ жары­мен 11 жыл бұрын танысыпты. Еке­уі де елдегі ең беделді ЖОО-да оқыған. Бір жарым жыл көңіл жарастырған соң отбасын құруды ұйғарған. Басында жұбайлар жоқ­шылықтан қиналып, қуық­тай пәтерді жалдап тұрыпты. Бі­рақ бірде аш, бірде тоқ жүрсе де, сүйіспеншілікке сызат тү­сір­­­мепті. Бірге өткізген әр сәтті ба­­қытқа балапты. Бірер жыл­дан кейін тұрмыс түзелген. Жас от­басы мемлекеттік бағдарла­ма­мен баспана алған. Екі бала дү­ние­ге келген. Алайда ерлі-за­йып­­ты­ның арасы бірте-бірте сал­қын тартқан. Үйде ұрыс-керіс жиі­ле­ген. Ақыры ажырасып тынған. – Көбі менен «неге ажырас­тың­дар?» деп сұрайды. Шыны керек, жауап таппай дағдарамын. Ажырасуға арыз бергендер «міне­зі­міз жараспады» деген жаттанды сөзді көрсетіп жатады ғой. Біздікі де сол сияқты бірдеңе. Әйтеуір ұсақ-түйек үшін ұрсысатынбыз. Тіпті, айтудың өзі күлкілі. Адам қашанғы шыдайды дейсің? Бір күні әйелім ажырасуға арыз жаз­ды. Шамасы, психологиялық тұр­ғыдан шаршаса керек. Мен алға­шында қатты қарсыластым, артынан амалсыз көндім, – деп ағынан жарылады Болат.
Рас, статистика бойынша ажы­­расуға арыз беретіндердің кө­бі әйелдер екен. Өйткені пси­хо­­­лог­тардың пікірінше, олар ақыл­мен емес, эмоциямен әре­кет етеді. XXI ғасырда әйелдің бі­­лім алуына, мансап жасауына то­лық мүм­кіндігі бар. Қазір әйел құ­қы­ғы мен бостандығы әлдеқайда ны­ғайған. Бұрын отбасы, бала-ша­ғасы үшін шыдап, жарынан айы­рылмайтын әйел бүгін өзі үшін өмір сүруге бейіл. Әйелде ғана емес, жалпы қоғамда эго­цен­тристік көзқарас басым.
Әрине, бұл жерде ерлер­дің кінәсін ешкім жоққа шығар­май­ды. Жары мен бала-шағасын жәбірлеп, қорғаудың орнына қорлайтын еркектердің қарасы қалың. Ішімдікке салынған, жа­тыпі­шер, жалқау еркектен құ­тылғанда отбасының бүкіл қа­сі­реті қоса құритыны да шын­дық. Кейбір келіншектер ата-ене­сінің қа­зымырлығынан, екі ор­таға от тастайтын ағайын-туыс­­тың ке­сірінен ажырасқанын айта­ды. Сондай-ақ жаңағы Болат Ра­­ма­зановтың жағдайына ұқсас оқи­ғалар жетіп артылады. «Тамақ іс­тей алмайсың» немесе «қонақ күте алмайсың» деген секілді бол­машы нәрсеге ренжісіп, дәм-тұзы жараспай кететіндер де кез­деседі.  

Егер балаларды немесе ортақ мү­лікті бөлісу мәселесі туын­да­са, олардың ісі сотта үш-ақ ай қаралады. Сондықтан ажырасуға арыз бергендерді шетелдегідей пси­хологтың курсынан өтуге мін­деттесе, бұл талап заңды түрде бе­кітілсе, шайқалған шаңы­рақ­тар азаяр ма еді?

  Отбасы психологы Анаргүл Ғаб­басованың сөзінше, кейінгі жылдары оның қызметіне жүгі­не­тін жұптар көбейген. – Біз көбіне отбасылық дағда­рыс кезеңдеріне байланысты жұ­мыс істейміз. Отбасында 1, 3, 5, 12, 20 жылдық дағдарыстар бо­ла­ды. Мәселен, бірінші жы­лы жұптар бір-бірінің мінез-құлқына, әдетіне, тіпті бір-бірі­нің туыстарына үйреніседі. Кейбір отбасылар осындай кезеңдерден өте алмай, қарым-қатынасы суиды. Біз кімнің кінә­лі екенін іздемейміз, жұптар­ға жауапкершілік турасында ақыл-кеңес айтамыз, – дейді маман. «Отбасы мектебі» қорының қыз­метін үйлестіруші Жасұлан Нұрмахамбетов Павлодар қала­лық сотында екі жыл судья бол­ған. Сол аралықта отбасылық мә­се­леге қатысты 350-ге тарта істі қарапты. Әр істің артында адам тағдыры жатыр. – Біреулер «жастар жоқшы­лық­тан ажырасады» дейді. Ал мен тоқшылықтан ажырасқан отбасыларды да көрдім. Қазір сот­та ажырасқан мамандар көп. Өз от­басын сақтай алмаған жан­дар өзге отбасының мәселесін қарайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Осыған біздің судьялар мән берсе екен, – дейді заңгер.
БҰҰ Халықтың қоныстану қорының зерттеу нәтижесіне сү­йен­сек, Қазақстанда неке қи­ды­ру пайызы төмендеп, ке­­рі­­­сін­ше, ажырасу пайызы жо­­ға­­­рылап барады. 2013 – 2018 жыл­­­дары неке қидыру көрсет­кі­ші республика бойынша 18 пайыз азайған. Оның ішінде ең қор­қынышты көрсеткіш ШҚО-да – 28 пайыз. Өскемен мен Се­мей өңірінде 2000 – 2018 жыл­да­ры ажырасқандар саны орташа есеп­пен екі есе артқан. Дабыл қа­ға­тын-ақ нәрсе. Елдегі отбасы инс­­титуты күйреуге бет алғанын мы­надан аңғарыңыз: 1950 жыл­­­дары әрбір жүзінші, 1980 жыл­дары әрбір төртінші, 1990 жыл­дары әрбір үшінші отбасы айы­­рылысқан екен. Бүгінгі ста­тис­тика, міне, қолыңызда тұр.
Кейбір сарапшылар заңна­ма­дағы олқылықты алға тар­та­ды. Ажырасу алдындағы жұп­тар­ға заң бойынша мемлекет тара­пы­нан ешбір кедергі немесе кө­мек жоқ. Егер екеуінің баласы не­месе ортақ мүлкі болмаса және бір-біріне талап қоймаса, сот­қа бар­май-ақ АХАЖ-да айы­ры­лы­са­ды. Егер балаларды немесе ортақ мү­лікті бөлісу мәселесі туын­да­са, олардың ісі сотта үш-ақ ай қаралады. Сондықтан ажырасуға арыз бергендерді шетелдегідей пси­хологтың курсынан өтуге мін­деттесе, бұл талап заңды түрде бе­кітілсе, шайқалған шаңы­рақ­тар азаяр ма еді? Психологтарға сенсек, ажы­рас­қанына қуанатындардан гөрі жылдар өте өкінетіндер әлде­­қайда көп екен. Өйткені ой­лан­­баған істің түбі – ойран. Асы­­ғыс шешім қабылдаудың қа­­жеті жоқ. Ажырасуға қашан да үлгеруге болады. Ал сынған ыдыс­ты жымын білдірмей қайта желім­деу қиын.   Айдар ДӘУІТҰЛЫ