Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасы кезінде ақша айырбастау пункті жанында кісі өлтірді деген күдіктіге қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Aikyn.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Сот былтыр қаңтарда төтенше жағдай кезінде инкассатор болып жұмыс істейтін сотталушы Б. ақша айырбастау пунктіне шабуыл жасалғаны туралы шақыртуға барғанын анықтады. Әріптестерімен бірге оқиға орнына келгенде жәбірленуші Н.-ны және басқа да адамдарды көрген. Ал ақша айырбастау пункті тоналған.
«Сотталушы Б. ұрыларды далаға шығарып, қолдарын байламақ болған, оған жәбірленуші Н. қарсылық көрсетіп, қашып кетуге әрекет жасаған. Осы кезде жәбірленушіні қуып жеткен сотталушы оның арқасынан атқан. Жараланған Н. көп қан жоғалту салдарынан ауруханада көз жұмды», – деп жазылған соттың дерегінде.Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-тармағы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша айып тағылды. Сот жаза тағайындау кезінде кінәсін ішінара мойындау түріндегі жазаны жеңілдететін мән-жайды және сотталушының асырауында жас балалары барын ескерді. Сот Б-ны абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныды. Инкассатор 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.