"Дастарқандас болып жүргендер арқамнан пышақ ұрды" – меценат Көңілбай Шүкенов өзіне қатысты қауесетке жауап берді
"Дастарқандас болып жүргендер арқамнан пышақ ұрды" – меценат Көңілбай Шүкенов өзіне қатысты қауесетке жауап берді
862
оқылды
Көпбалалы отбасыларды тегін баспанамен қамтып, көптеген келелі істерге мұрындық болып жүрген іскер азаматтардың бірі, меценат Көңілбай Шүкенов Qazaq.today ақпараттық порталына сұхбат беріп, өзіне қатысты айтылған қауесеттерге нүкте қойды. «Ақшамызды алды, уәдесінде тұрмады» деген айыптауларды да аз естімедік, бұл қауесет неден шықты" деген журналистер сұрағына ашық жауап берген кәсіпкер, мәселенің анық-қанығын тарқатып айтты.
"Кейінгі кезде осындай сұрақтар көбейіп кетті. «Аманат Хоум» және «Аманат Драйв» деген көптеген жобаларды жасап шығардық. Біздің басты мақсатымыз – баспананы, автокөлікті пайызсыз беру. Осы бағдарламаның авторы ретінде, осыны жазған кезде, өзіме тікелей пайда келсін деп, күнімді көре алмай жүріп жазған жоба емес. «Аманат» тауарлық белгісі менің атыма патенттелген, Қазақстанның зияткерлік меншік құқығын алғам. Бірақ дауыс беру арқылы компания сізден кетіп қалады. Аты бар да, заты жоқ. Олар менен кеткеннен кейін, атын өзгертуі керек болған. Кез келген жобаны бастарда заң, маркетинг, экономика, стратегиялық даму жоспарларын жазып шығасыз ғой. Сол кезде сырттан, іштен келетін қауіптер бар, соның бәрін есептейсіз. Ең үлкен қауіп – инфляция, девальвация деп санап келдік. Бірақ бізге қауіп қасымда жүрген адамдардан келді, бұл мен күтпеген оқиға болды. Мен ешқашан ойламаппын, өзіміз құрған жобадан шеткері қалам деп. Елді пайызсыз баспанамен қамтуға арналған «Аманат хоум» деген жоба бізден бөлініп, кетті. Өзім құрған жобаның қаржысы көбейгенде құжатқа жауапты қызметкерлерім қулықпен бөлініп кетті" – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ "ең жаманы, іштен шыққан жау жаман демекші, қасымда бірге намаз оқып, дастархандас боп жүргендер арқамнан пышақ ұрды" деген кәсіпкер, нақты реніші кімге бағытталатынын да ашып айтты. "Балғынбек Имашев. Ашығын айтайын, сол кезде Балғынбек маған хабарласып, «Сенің он компания ашатындай басың бар ғой, ақылға кел. «Аманат хоум» деген атты бізге қалдыр» деді. Мен келістім. Бірақ оларға қосылмаймыз деген 160 адамның ақшасын қайтарып беруді міндеттедім. Сонымен келістік. Мен өзімнің уәдемде тұрдым. Ал олар сөзінде тұрмады. Адамдар баспана, көлік алуға сеніп, қаражатын береді. Ал қордағы есепшіден бастап жауапты адамдар жағдайды хабарлап отыруы керек. Берілген тапсырмалар орындалып, жоспар жайлы біліп отыруым керек. Ал қордағы бірнеше әйел құжатқа тікелей жауапты болды. Кейінгі кезде олар есеп беруден жалтарып, түрлі созбалаңға сала бастады. Кейін маған қарсы неше түрлі компроматтар жинала бастады. Ақыры салымшылар да, қордағы адамдар да екіге бөлінді. Елдің қаралауына ілесіп «Аманат хоумда» қалып қойған адамдар ақшаларын да, үйлерін де әлі ала алмай жүр", – дей келіп, жалпы қауесеттің неден шыққанын да тарқатып айтты.
"Заңға және ішкі жарғымызға сәйкес дауыс беру процесі болды. Заңгерлер оны өткізді. Жан-жақтан адамдар келді. Бұл жерде халық таңдау жасады. Әрине, басында 2000-дай адам маған дауыс беріп, жеңіске жетуге дайын отырған сәтте, өздеріңізге белгілі азаматтар маған қарсы шабуыл жасап, бірнеше жалған ақпараттарды шығара бастады. Сонымен, көпшіліктің таңдауы бойынша «Аманат Хоумның» басшылығы, Алматы қаласындағы қыздар және менен жобаны алып қойған танымал адамдардың бәрі бірігіп, бөлініп кетті. Командама қосылған адамдар көп құпияны білгеннен кейін, миллиардтаған ақшаларды көргеннен кейін, ойлары өзгеріп, жеке бөлініп кетті. Олар өздері ғана кеткен жоқ, қордағы салымшыларды да алдаусырату арқылы өздерімен ерте кетті. Ең жаманы, іштен шыққан жау жаман демекші, қасымда бірге намаз оқып, дастархандас боп жүргендер арқамнан пышақ ұрды" – дейді.