Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қарашығымдағы қара өлең» атты жыр кеші өтті. Әдеби кеш ақынның 65 жас мерейтойына орай ұйымдастырылды. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерін мерейтойымен Мәдениет және спорт министрі құттықтады. Министрдің жүрекжарды тілегін Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің трағасы Куат Бораш жеткізді. Астананы жыр тербеген кеште ақынның отты жырлары оқылып, түрлі естелік айтылды. Кезінде Тұмағаң «Бұйыртсын саған Аллам екі елуді, Тұп-тұнық жанарыңның өзі айтады, Тұманбайдың інісі екеніңді» деп жырлағаны есімізде. Ал бұл жиында жазушы Төлен Әбдік қазақтың поэзиясын саралап, сондағы Ғалым Жайлыбайдың орнына тоқталды.
«Ғалым – бүгінгі әдебиет кеңістігіндегі құбылыс. Қазақтың поэзиясы әр уақытта өте жоғары дәрежеде болды. Бірақ Кеңес заманында кішкене тоқырады. Ақын өз қалауынша емес, жоғары жақтың тапсырмасымен өлең жазатын жағдайға жетті. Алайда сол тоқыраудың өзін таланттар әлсін-әлсін бұзып-жарып отырды. Бізге белгілісі Мұқағали еді. Оның жырлары айрықша сұлулық пен саф ауадай әсер қалдырғаны рас. Ғалым да сол ізді жалғап, ерекше өлеңімен оқырманын тауып жүр», – деді жазушы.
А.АЙДАРҚЫЗЫ