«AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV съезі өтті. Іс-шараға Саяси кеңес мүшелері, Мәжілістің VII шақырылымының бұрынғы депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері секілді 2 000-нан астам делегат қатысты. Съезд күн тәртібіне партия Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу, партиялық тізімдер және бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды бекіту, партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдау мәселелері қойылды. Жиынға партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев модераторлық жасады. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов аз уақыттың ішінде партия қоғамның жаңа сұраныстарына сәйкес өзгергенін атап өтті.
«Партияға түпкілікті трансформация жасап, құрғақ уәде мен жалаң ұрандардан арылдық. Сөзден нақты іске көшіп, саяси алаңда да, қоғамдық жұмыста да барынша ысылдық, шыңдалдық. Шын мәнінде, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне, елдегі түбегейлі реформалардың қозғаушы күшіне айнала білдік. Бастысы, «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым халқымызбен бірге болды», – деді Ерлан Қошанов.Сонымен қатар Партия Төрағасы Қостанайдағы, Екібастұздағы табиғи, техногендік апаттар кезінде, басқа да қиын жағдайға түскен отандастарымызға депутаттар, партия мүшелері мен волонтер жастардың бірінші болып көмек қолын созғанын сөз етті.
– «AMANAT» партиясы барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3 821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынды. Еліміздің барлық өкілді органына ұсынылатын «AMANAT» партиясының партиялық тізімі 75 пайызға жаңарды. Олар – Президент реформалары мен партия бағытын жүзеге асыруға қабілетті жарқын көшбасшылардың жаңа тобы. Оның құрамында барлық өңірдің, барлық саланың өкілдері бар. Нағыз мемлекетшіл, патриот азаматтар. Мемлекетшіл азамат Асхат Аймағамбетов, от ауызды, орақ тілді айтыскер ақын Ринат Зайытов, жер аманатын арқалаған белгілі заңгер Бақытжан Базарбек те осында. Одан бөлек, қаншама танымал жастарымыз жұдырықтай жұмылып отыр. Әрқайсысының өз орны бар. Біздің үміткерлер партияны әділ де таза жеңіске бастайды деп кәміл сенемін. Өйткені олардың артында өздеріңіздей адал партияластар мен қалың орман халқымыз бар», – деді «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
– «Ауыл – бәрімізді тербеткен бесігіміз! Себебі ауылда халқымыздың елу пайызы тұрады. Ақиық ақындар да, кемеңгер жазушылар да ауылдан шыққан. Егер біз, әділ мемлекет, әділ экономика, әділ қоғам құрамыз десек, онда ең бірінші ауылды аяғынан тұрғызуымыз қажет. Әділдік сонда ғана болады! Жердің киесі мен елдің иесінің қаншалықты маңызды екенін «AMANAT» партиясы өте жақсы түсінеді және оған қызмет етеді. Ұлттық болмысымызды сақтаудың, халқымызды тарыдай шашып алмаудың бір жолы – ол ауылдардың инфрақұрылымын дамыту. Осы мақсатты іске асыру үшін «AMANAT» партиясы алдағы бес жылда жүйелі жұмыс істейді. Тіпті, жеке шаруашылықтарды қолдау үшін «Ауыл аманаты» жобасын бастап кеттік. Бәріміздің мойнымызда үлкен парыз бен қарыз бар, ол – ауылды көркейту. Ауылды ұмытпайық! Жүректерімізде де, ойымызда да «ауыл» деген сөз тасқа ойылған ою құсап тұрсын! – деді ол.22 жасында Алматы қаласы мәслихатының өткен шақырылымының депутаты болған паралимпиадашы Серік Есматов қоғамның игілігі үшін еңбек ету әрбір қазақстандықтың қолынан келетінін айтты.
– Балалық шағым тынымсыз дайындықпен өтті. Жүзумен айналысып, бокс құрамасында болдым. Сол кездегі арманым Олимпиада чемпионы атану еді. «Адам жоспарлайды, Алла шешеді» демекші, әп-сәтте өмірім өзгеріп шыға келді. Жазым аяқасты ғой, 13 жасымда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Сол сәтте «анама не айтамын?» деген сұрақ мазалады. Алланың арқасында аман қалдым, соған шүкірлік етуім керегін түсіндім. Алғашқы жарты жыл бойы арпалысып, ота жасап, аман қалдым. Шыны керек, бұл күйіме күйіндім, өзіме ғана емес, бүкіл әлемге ренжулі едім. Бірде айнаға қарап тұрып: «Мен кіммін? Қалауым не?» деп сұрадым. Сонда тіршілік ету емес, өмір сүруге бел будым. Сөйтіп, бір жылдан кейін Паралимпиада чемпионы атандым. Сол себепті елге айтарым, әр адамның әлеуеті шексіз, өз өміріміз де, еліміздің болашағы да өзіміздің қолымызда. Сондықтан әділ және заманауи Қазақстанды бірге құрайық! – дейді Серік Есматов.Экс-министр Асхат Аймағамбетов «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV съезінде өзінің еңбек жолындағы тәжірибесін мысалға келтіріп, азаматтарды өзгерістерге сенуге, сол бағытта жұмыла қызмет етуге шақырды.
– Қазір елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Осы өзгерістердің заңды жалғасы ретінде алда өткелі отырған сайлауды айтар едім. Бұл сайлау елімізді түбегейлі өзгертуге жаңа мүмкіндіктер береді. Сондықтан болашағымыз жарқын болуы үшін бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Ол үшін саяси реформаларды, білім мен ғылымды дамыту қажет. Бізге бәсекеге қабілетті білім керек. Біз, Әділетті Қазақстан дегенде кейде оған тұтынушы ретінде қараймыз. Өзімен-өзі бір заң немесе шешім арқылы әділеттілік пен заңдылық пайда болатын сияқты. Ол тек Президент, Үкімет, әкімдіктің жұмысы сияқты болып тұрады. Анығында олай емес. Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамның барлығы түгел жұмылдырылуы керек, – деді Асхат Аймағамбетов.
Кешегі жалпыхалықтық референдум мен Президент сайлауындағы елдің риясыз қолдауы да мемлекетке, Әділетті Қазақстанға, Президентке берілген сенім мандаты болатын. Сол сенімнің артында тұтас ұлтымыздың тағдыры тұр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та әлемдегі алмағайып, аласапыран жағдайға қарамастан, нар тәуекел деп ауқымды өзгерістерді қолға алды. Мемлекеттің тәуелсіздігі мен өркендеуі жолында тәубешіл емес, тәуекелшіл болу керектігін өзі бас болып, көрсетіп отыр. Реформаларды аяғына дейін жеткізіп, халықтың үмітін ақтау – «AMANAT» партиясының тарихи миссиясы, тарихи тәуекелі! Ол үшін білек сыбанып, бір кісідей жұмылып, бар күш-жігерімізді салайық! НАР ТӘУЕКЕЛ! – деді ол.Жалпы, соңғы 9 айдың өзінде 30 мың адам партияға мүше болды. Бүгінде «AMANAT»-тың 800 мыңнан аса мүшесі бар. 365 күн бойы, 24 сағат үзіліссіз, тынымсыз жұмыс істеген партия соңғы бір жылда өңірлер мен ауыл-аймақта мыңдаған кездесу өткізіп, 200 мыңнан астам тұрғынның талап-тілегі мен мұң-мұқтажын арқалады. Партия ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға барынша күш салып, оларға сапалы білім мен медицина, әлеуметтік, құқықтық, қаржылық көмектің қолжетімді болуын үнемі назарында ұстайды.