Қазақ қоғамында дәулеттілер жетім-жесірін жылатпай, жағдайы төмен халыққа қамқор болғанына тарих куә. Кеңес Одағы қанша жерден бай-кулакты қудалағанымен, өзінің, ата-бабасының кедейлігімен мақтанған қазақты таппайсыз. Керісінше, аталарым бай болған деп дәріптейтіндер көп. Азаттық алған соң да елімізде байлардың саны арта бастады. Нәтиже жаман емес: республикада кедейшілік шегінен төмен өмір сүретін тұрғындар үлесі 6,5 есеге, яғни 1995 жылғы 34,6 пайыздан бүгінде 5,3 пайызға дейін азайыпты. Былтыр Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қолға алынды. Үкімет биыл оған түзету енгізбек. Бай, кедейдің саны қанша? Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы кедейлік деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерге қарағанда едәуір төмен көрінеді және 5,3%-ды құрайды. Ресми статистикаға жүгінсек, ЭЫДҰ елдеріндегі кедейлік деңгейі 2021 жылғы жағдай бойынша 20%-дан асты. Ал АҚШ-тың өзінде – 15,1%, Аустралияда – 12,6%, Ұлыбританияда – 11,2%, Канадада – 8,6%. Бұл ретте Қазақстанның 9 өңірінде кедейлердің үлесі орташа республикалық деңгейден, яғни 5,3%-дан асып түседі. Бұларға Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы және Шымкент қалалары жатады екен. Бұл өңірлерде ең бай және ең кедей тұрғын арасындағы табыс алшақтығы өте үлкен. Жалпы, статистиканың өмір шындығынан алыс қонатын кезі сирек емес. Мысалы, статистика бойынша Қазақстанда атаулы табыс көрсеткіші тұрақты түрде өсіп келеді. «Қазақстанда 2022 жылғы ІV тоқсанда атаулы-номиналды орташа жалақының көлемі 338 мың 715 теңгені құрады. 2021 жылдың төртінші тоқсанына қарағанда бұл көрсеткіш 22,9 пайызға өсті» деп хабарлады кеше Ұлттық статистика бюросы. Салыстыра кетсек, сонау 2010 жылы халықтың атаулы табысы 39,2 мың теңге ғана болыпты. Сонда тоғыз есеге жуық артып отырғандай.
«Шынында, халық табысының қазіргі жағдайы теріс тенденцияға ие. Номиналды табыстардың тұрақты оң динамикасына қарамастан, халықтың нақты табысының өсу қарқыны төмендеуде: өсімі 2019 жылы 6,4%, 2020 жылы 4,3%, 2021 жылы 4,1%, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 3,5% ғана болды. Бұған бірінші кезекте экономикалық өсудің баяулауы ықпал етті: ЖІӨ 2020 жылы -2,5%-ға кеміді, 2021 жылы 4,3%, 2022 жылы 3,1% ғана артты. Екіншіден, 2023 жылы сақталатын жоғары инфляциялық қысым да әсер етіп отыр: 2020 жылы инфляция 7,5%, 2021 жылы 8,4%, 2022 жылдың желтоқсанында 20,3% болды. Бұл ретте, 2022 жылғы желтоқсандағы азық-түлік инфляциясы 25,3%-ды құрағанын және халықтың төлем қабілеттілігіне айтарлықтай кері әсер еткенін ерекше атап өткен жөн» делінген экономика ведомствосының мәліметінде.Тәуелсіздіктің бастауында Қазақстанда ең бай тұрғындар мен ең кедей тұрғындардың табысы арасындағы алшақтық 4 есе болыпты. 1998 жылы бұл аражік 11,3 есеге жетіп, халықтың тұрмысының қиындағанын білдірген рекордтық көрсеткіш тіркелді. Сонда ең бай қазақстандықтар бүкіл табыстың 27 пайызын иеленген, ал ең кедей топқа бүкіл табыстың 2,3 пайызы ғана тиген. Қазір ше? Бүгінде бұл алшақтық 3,9 есені құрайды. Тоқсаныншы жылдар басындағы көрсеткіштен сәл жақсарды. Сонда елдегі орташа ғана ауқаты барлардың үлесі 60 пайыз, олар жалпы табыстың 51,1 пайызын иемденген. Кедейлікпен күрес нәтижелі ме? Әлеуметтанушы ғалым Нәзира Өсіпова әлемде кедейлікті жеңген бірде-бір ел жоқтығына назар аудартты. Бірақ бұл онымен күреспеу керек дегенді білдірмейді. Бұл орайда мемлекеттің міндеті – еңбекке қабілетті, жұмыс істеуге ынтық адамдардың лайықты табыс табуына жағдай жасау. Алайда Қазақстанда тіпті жұмыс істейтін азаматтар арасын кедейлік кең жайлаған.
«Кедейшілік – әрдайым адамзат өркениетімен қатар өрбіген кесел. Оның барлық елдегі сипаты бірдей: кедей адамдар күнделікті түрде қалағанын таңдап жеп, тойып тамақ іше алмайды, өмір сүруге қажетті қарапайым жағдайлардың өзі – оларға қол жетпейтін дүние. Бұл кесапаттың әлеуметтік, психологиялық салдарлары бар, себебі кедейлік адамның ар-ұжданын қорлайды, абыройдан айырады, қажытады. Адам өмірге, айналасына, мемлекетке өшігуі мүмкін. Азамат ретінде мемлекет алдындағы парыздарын толыққанды орындауға шамасы жетпейді, құқықтары мен мүмкіндіктерін түбегейлі пайдалана алмайды. Қоғамдық өмірге белсене араласпайды, үнемі қалыс қалады. Мұның бәрі елдің дамуына тежеу болады. Сондықтан кедейлікпен шынайы күрес – Үкіметтің басты, басымдықты міндеттерінің бірі», – деді ғалым.Сарапшылар «бұл күрес бірнеше бағытта жүруге тиіс» дейді. Біріншісі, әрине, халықтың ең аз қамтылған, осал топтарын қорғау. Ол негізінен, түрлі жәрдемақы төлеу, әлеуметтік қолдау бағдарламаларын қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Екінші бағыты – жұмыскерлер арасындағы кедейшілікпен күрес. Мұнда еңбек өнімділігі мен жалақы көтеру маңызды. Әзірге Қазақстанда өнімсіз жұмыспен қамтудың үлесі тым үлкен. Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтардың елеулі бөлігі – 5,6 млн адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 64,1 пайызы өнімділігі төмен еңбекпен айналысады. Тиісінше, табыстары төмен. Соның ішінде 3 миллион жалдамалы жұмыскер жоғары біліктілікті қажет етпейтін қызметтерге тартылған. Еңбек министрлігі мен әкімдердің жұмыспен қамту бағдарламалары аясында маусымдық жұмыстарға, қоғамдық жұмыстарға арналған уақытша жұмыс орындарын ашумен тым әуестеніп кеткенін сарапшылар сынап жүр. Бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының басым көпшілігі жоғары біліктілікті талап етпейтін қара жұмыс болып келеді. Бұл экономикадағы еңбек өнімділігіне де, еңбекақы көлеміне де теріс ықпал етеді. Оның орнына өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Әсіресе, тамақ, тігін, тоқыма өнеркәсіптері өнімдерінің бағасы ұдайы қымбаттауға бейім. Тиісінше, табыстар да артады. Жалақы артса, жағдай да оңалады Күрестің үшінші бағыты өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасындағы кедейлікті төмендетуді қарастырғаны жөн. Тұрақты жұмыс орны болмағандықтан, тиіп-қашып, әр істің басын бір ұстаған азаматтардың едәуір бөлігі қартайғанын айтпағанда, қазіргісіне жеткілікті табыс таба алмайды. 2022 жылғы 3-тоқсанда Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 2,1 миллионнан асты. Оның 49,5 пайызы айына 100 мың теңгеден аз табыс табады, 3,4 пайызының тұрмысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, сарапшылардың сын- ескертпелерін ескеріп, былтыр күшіне енген Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын өзектендіретін кешенді жоспар әзірленді. Оны іске асыру 5 бағыт бойынша іс-шараларды қамтиды: біріншіден, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құру көзделген. Екіншіден, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру арқылы ауыл халқының табысы артпақ. Үшіншіден, әлеуметтік құралдар және мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Төртіншіден, Үкімет бюджеттен жалақыны арттыру жөнінде міндеттемелер қабылдады. Бесіншіден, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары қабылданады. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру арқасында халықтың нақты табысының орта есеппен жыл сайын 4-5 пайыз деңгейінде өсу қарқынына қол жеткізілмек. Қазақстан бойынша 3,3 миллионнан астам жұмыс орны құрылады екен. 2023-2029 жылдары дәрігерлердің, орта медициналық персоналдың, мәдениет және мұрағат қызметкерлерінің, педагогтердің, ғалымдардың, дінтанушылардың, психологтердің, ХҚКО қызметкерлерінің, спорт судьяларының, сот-медициналық сарапшылардың және медициналық емес бейіндегі сот сарапшыларының, «Қазселденқорғау» ММ негізгі персоналының, өрт сөндіру, авариялық-құтқару, өртке қарсы қызметтер қызметкерлерінің және басқасының орташа жалақысы ұлғайтылады. Мұның сыртында электр, жылу энергетикасы, сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау сияқты коммуналдық саладағы табиғи монополиялар субъектілерінің өндірістік персоналының орташа жалақысын ұлғайту жоспарланған. Қорасында мал ұстайтын ауылдықтарға ауыл шаруашылығы кәсібін дамытуы үшін арзан несие беріледі, олар агроқұзыреттерге оқытылады. Пилоттық ауылдарда жеке қосалқы шаруашылықтардан сервистік-өткізу кооперативтері қалыптастырылады, ол кооперативтер лизинг арқылы техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Өзге де шаралар жетерлік. Жалпы, кедейшілікпен күрес және халықтың табысын арттыру бағытында биылдан бастап, салмақты жобаларды қолға алу, қомақты қаражат, қайтарымсыз гранттар үлестіру жоспарланған. Енді олардың бәрі жоспар күйінде қалмай, жүзеге асқаны маңызды.