1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан стоматологиялық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасау тәртібіне өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ қордың биыл осы қызметке деп жоспарлаған қаржысы да былтырғы көлемнен аз болып шықты. Осы тұсты нақтылай кету үшін сауалдарымызды аталған қор өкіліне жолдаған едік. Елімізде стоматологиялық қызметтің бағасы өте қымбат. Тіс дәрігері аузыңа үңіліп қараса немесе консультация берсе қызметіне алатын ақысы 1 мың теңгеден басталады. Тісті жұламын деп шешсе, 10-15 мың теңге, ол ақыл тіс болса, 20 мың теңге дайындай беру керек. Тісжегіні емдету – 10 мың теңге, асқынып кеткенін емдеу 15 мыңнан асып кетеді. Пульпит, яғни тіс ұлпасының қабынуы болса, оны емдету орташа 20 мың, қабыну бірнеше тістің түбіріне жалғасса, 30 мың теңгеге дейін өседі. Сервис бағасына анестезия жүргізу, пломба орнату материалы деп қосыла береді. Осыншама қымбат қызметті әрбір адамның қалтасы көтермейді. Сондықтан МӘМС жүйесі арқылы көрсетілетін стоматологиялық қызметке жүгінеді. Өйткені бұл қызмет тегін көрсетіледі. Аталмыш қордың ұсынған мәліметі бойынша, былтыр стоматологиялық қызметке 37,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Биыл жоспарлы түрде 32,8 млрд теңге бөліп отыр. Қордың заңды және жеке тұлғалармен жұмыс істеу департаментінің директоры Забира Оразалиева қаржы көлемінің неліктен азайғанын түсіндіріп берді.
«Былтыр стоматологиялық қызмет клиникалардың қызметтерін алу үшін тұтынушылар өзі тіркелген медициналық мекемелердің атынан баратын. Әрбір пациент үшін тіркелген емханасы ақша төлейтін. Биылдан бастап әрбір стоматологиялық клиникамен қор өзі тікелей келісімшарт жасасып жатыр. Себебі басқа емханалар келісімшартқа отырған кезде әрбір пациенттің қызметті пайдаланғаны, яки пайдаланбағаны, қандай көлемде пайдаланғаны, қызметтің қаншалықты сапалы болғанына баға беріп, есебін жүргізе алмайтын болғандықтан, осындай қиындықтар туындап, қаражат көлемі аздап қадағалаусыз кетіп қалған», – деді Забира Оразалиева.Оның айтуынша, былтыр стоматологиялық қызметтерге қорда жоспарланған сомадан артық, қосымша қаражат жұмсалған. Өйткені бұрын қызметтің сапасы жөніндегі бақылау жұмысы жүктемесіне қарамастан пациент тіркелген емханаға жүктеліп келген. Ал оның ішінде «пациент алмаған медициналық қызметті алды» деп жазатын жағдайлар кездескен. Мұндай фактілерді қор сарапшылары мониторинг жасаған кезде медициналық құжаттардан анықтады.
«Негізі, қор көрсетілген қызметтің сапасына мониторинг жүргізе отырып, ақысын төлейді. Мониторинг қормен тікелей келісімшартқа отырған емханаларға ғана жүргізіледі. Біздің жеткізушілердің қосымша жеткізушісі болып табылатын клиникаларға қор ешқашан мониторинг жүргізе алмайтын болғандықтан, осы шешімге келдік. Бұдан былай стоматологиялық қызметтерге ақы төлеу тікелей қор тарапынан жүргізіледі», – деді департамент директоры.1 қаңтардан бастап қор көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасауды жүргізеді. Еске сала кетсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетілетін стоматологиялық қызметтер халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ғана алады. Балалар мемлекет жарна төлейтін азаматтардың бірінші жеңілдік санатына жатады. Сонымен бірге жұмыс істемейтін жүкті әйелдер де осы жеңілдік санатына кіреді. Сондай-ақ тісі ауырған кезде азаматтардың 10 санаты, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, оның ішінде мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға шұғыл көмек көрсетіледі. Сонымен қатар қордың түсіндіруінше, стоматологиялық қызметтерді алу кезінде белгілі бір медициналық ұйымға тіркеуде болу міндетті емес және стоматологиялық клиника «өз» емханасына тіркелуді талап ете алмайды.
«Қазір біз әлеуметтік желіде стоматологиялық клиникалардың хабарламаларын көріп отырмыз. Олардың айтуынша, «қор қаржыландыруды қысқартып, қызметтер шектеулі мөлшерде немесе стоматологиялық клиникада белгілі бір емханаға тіркелген азаматтардың санатына ғана көрсетіледі. Әйтпесе, ақылы негізде көмек алу ұсынылады». Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айту керек. Бізге осы мәселе бойынша көптеген шағым түсті. Қор оларды қарап, пациенттердің құқығын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдайды», – делінген хабарламада.Негізі, көрсетілетін медициналық қызметтер тізбесі ауқымды. Кәсіби тілмен айтқанда, стоматологиялық клиникалар амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Мұнда пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтерін алуға болады. Сондай-ақ МӘМС жүйесінде жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады. Айта кетерлігі, стоматологиялық клиниканы тұрғындар өзі таңдауына болады. Ол үшін алдымен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында берілген жеткізушілердің тізімінен қарап алуға болады немесе жақын маңдағы клиниканың өзінен сұрауға болады. Жалпы, МӘМС арқылы 724 стоматологиялық қызмет көрсету нысанымен қор арасында келісімшарт жасалған. Оның 427-і жекеменшік клиника. Яғни, қор өкілінің түсіндіруі бойынша, бұл аталмыш сервистегі бәсекелестікті жақсартып, көрсетілетін қызметтің сапасын арттырмақ.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ