Жамбыл облысы өзге өңірлерге дес бермеді
Жамбыл облысы өзге өңірлерге дес бермеді
442
оқылды
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, еркін күрестен VI жазғы Қазақстан Спартакиадасының қалған 5 салмақтағы жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды. 61 келі салмақта алтын жүлде  Нұрболат Абдуәлиевке (Түркістан облысы), күміс медаль Өсімжан Дастанбекке (Алматы облысы) бұйырса, қола жүлдені Асылжан Есенгелді (Түркістан облысы) мен Владимир Кудрин (Ақмола облысы) бөліп алды.  70 келі салмақта елордалық Санжар Досжанов топ жарса, алматылық Егор Анчугин күміс медаль, Мейіржан Аширов (Жамбыл облысы) пен Досжан Әсетов (ШҚО) қолаға қол жеткізді. 79 келі салмақта атыраулық Болат Сақаев алтын жүлде алса, күміс медаль жамбылдық Нұрдәулет Қуанышбайға, қола медаль Жігер Закиров (Алматы облысы) пен Дәулет Ергешке (Жамбыл облысы) бұйырды. Ал 92 келі салмақта алматылық Ризабек Айтмұхан қара үзіп кетсе, павлодарлық Әбдіманап Байгенжеевке күміс медальға, Нұрдәулет Бекенов (ШҚО) пен Нұрғали Нұрғайыпұлы (Астана) қола медальға ие болды. Тартыстың аса ауыр салмағы – 125 келіде ақтөбелік Юсуп Батырмұрзаев қарсылас шақ келтірмесе, жамбылдық Әлішер Ерғали күміс тұғырдан көрінді. Аталған салмақта Омар Эюбов (Алматы облысы) пен Талғат Жиентаев (Қостанай облысы) қолаға қол созды. Жалпы есепте Жамбыл облысы 1-орын алса, Астана қаласы 2-орыннан көрінді. Үздік үштікті Павлодар өңірінің еркін күрес шеберлері түйіндеді. Осымен VI жазғы Қазақстан Спартакиадасында балуандар бәсекесі аяқталды. Бұдан бұрын грек-рим және әйелдер күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталған. Грек-рим күресінен жалпы есепте Шымкент қаласы топ жарса, Жетісу облысы 2-орын алды. Үздік үштікті ШҚО түйіндеді. Ал әйелдер арасында Алматы облысының балуандары тұрақты өнер көрсетіп, жалпы есепте көш бастады. Одан кейін Ақмола мен Түркістан облысы жайғасты.
«Ұлттық құраманың барлық балуаны дерлік күресті. Таңғалдырған ешкім болған жоқ. Бәрі бір-бірін жақсы біледі. Осыған дейін 53 келіде сынға түскен Эллада Махяддинова Олимпиада бағдарламасына кіретін 50 келіге ауысып, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп шықты. Енді оқу-жаттығу жиынын өткізіп, наурыз айында өтетін Азия чемпионатына аттанамыз»,- деп айтты әйелдер күресінен Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев.

Айбике Жанасыл