Қандастар арасынан бір халық қалаулысы шығуы керек – журналист

Қандастар арасынан бір халық қалаулысы шығуы керек – журналист

Қандастар арасынан бір халық қалаулысы шығуы керек. Бұл пікірді белгілі журналист Нұрбек Бекбау айтты.

«Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек болғалы тұр. Өйткені сайлау процесінде біршама жаңашылдық бар. Оның барлығын тізбектеп жатудың қажеті шамалы, бұған дейін де сан рет айтылды. Мемлекеттік БАҚ тарапынан да, өздерін оппозиция санайтын топ тарапынан да плюс, минусы әбден сарапталған. Айтпағымыз, қандастар мәселесі. Ел ішінде «оралман» аталып кеткен топтан бұл сайлауда 700 мыңға тарта адам дауыс береді екен. Осы тұста, ескерте кетсек, заң тіліндегі «қандастарды» бұлай бөле-жарып қарау, дұрысында этикаға жат келуі мүмкін. Десе де, мұндай ахуал көп мемлекеттерде қалыптасқан, бар дүние. Отандастарымызға оралман ретінде қарайтын көзқарастан әлі арыла қойған жоқпыз», – деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасына.
Нұрбек Бекбаудың пайымынша, олардың өздері де бір-бірін қолдауға, қолпаштауға, жақын тартуға әзір.
«Мұны жаман деуден аулақпыз. Жақсы үрдіс. Барлық қазақ солай болуы тиіс. Алайда сол қандастарымыздың мәселесі де аз емес. Парламент мінберінде де, БАҚ бетінде де талай көтерілген. Әлі де өзекті күйінде. Бірақ қандастардың мәселесін, проблемасын өздерінен артық ешкім түсінбейді. Мұны да ескеруге тиіспіз. Сондықтан олардың да арасынан бір депутат шығуы керек. Можаритарлық жүйе қолданысқа енгізілген тұста, шеттен келген бауырларымыз мұны пайдалануы керек. Бұл – үлкен мүмкіндік оларға берілген», –  дейді Нұрбек Бекбау.
Ол Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бірде-бір азамат депутат мінберіне көтерілмегінін алға тартады.
«Әлгі, бәріміз жапа-тармағай жамандап жатқан Ескі Қазақстанда қандастар арасынан бірде-бір азамат Парламент креслосына отырмапты. 1991 жылдан бері бірде-бір оралман депутат болмаған. Жапа-тармағай жамандауға қосқан бес тиынымыз», – деп жазды Нұрбек Бекбау.
Журналист осы жолы сайлауға түсіп жатқан азаматтардың арасында қандастарымыздың бар екенін атап өтті.
"Енді соларды жаңағы 700 мыңға тарта қандастарымыз қолдайды деген үміттеміз. Басқаларымыздан да қос азаматқа пейіл танытатындар баршылық деген ойдамыз. Қысқасы, қандастар арасынан да бір халық қалаулысы шығуы керек",  – делінген автордың жазбасында.