Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасында құны 200 млн теңге тұратын SIEMENS ангиограф аппаратымен науқастарға тегін ота жасалуда. Бұл жаңа медициналық құрылғы асқынған коронарлық синдромды анықтап, миокардия инфаркт, жүрек қан тамырларына ота жасауға мүмкіндік береді.
Агиограф арқылы жыл басынан бері 55 коронографиялық зерттеу, 27 науқастың жүрегіне күрделі ота, 2 аритмологиялық ота, 3 науқастың ми тамырына ота жасалған.
«Жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін біз бұрын науқастарымызды ота жасатуға жолдамамен Ақтау, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына жіберетін едік. Мұндай операциялар өте қымбат тұрады. Енді мұндай күрделі ота өзімізде жасалып отыр. Қаңтар айынан бастап міндетті әлеуметтік сақтандырудан өттік, сондықтан бұл оталар тегін жүргізіліп жатыр», – дейді аурухананың бас дәрігері Мұрат Сарыев.
Соңғы үлгідегі көпфункционалдық аппаратпен дәрігерлер күніне 4-5 адамды қабылдап отыр. Замануи жабдықтың «тілін» білетін арнайы маманды Ақтау қаласынан алдырған. Кардиохирург Қобылан Жариев – Алматы және Ақтау қаласындағы ауруханаларда қызмет еткен, он екі жылдық еңбек өтілі бар жас маман.