Әуежайда заң бұзған Үндістанның үш азаматы елден шығарылды
Әуежайда заң бұзған Үндістанның үш азаматы елден шығарылды
1,137
оқылды
Үндістанның үш азаматы ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. Жыл басынан бері көлік полицейлері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 121 азаматты, оның ішінде 86 шетелдікті Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартты. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты. Оның сөзінше, Алматы қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 19, 21 және 32 жастағы Үндістан азаматтарын анықтады. Олар заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен астам уақыт ішінде елден кету туралы талапты орындамаған. – Көлік полицейлері шетелдіктерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы  4-бөлігі (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Дәл осындай құқықбұзушылық Шу стансасында Көкшетау–Қызылорда бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде де анықталды. Бұл жолы Тәжікстан Республикасының 28 жастағы азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің  517-бабы 4-бөлігі (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соттың шешімімен жоғарыда аталған құқықбұзушыларға ҚР аумағына кіруге 5 жыл мерзімге тыйым салу белгіленіп, Қазақстаннан тыс жерлерге шығарып жіберу түрінде жауапқа тартылды, – деп сөзін түйіндеді Мадияр Айтуғанов.