Аралда балықтың 19 түрі өсіріледі

Аралда балықтың 19 түрі өсіріледі

Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында тың бастамалар жүзеге асырылып келеді. Барлық сала бойынша ілгерілеушілік бар. Соның ішінде теңізді өлкенің байырғы ата кәсібі – балық шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл жайында Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов мәлімдеді. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді. Балық шаруашылығын өркендетуде өткен жылы 7,7 мың тонна балық ауланып, 4534 тонна өнім өңделген. Негізінен балықтың 17 түрін аулау жолға қойылған. «Жалпы ауданда балық шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынып, тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтар қатары көбейді. Ауданымызда балық аулаумен қатар, одан өнім түрін көбейту жұмыстары да жолға қойылған. Атап айтқанда, жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату, ыстау сияқты жұмыстармен айналысады. Ерекше айта кететін жайт, «Арал балық өңдеу зауыты» мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісін алды. Осы арқылы Арал теңізінің онімдерін бірқатар шет мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндігі артты. Негізінен ауданда мал шаруашылығы, балық пен егін шаруашылығын дамыту бойынша 30 жоба жүзеге асырылды.  Сонымен қатар 2024 жылға дейін ауданда егін көлемін 3000 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Соның негізінде былтыр аудан «Мал және балық шаруашылығын дамыту» бойынша үздік атанды. Осы орайда ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады», - дейді бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов. Ауданда жайылымдық, шабындық және суармалы егістік жерлерді суландыру мәселесі де назардан тыс емес. Бұл бағытта 13 су ұңғымасы қазылып, 10 канал тазартылды. Егін шаруашылығын дамыту ісінде де екпін бар. «Биылдың өзінде ауданның әлеуетін арттыру бағытында индустрияландырудың ІІІ бесжылдығымен мыңнан аса адамды жұмыспен қамтитын 7 жоба жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, осы жылы «Тезис» компаниясы арқылы құны 10 млрд. теңгеге жуық қаржыға ауылдық елдімекендерде күн сәулесі электростанцияларын орнату жоба іске асырылады. Сондай-ақ, биыл ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған 14 жоба қолға алынбақ», - дейді Серік Сағитжанұлы. Аудан әкімінің айтуынша,  құрылыс саласында да тың серпін бар. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. Осы орайда айта кету керек, аудан халқына көптен бері қиындық туғызған көпір мәселесі де шешімін тапқан. Биыл теміржол бойындағы көлік қатынасын реттеу мақсатында жаңа көпірдің құрылысы басталатын болады.