«Сенгім келмейді…» – министр Бағдат Мусин Түркияда қаза тапқан Мирболат Құрмашевтің еңбегі туралы айтты
«Сенгім келмейді…» – министр Бағдат Мусин Түркияда қаза тапқан Мирболат Құрмашевтің еңбегі туралы айтты
Фото: Бағдат Мусиннің Facebook-тағы парақшасынан алынды
879
оқылды
Түркиядағы жер сілкінісінен екі қазақстандық қаза тапты. Бірі – Әділ Қадырбеков, екіншісі – Мирболат Құрмашев.  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мирболат Құрмашевпен ЖОО-да бірге оқығанын айтып, естелігімен бөлісті. Мирболат Құрмашевтің еңбекқорлығы туралы Facebook-тағы парақшасында жазба жариялады. 

«Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді… Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық.

Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді. Мағжан «Астана хабты» құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмектесті. Тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты. Қазақстанда оның бірнеше бизнес бастамалары болған, 2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ, Мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шетелде жүзеге асырамын деген еді. Мирус – жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақтау үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты. Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Стамбулдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған «Астана хабтың» өкілі болуды ұсындық. Өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді. Студенттік кезден де жақсы естеліктер көп. Иманды болсын. Жаның жәннаттан орын тапсын бауырым...», – деп жазды министр Бағдат Мусин. Бүгін түнде жер сілкінісінен қираған үйдің астынан Мирболат Құрмашевтің мәйіті табылды.