Қазақстан мен Канада ғалымдары сутегі энергетикасы саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді
Қазақстан мен Канада ғалымдары сутегі энергетикасы саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді
Еуразия ұлттық университеті мен Онтарио университетінің технологиялық институтының ғалымдары сутегі энергетикасы мен ядролық физика саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Қазақстан мен Канада жоғары оқу орындарының  өкілдері сутегін өндіру технологиясын дамыту және оны қолдану перспективалары, ауыл шаруашылығы саласында баламалы энергияны пайдалану мәселелерін талқылады.  ЕҰУ халықаралық ғылыми коллаборацияны белсенді дамытуда. ЖОО ректоры Ерлан Сыдықов инженерия саласындағы белгілі ғалым, Онтарио университетінің технологиялық институтының профессоры Ибрагим Динцермен ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Тараптар сутегі энергетикасы саласындағы инновациялық технологияларды әзірлеуді, Қазақстанның аграрлық секторында баламалы энергияны қолдану және сутегі отын элементтері негізінде энергия жинақтаушы бойынша зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ЕҰУ физик-ғалымдары канадалық профессормен бірлесе литий-ионды және натрий-ионды батареялардың компоненттерін жасау жобасын коммерцияландыруға кіріседі.
 «ЕҰУ-да қызметкерлердің жұмысына деген көзқарасы, қарым-қатынас деңгейі тәнті етті. Мен үшін тіл табысу, барлығын егжей-тегжейлі білу өте оңай болды. Өзім әртүрлі салаларда зерттеулер жүргіздім. Солардың бірі жоғары температуралы жылуды, фотоэлектролизді қолдана отырып, H2 термохимиялық өндірісі, содан кейін зертханада реакторлар жасадым. Мысалы, соңғы жұмысым – су мен алюминийдің химиялық реакциясынан сутегі өндірісі болып табылады және біз бұл өндірісті коммерциялық негізге қоямыз. Мен жанармай, энергиятасымалдағыш және шикізат түрінде сутегіге көшу қажеттілігін атап өткім келеді. Канададағы Ошава қаласында H2 өндіру, оны әртүрлі салаларда сақтау және пайдалану мақсатында сутегі хабы құрылды», - деп атап өтті канадалық ғалым Ибрагим Динцер.
Белгілі ғалым Еуразия ұлттық университетіне бір апталық сапары барысында ғылыми инфрақұрылыммен танысып, қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері мен ғалымдарының алдында «Сутегі негізіндегі инновациялық энергетикалық шешімдер» және «Технологиялық табысқа жету үшін зерттеулер, инновациялар және коммерцияландыру тұжырымдамалары» тақырыптарында сөз сөйледі. Дәріс барысында канадалық профессор тұрақты дамудың энергия, білім, экономика, қоршаған орта және этика тәрізді 5 секторына ерекше көңіл аударды. Ибрагим Динцер баламалы энергия көздеріне кеңінен тоқталып, сутегі тиімдә кәдеге жарату жолдары жайлы әңгімеледі. Айта кету керек, Thomson Reuters компаниясы соңғы 9 жылда канадалық профессорды инженериядағы ең ықпалды ғалым және ең көп сілтеме жасалған зерттеушілердің бірі ретінде таныды. Оның Хирш индексі h=113-ке тең. Ғалым сутегі және аммиак технологиялары, энергияны қалпына келтіру және сақтау, гибридті және интеграцияланған энергетикалық жүйелер мен  балама отын элементтерін өндіру технологиялары бойынша көптеген жобаларды жүзеге асырды.