Хабар-ошарсыз кеткен қазақ қызы Хатай провинциясынан табылды – СІМ

Хабар-ошарсыз кеткен қазақ қызы Хатай провинциясынан табылды – СІМ

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабар-ошарсыз қалған бір отандасымыз Хатай провинциясынан табылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркиядағы жер сілкінісінен кейін министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желісіне 1 мыңнан астам қоңырау түсті. Негізінен Түркия аумағындағы туыстарын табу туралы өтініштер айтылды. Сонымен қатар, Түркиядағы дипломаттарымызға қоңыраулар мен өтініштер түсіп жатыр. Олар осы бірнеше күн ішінде 150-ден астам отандасымыздың орналасқан жерін анықтап, Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектесті. Өңірдегі ауыр жағдайды, байланыстың болмауы немесе байланыстағы қиындықтарды ескере отырып және азаматтарымызға қажетті көмек көрсету үшін дипломаттар апат аймақтарына, атап айтқанда ең көп зардап шеккен Газиантеп, Антакья және Кахраманмараш қалаларына барды. Көптеген отандасымызға қауіпсіз жерге көшуге көмек қажет болды, олар көлікпен, тамақпен және баспанамен қамтамасыз етілді», – деді ол.
Айбек Смадияровтың атап өтуінше, кейбір азаматтарымыз елге оралуға ниет білдірген. Сонымен қатар, көптеген қазақстандық тұрғын үйлерінің бұзылуына байланысты құжаттарын жоғалқан. Консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берген.
«Кейінгі 4 күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязыктан 124 Қазақстан азаматы шығарылды. Оның ішінде 58 Қазақстан азаматы Астанаға репатриациялық рейстермен жеткізілді. Сонымен қатар, Қазақстанның тағы бір азаматы хабар-ошарсыз кетті деп есептегенбіз. Біз оны Хатай провинциясынан таптық, ол екі күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір аман-сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зардап шеккен жоқ», – деді Айбек Смадияров.
Еске салсақ, ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, 7 ақпанда министрліктің жедел желісіне 4 дос жер сілкінісінен кейін байланысқа шықпай қалғаны туралы қоңырау түскен. Солардың бірі – Сабина Мамадьярова аман табылған еді. Ол қазір Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында. Кеше оның зақымдалған қолына ота жасалған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мирболат (Мирус) Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің денесі табылды. Марқұмдардың мәйіті 11 ақпанда елге жеткізіледі.