Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының басшысы Оуэн Мёрфимен кездесті.
Кездесуде Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі депутаттарының алдағы кезектен тыс сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жаңа сайлау қағидалары мен нормалары бойынша өткізілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорционалды-мажоритарлық модельге көшу, Мәжіліс пен мәслихат депутатын кері қайтарып алу бойынша императивті мандат енгізу, дауыс беру күні сайлау учаскесінде БАҚ өкілдерінің қатысу мүмкіндіктерін кеңейту туралы нормалар күшіне енді.
Нұрлан Әбдіров сайлау заңнамасына бірқатар басқа түзетулер 2021 жылғы парламенттік сайлауды бақылау қорытындылары бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының ұсынымдарына толық жауап беретінін ерекше атап өтті. ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкілдеріне науқанның барлық кезеңдері және сайлауға дайындық кезеңіндегі сайлау органдарының іс-әрекеттері туралы ақпарат берілді. Комиссия Төрағасы саяси партияларды, БАҚ, ҮЕҰ өкілдерін, жастар мен мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, сайлау процесінің ұйымдастырушыларын және басқа да қатысушыларын оқытудың маңыздылығына тоқталды. Ол Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын заңнамаға қатаң сәйкес жүргізуді қамтамасыз ететінін және салауатты және адал бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайтынын жеткізді.