Заманына қарай амалы...

Заманына қарай амалы...

Қазір жастар арасында белгілі бір тақырып аясында фотосессия жасау трендте. Сол үшін ақ көйлекпен лай кешіп, смокингпен шаңғы тебетіндер бар. Одан бөлек, жүкті әйелдерге арналған түсірілім жасау да қажеттілікке айналғандай. Сәйкесінше, фотограф, мобилограф ма­манына сұраныс артқан. Осы орайда жас­тар ЖОО-ға түспей-ақ арнайы курстарды бітіріп, табыс тауып жүр. Асқар БУМАГА, фотограф: – Бұл тақырып менің хи­каяммен тікелей байла­нысты. Осыдан 12 жыл бұрын Алма­тыдағы екінші ЖЭО-де қазан­дықтың қасында жүретінмін. Тұрақты жұмысым арқылы институттағы оқу ақысын тө­ледім. Бірақ іштей жаным шығармашылықты қалады. Бірде бәрі өзгеріп шыға келді. Бұл үйлену тойыма сыйға тартқан Canon 50D фотоаппаратының күші еді. 13 жасымнан суретке түсіруге қызығатынмын. Ойымдағы құрал қолға тиген соң тынбай түсіруді бастап кеттім. Әуелде баспаға фотограф ретінде жұмысқа тұрдым. 2012 жылдан бастап жеке жұмыс істеймін. Түсірілім бағасы – 800-ден 2 мың долларға дейін. Қызығы, қазір 2024 жылға тіркелу басталды. Тапсырыстың көп болғаны сұра­нысты қанағаттандыра алатыныңды біл­дірсе керек. Қазір өмірден, кәсіптен түйген-білгенімді жастарға үйретіп жүрмін. Ішінде курс та, шеберлік сағаты да бар. Табиғат аясында өткен шеберлік сағаты ерекше шабыт сыйлайды. «Бумажный марафонды» бітірген жастар көп. Сондықтан олардың белгілі бір курс біті­ріп, жаңа мамандық меңгергенін құптаймын. «Қо­лыңнан келсе, қонышыңнан бас» деген. Мүмкін­дікті пайдаланып, рухани және кәсіби өскенге не жетсін?! Тілектес СЫДЫҚ, мобилограф: – Жалпы, бакалаврды Мұнай-газ ісі мамандығы, магистратураны Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Экология және табиғатты пайдалану бо­йынша оқыдым. Сол кезде әлеу­меттік желіден мобилогра­фия курсы жайлы жарнаманы көрдім. Осылайша, онлайн оқу курсынан өттім. Одан бөлек, еліміздегі мо­билографтармен қатар, Америка, Ресей маман­дары­нан сабақ алдым. Кейінгі үш жылда танымал кәсіп­керлермен, Lexus компаниясымен, Alani мейрамхана­сымен, Shoq doner-мен жұмыс істеп, мол тәжірибе жинадым. Былтыр шілдеде бірден екі фотосуретім Apple компаниясының ресми парақшасына шықты. Қарқынды дамып келе жатқан сала болғаннан кейін үнемі білімді шыңдау маңызды. Қазір Instagram-дағы блогер мен мобилографтың өмірін көріп, оқуын тастап кетіп жатқан жастар бар. Меніңше, бұл дұрыс емес. ЖОО беретін білім бөлек. Әрине, бұл студенттің білім алып жатқан оқу орнына байланысты. Оқуды тастау трендке айналып бара жатқаны қынжылтады. Цукер­бергтің, тағы басқасының өмір тарихын көріп алады да, шешім қабылдайды. Мұның ілуде бір кезігетін жағдай екенін түсінбейді. Оқуды аяқтап немесе қосымша алып жүріп-ақ саланы меңгеруге болады. Мобилографияны оқып алып, бірден байып кеткісі келетіндер де жетерлік. Әрине, қажетін өтегісі келеді. Десе де, ол үшін оқуды құрбандыққа шалмай-ақ, са­ланы дамытуға, оқуға болады. Бірде маған оқырманым вахта тәртібімен жұмыс істейтінін, 400 мың теңге жалақы алатынын айтты. Бірақ осыны тастап, моби­лографияға бет бұруды ойлап жүргенін жазып, кеңес сұрап тұр. Міне, осыдан-ақ адамдарда реалистік көз­қарас жоғын байқаймыз. Иә, армандау, визуализация жасау керек. Бірақ нақты мақсат пен межені ұмытпаған жөн. Жасыратыны жоқ, қазір жастардың қызығу­шылығы ақшамен байланысты. Соған қарай әлеует те жоғары. Осыдан төрт-бес жыл бұрын креатив видео, баннер жасау үшін камера, компьютер керек деп ойласақ, қазір бір телефонмен-ақ біраз дүние тынды­расың. Креатив, озық ойлайтын жастардың шығып жатқаны содан. Осы қарқынды жалғастыра берсе, еліміздің сіз бен біз көрмеген әдемі жерлерін білеміз. Instagram мен TikTok заманында танымал болу бір-ақ сәт. Танымал болудың екі түрі бар. Бірден танымал болып, бір-екі күннен соң ұмытылу. Келе-келе таны­мал болып, толқында қалу. Мысалы, Қырғызстанның тиктокері Арген (@argenby) ми­ми­касымен-ақ көп­шілікті жаулап, шетелдің танымал адамдарымен кол­лаборация жасап жүр. Меніңше, бұл ішкі туризмді дамытуға айтарлықтай көмектеседі. Себебі оларда миллиондаған аудитория бар. Ксения АЛЬГАЙЕР, фотограф: – Қазір той түсірілімдеріне жыл бойына орын жоқ. Қыста жаз бен күзгі түсірілімге алдын ала жазылатындар көп. Ал қал­ған түсірілім жайын екі ай бұ­рын хабарласып, білесіз. Өзіме жұмысым ұнайды. Әрі мау­сым­ға қарай жанданатын жұмыс екені тағы бар. Ал жақсы қаражатты кез келген жұмысты ыждаһатпен істеу арқылы тауып аласыз. Сондықтан жастарға айтарым, кез келген мүмкіндікті пайдалану керек. Олардың курс бітіріп-ақ қысқа мерзімде жағдайын жасап алғанына қарсы емеспін. Оның үстіне, үздіксіз білім алатын заманда араға бірнеше ай салып қайта шыңдалып отырған дұрыс. Ешкімге еліктеуге, теңесуге тырыспаған жөн. Өз басыма келсем, Gekkel System Studio-да маманмын. Бәрі тәжірибемен келді. Мәселен, ең көп қаржы жұмсаған әрі пайда тапқан түсірілімім Мәскеуде өтті. Арнайы студияда түсірілім жасадық. Мұндай мүмкіндік ерекше эмоция сыйлайды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ