Ежелгі өркениеттер бесігі саналатын Таяу Шығыс тыншымай тұр. Соңғы жылдардағы саяси жанжал мен әскери қақтығыстардың ордасына айналған өлке осы аптада қуатты зілзаладан зардап шекті. 6 ақпан күні болған жер сілкінісі Түркия мен Сирия үшін ауыр болған жайы бар. Әсіресе, Түркияның оңтүстік шығыс аймақтарындағы апаттың ауқымы зор. Қаза тапқандар мен жараланғандардың саны әлі нақты емес. Дегенмен зілзаладан тек Түркияның өзінде 20 мыңнан астам адамның қаза тапқаны белгілі болды. Ал Сирияда апат салдарынан қайтыс болғандар саны 3 мыңнан асты. Мұның өзі соңғы дерек емес.
Әрине, «Апат айтып келмейді» деген бар. Әсіресе, жанартау, зілзала, дауыл, қар көшкіні, сел, топан су тәрізді табиғи апаттарды дәл болжау оңай емес әрі алдын алу да қиын. Сөз жоқ, түрлі зерттеулер, бақылаулар арқылы жер бетінде болатын табиғи апаттар қаупін алдын ала болжауға болады. Кейде қар көшкінін жарылыс арқылы қолдан жасап, алдағы уақытта болуы мүмкін апаттың зардабын жоюға, арнайы бөгеттер әзірлеп, су тасқынына қарсы даярлануға болады. Бірақ жер сілкінісінің қашан болатынын болжау мүмкін емес, оның зардабын азайтуға бағытталған әрекет жасау да ұзақ уақыт пен мұқият қадағалауды, мол қаржыны қажет ететін іс. Ал жер бетінде зілзала жиі болып тұратын аймақтар бар. Ғалымдар оны баяғыда-ақ анықтап қойған. Дегенмен осы аймақтарда қуатты жер сілкінісі қай уақытта болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Түркия мен Таяу Шығыстың бірқатар аймақтары да зілзала қаупі жоғары, ғылыми ұғыммен түсіндірсек, бірнеше литосфералық тақталардың түйіскен жеріне сәйкес келеді. Демек, бұл аймақта зілзала болу қаупі қашан да жоғары болатын. Өкініштісі, күшті жер сілкінісі осы аптада тіркелді.
Болжамдар ақиқатқа айналған күн
Таяу Шығыстың бірқатар аймағында қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ғалымдар жиі айтатын. Дегенмен аймақтағы ең қауіпті аймақ Түркия жері саналады. Өйткені ол жер қыртысының «Анадолы тектоникалық тақтасы» дейтін бөлігінде орналасқан. География ғылымында жердің беткі қабаты әдетте түрлі литосфералық тақтаға бөлінетіні айтылады. Ал Анадолы тектоникалық тақтасына солтүстіктен Еуразия, оңтүстіктен Африка және Арабия тақтасы қысым түсіретіндіктен, жер қыртысының осынау бөлігі батысқа қарай жылына 2-2,5 см жылжитын көрінеді. Ал мұндай аймақтарда жер сілкінісі жиі болады. Ғалымдар мұны біледі және білгендіктен, осы аймақтарда жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан Түркияның 10 провинциясындағы көптеген қала мен елді мекенді қиратқан, эпицентрі Қаһраманмараш қаласына сәйкес келген зілзаланы алдын ала болжағандарды бұқара әулиедей көрді. Мәселен, голландиялық ғалым Франк Хугербитс 3 ақпан күні Тwitter-де Түркия мен Сирия, Иордания мен Ливан жерінде қуаты 7,5 балл болатын жер сілкінісі болуы мүмкін екенін жазған. Сол себепті медиа мен әлеуметтік желілер аталған ғалымды сейсмологияның «әулиесіне» теңеді. Бірақ оның Тwitter-дегі жазбасында «ерте ме, кеш пе» деген сөз бар. Оған назар аударған ешкім болған жоқ. Іс жүзінде өңірдегі сейсмикалық ахуалды көптеген ғалымы бақылап отыр. Дәл Қаһраманмарашта қуатты зілзала болуы мүмкін екенін түрік ғалымы Өвгүн Ахмет Ержан бірнеше рет айтқан. Мәселен, 2020 жылы ол Қаһраманмараш өте қауіпті аймаққа айналғанын, ондағы ғимараттар толық тексеріліп, зілзала кезінде қирауы мүмкін нысандар ертерек анықталуы тиіс екенін ескерткен еді. Тіпті, ол өңірде қуаты 7 балдан асатын жер сілкінісі жақын уақытта болуы мүмкін екенін атап өткен-ді. Ал профессор Алижан Коп 2022 жылдың шілдесінде Қаһраманмараш провинциясында тіркелген бірнеше жер сілкінісінен кейін, өңірде кез келген сәтте қуаты 7 балдан асатын зілзала болуы мүмкін екенін айтқан. Яғни, ғалымдар жер қыртысындағы геологиялық құбылыстарды ұдайы бақылап отыратынын, оған бейжай қарамау керек екенін айтумен келеді. Ғалымдардың көбі Анадолы мен Арабия тектоникалық тақталары түйісетін Шығыс Анадолы жарықшағы жуық арада опырылып түсуі мүмкін екенін болжаған. 2020 жылы 20 қаңтарда Түркияның Елазыг аймағында болған қуаты 6,7 балға жеткен зілзала біз сөз еткен жарықшаққа қатты әсер еткенін айтумен болды. Ендігі зілзаланың зардабы зор екенін ескертіп жатты. Бірақ бұқара мен билік өкілдері ғалымдардың ескертулерін жүрдім-бардым тыңдайтын кездері болады. Әрі сейсмикалық белсенді аймақтардағы құрылыстарды жер сілкінісінің әсеріне төтеп беретіндей етіп жөндеу немесе қайта салуға уақыт та, қаржы да жоқ еді. Жердің терең қабатында жиналған қуатты энергия ақыры Түркияға соққы болып тиді. Әрі афтершоктар әлі жалғасып жатыр. 6 ақпаннан 10 ақпанның кешінде дейін аймақта 1604 рет жер сілкінді. Қуаты төмен дегенімізбен осынау афтершоктардың өзі Түркиядағы зілзаланың аса қуатты болғанын көрсетеді. Тіпті Италияның геофизика және вулканология ұлттық институтының директоры Карло Дольони Түркиядағы жер сілкінісінен соң Арабия тақтасы Анадолы тектоникалық тақтасына қарай 3 метр жылжығанын мәлімдеп жіберді. Жылына 2-3 см жылжиды деп есептелетін литосфералық тақталардың бұл қозғалысы өңірдегі жағдайдың әлі де қауіпті екенін көрсетеді. Дегенмен дәл 3 метрге жылжыды ма, жоқ па, ол жағы әзір белгісіз. Оны ғалымдар ұзақ зерттеулерден соң анықтайды. Ал осы аймақта біздің дәуіріміздің 115 жылы 260 мың адамның өліміне себеп болған 7,5 балдық, 525 жылы 250 мың адам қайтыс болған 8 балдық зілзала тіркеліпті. Мамандар аймақтың сейсмикалық қаупін бағалау кезінде осы мәліметтерді де ескеретіні сөзсіз. Оның үстіне, Қаһраманмараштағы зілзала Түркияда 1999 жылы болған апаттан да ауыр болды. Сол жылы Қожаелі деген жердегі апаттан 17 мыңнан астам адам мерт болып еді.
Табиғи апат адамзатты біріктіреді
Түркия мен Сириядағы апат күллі адамзатты елең еткізді. Адамзат баласы қазақтың «өзіңнен зор шықса...» дейтін тәмсілінің мәнін табиғи апатпен бетпе-бет келгенде ғана түсінетін сыңайлы. Әйтпесе, тыныш күнде бір-біріне қыр көрсетіп, қару кезеніп, атысып-шабысып жататын жұртпыз негізі. Шамасы, табиғаттың алдында әлсіздігімізді апаттардан соң ұғатын тәріздіміз. Оған Түркия мен Сириядағы апаттан соң көзіміз тағы жетті. Мәселен, Түркияға Армения мен Грекия тәрізді «дос емес» мемлекеттер де көмек көрсетіп жатыр. Сирияға Еуропа одағынан да, АҚШ-тан да көмек жөнелтілді. Тіпті, ресми Уашингтон Сирияға салынған санкцияларды 2023 жылдың 8 тамызына дейін тоқтата тұруға шешім қабылдады. Әдетте батыс елдері Башар Асад режимін құлатуға мүдделі екенін байқататын. Бірақ зілзаладан соң Сирия билігінің апатпен күресуіне көмектесіп жатыр. Дегенмен ең ауыр зардапты Түркия тартып жатқандықтан ба, Анадолы жұртына көмек қолын созғандардың қарасы қалың. Зілзаладан соң Түркияға көмектесуге ниет танытқан мемлекеттердің саны 95-ке жетсе, 38 мемлекет іздестіру-құтқару топтарын жіберді. Дүниежүзілік банк әзірге 780 млн доллар бөлуді қарастырып жатыр. Кейін тағы 1 млрд доллар бөлуі мүмкін. БҰҰ 7 ақпан күні зілзаладан зардап шеккен елдерге 25 млн доллар бөлді. Түрлі мемлекет пен ұйым, жеке адамдар Түркияға да, Сирияға да қаржылай, материалдық қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Иран елі Сирияға да, Түркияға да құтқарушы жіберсе, мұндай қадамға Армения да барды. Қазақстан Түркияға құтқарушылардың 2 тобын аттандырып, Сирияға гуманитарлық көмек жөнелтетін болды. Катар, Иордания тәрізді мұсылман мемлекеттері Сирияға қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Ал Қырғыз Республикасы мен Қазақстан азаматтары киіз үй жіберу үшін қаржы жинады.