Тарихты танытып, трендте жүр
Тарихты танытып, трендте жүр
© коллаж: Әсел Балтақызы
580
оқылды
Әлеуметтік желідегі Unknownkazak парақшасын жастар қызығып оқиды. Қазақ тарихының қатпарлы парақтары­нан, тұлғалардың ұлағатты өмірінен сыр шертетін жобаның авторлары – ерлі-зайыпты Диас пен Әйгерім Камеридановтар. Жақында бұл жоба «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Рухтастар» сыйлығын да иеленді. Осыған орай, жоба жетекшілерімен тілдестік.
Unknownkazak блогының авторы Диас Камериданов ешқашан тарих­шы болуды армандамаған. Ол елор­дадағы №11 лицейді бітіріп, Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алады. Мамандығы бойынша бүгінге дейін жұмыс істейді. Алайда Диастың тарихқа деген қызығушылығы қо­ғамдық салада белсенді болуына әсер етті. Instagram желісіндегі Unknownkazak парақшасына 156 мың адам жазылған. Тек қана тарихи деректер мен даулы тақырыптарды қозғайтын парақша үшін бұл үлкен көрсеткіш. Диас өзін әзілдеп «аста­наның құрылысшысы» деп атайды. Себебі кейіпкеріміздің ата-анасы 1997 жылы астананың Ақмолаға ауысып жатқан кезінде көшіп келген. Ал Диастың тарихқа деген қызы­ғу­шылығы Арқалықтағы үйінің кітап­ха­н­асынан басталыпты. «Болат Жан­дарбековтың «Сақтар» романын ерек­ше жақсы көрдім. Бұл кітапты бе­сінші сыныпта оқыдым», – деп ба­лалық шағын есіне алды Диас Камериданов.
Осылайша, Қазақстан тарихы ту­ралы барлық көркем шығармаларын оқып, кейін публицистика мен ғылы­ми-көпшілік әдебиетке бет бұрады. Мессенджерлер пайда болған кезде ол өзінің білген ақпараттарын топтық чаттарда, туыстарымен, достарымен бөлісе бастайды. Бірақ жақындары тарапынан Диастың тың деректеріне кері байланыс болмайды. Мұны байқаған Әйгерім жұбайының та­рихқа деген қызығушылығын баға­лап, Unkownkazak блогын құру жайлы ой тастайды.
– 2018 жылы осы блогты құру идеясы келді. Әуеліде Telegram ка­налынан бастағанбыз. Адамдардың қызығушылығын көрген соң Instag­ram-да парақша ашуды жөн көрдік. Бұл жобаның артықшылығы автор­лардың болуында шығар. Себебі оқырмандарымызға біздің стильдегі, яғни авторлық ақпараттар ұнайды, – дейді Әйгерім Камериданова.
Қысқа мерзім ішінде ерлі-зайып­тылар Telegram-да 100-ден астам жазылушыны жинайды. Бірақ сол жылдары қоғамда Instagram желісі танымал болатын. Осылайша, жар­намаға 15 доллар салып, бірнеше күн ішінде Диас пен Әйгерім Instagram-да 300 адамнан тұратын аудитория жи­найды. Сондай-ақ Әйгерім Диастың мәтіндерінің тұрақты редакторы.
Бастапқыда ерлі-зайыптылар жазбаларын өз есімдерін көрсетпей, жасырын түрде жариялап жүрді. «Біз­дің аватарымызда сақ жауынгерінің маскасы болды. Оқырмандар жаз­балардың авторы кім екенін білме­ді», – дейді Әйгерім.
Бірақ олар көп ұзамай аудито­рияның белгісіз авторлардың ақпа­раттарына толық сенім білдірмейтінін байқайды. Себебі тарих ғылымының өзі екіұшты. Даулы оқиғаларға әр та­рихшы әртүрлі пікір білдіреді. Оқыр­мандардың сеніміне ие болу үшін 2019 жылы Диас пен Әйгерім өздері жайлы айтуға шешім қабылдайды. Диастың айтуынша, unknownkazak парақшасын авторлық блогқа қайта форматтау туралы шешім олар­дың жұмысына жаңа серпін берді. Біріншіден, оқырмандар блогтың жұмбақ меценаттардікі еместігіне көз жеткізді. Екіншіден, жазбаларға арналған тақырыптар тізімі кеңейді. Диас пен Әйгерім оқырмандарға өздерінің саяхаттары туралы айтып, жеке өміріндегі сәттерімен де, тіпті қызықты бизнес идеялары туралы да бөлісе бастады. Қазір олар басқа әлеуметтік желілерді – YouTube, TikTok-ты біртіндеп игеруде.
– Жалпы, әлеуметтік желідегі блогымызды бастаған кезде «қандай да бір медиа болу», «атақты болу» деген мақсат болмады. Ол – біз үшін қа­­ра­пайым хобби еді. Тарихқа, мә­де­ниетке, мифологияға бұрыннан қы­зығатын­дықтан, оқыған, түйген, жи­наған ақпаратымызды басқа адам­дармен бөліскіміз келді. Бас­тапқыда оқыр­ман­­­­дарымыз тек айна­ламыздағы дос­тары­мыз бен таныстарымыз ғана еді. Ал қазір ұсынып отырған кон­тен­тіміз кең ауқымда таралып, оқырман саны күнде көбейіп келеді, – дейді Диас.
Тыйым салынған тақырыптар азайды Unknown kazak сөзі «Белгісіз қазақ» деген мағынаны білдіреді. Осылайша, жоба авторлары еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы ту­ралы қызықты мақалалар мен бей­нероликтерді жастар арасында на­сихаттап жүр. Айталық, «НеАстана» атты бейнероликтер сериясында Диас қала тұрғындарының елорда­ның топонимикасы мен Қазақстан тарихы бойынша білімдерін тексерді. Сұрақтар қатты қиын емес, мектеп бағдарламасы негізінде жасалған. Қаланы аралап жүріп, ол жастардан көшеге есімдері берілген тұлғалар туралы сұрады. Дегенмен сауалнама нәтижесі көңіл көншітпеді. Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов мен Міржақып Дулатовты танымайтын да тұрғындар бар болып шықты. Авторлардың айтуынша, қазақ­стандықтар мұндай олқылықтарға қарамастан, тарихқа бейжай қара­майды. Кем дегенде олар unknow­n­kazak-қа жазылған. Сондықтан Диас пен Әйгерім осы төрт жыл ішінде оқырмандардың та­­рихқа деген көзқарасы өз­­­герді деп санай­ды. Бүгінде тарихи тақы­рып­тар өзекті бола баста­ған. Белсенді жастар мен қазақ эстра­­дасының жаңа буыны қазір тарихи тұл­ғаларға жиі сілтеме жа­сайды. Сонымен қатар тыйым салынған тақы­рыптар да азайған. Мы­салы, бірнеше жыл бұрын жоба авторлары Алаш Орда немесе 1930 жылдар­дағы аштық сияқты өзекті тақырыптарға посттар жария­лай алмаған. Ал қазір кез келген адам осы тақырыптағы көз­қарасын ашық айта алады.
– Егер оқырмандарымызды әр аймаққа бөліп қарасақ, аудито­рия­мыздың 50 пайызы Алматыдан, 35-40 пайызы Астанадан және 10-15 пайызы өзге өңірлер деп ойлаймын. Ал жас ерекшеліктеріне байланысты айтар болсам, бізді көбіне 23 пен 36 жас ара­лығындағы жастар оқиды, – дейді Диас.
Диас Жоба авторлары оқырмандардың өткенді бағалауы барған сайын саналы бола бастағанына қуанышты. Олар мұны өздерінің еңбегі деп санайды. Өйткені олар тарихи де­ректерден ең маңызды дегендерін алып, баршаға түсінікті тілде факті­лерді жеткізеді.
– Контент жасауда тың деректер­ді табуымыздың ешқандай құпиясы жоқ. Барлық ақпарат ғаламторда, кітаптарда бар. Тек көбісі академия­лық қиын тілмен жазылған, біз оны өндеп оқырманға түсінікті бола­тын­дай етіп қысқа нұсқасын жасаймыз. Сондықтан аудиториямыздың көп болып, қаралым санының артуы – тек ақпаратты бөлісіп қоюда емес. Мәселе – ақпаратты жеткізе алу қабілетінде, – дейді Әйгерім.
Көп жағдайда парақшаға оқыр­ман жинау үшін блогерлер таргет жасайды. Ал Диас пен Әйгерім оқыр­ман санын арттыру үшін таргет жасамаған. Сондықтан unknownkazak парақшасының аудиториясы өте сауатты, интеллектуалды адамдар.
– Біз алғашқылардың бірі болып тарихи тақырыпты әлеуметтік желіге жаздық. Қазір мұндай тақырыптар трендке айналуда. Адамдар өткенге үңілмей, келешекке қадам басуға болмайтынын түсінді. Иә, жоба орыс тілінде. Неліктен, не үшін деген сұрақ­тарға парақшамызда жауап та бер­ген­біз. Ең негізгі себептеріміздің бірі – біз сияқты орыс тілді қазақтарға қазақ әлемін ашу, түсіндіру және өз тари­хымызға ғашық қылу, – дейді Әйгерім.
Ал Диастың пікірінше, unknown­kazak-тың мықты тұсы – мазмұнының мәнділігінде. Сондықтан авторлар мә­­тіннің шынайы болғанын қалайды және оқырмандар да осындай стильді ұнатады. Төрт жыл ішінде unknown­kazak авторлары өз аудиторияларын мұқият зерттеген. Енді олар оқырман­дарды не қызықтыратынын және не қызықтырмайтынын нақты біледі. Қоғамда «адамдар танымдық, тарихи дүниелерге қызықпайды» деген тап­таурын түсінік бар. Диас пен Әйгерім «Белгісіз Қазақстан» жобасы арқылы қалыптасқан стереотипті жоққа шы­ғарды. Олардың айтуынша, егер қы­зық­ты етіп берсе, кез келген күр­делі, ғы­лыми деректерді де халыққа наси­хат­тауға болады. Видео-контентті пай­даланған кезде тілді академия­лық стильден қарапайым тілге ауыс­тырған жөн.
– Шынымызды айтсақ, күн сайын бізге көптеген алғыс арқалаған хаттар келеді. Оқырмандар қазақ тіліне, тарихына қызығушы­лық­тарының артқанын, ұлттық әдет-ғұрыптарға басқа көзқараспен қарай бастағандары жайлы жазып жатады. Осының барлығы бізді қуантады. Әрі қарай жұмыс істеуге мотивация аламыз, – дейді Әйгерім.
Диас пен Әйгерімнің блогы кәсіби тарихшылар мен егде жастағы адамдар арасында да танымал. Жан қалауымен ашылған жоба Бүгінде Диас – заңгер және экономист. Ұлттық компанияда жұ­мыс істейді. Ал Әйгерім жеке кәсіп­пен айналысады. Олар Unknown Kazak жобасын табыс табу үшін емес, хобби ретінде бастаған. Осы арқылы, жас буынды, орыстілді азаматтарды қазақ тарихымен таныстыруды мақ­сат етті. Дегенмен уақыт өте келе, Unknown Kazak блогына жарнама берушілер де қызығушылық таныта бастаған. Ерлі-зайыптыларға бір­неш­е жыл бұрын коммерциялық ынтымақтастық туралы алғашқы ұсыныстар түскен. Дегенмен жоба авторлары коммерциялық ұсы­ныстарды бірден қабылдаған жоқ. 156 мың оқырманның алдындағы жауапкершіліктерін түсініп, жар­на­малық ұсыныс туралы ұзақ ойланды. Өйткені блог ақша табу үшін емес, жан қалауымен ашылған. Ал Әй­герімнің айтуынша, жарна­маларға өте қатал талаптар қояды. Сондықтан блогта жарнама өте аз, бірақ сапалы.
– Жарнама туралы ұсыныстар жобамызды бастаған бірінші жыл­дары болмады. Бірақ қазір ұсыныс саны артып келеді. Шынымды айт­сам, жарнама мәселесімен түсетін 10 ұсыныс болса, соның 8-9-ын міндетті түрде қабылдамауға тырысамын. Оның негізгі себебі де сол, мен тек ірі, көлемді ұсыныстармен жұмыс істегім келеді. Қоғамда репутациясы қалыптасқан, біз де олардың тауар­ларын тұтынатын, адал компаниялар болса ғана, ұсынысын қабылдағанды жөн көремін. Себебі бүгін олардың ұсынысын қабылдап, ертең сол қы­лығым үшін ұялып жүргім келмейді. Әрі-беріден соң жарнама жасау, жар­нама арқылы ғана пайда табу – біздің ең негізгі міндетіміз емес. Ал күн­делікті түсіп тұратын суши, пицца сияқты тамақтану орындарының ұсыныстарын бірден қабылда­май­мын. Мейлі аз түссін, бірақ сапалы, құнды ұсыныстар ғана бізге қолайлы. Сондықтан кез келген интеллектуал жобаны бастайтын адамдар болса, қорықпай іске кірісуге кеңес берер едім, – деді Диас.
Жоба авторлары Unknown Kazak жазылушыларымен де жиі кездесіп тұрады. Жа­қында олар оқырман­дармен кері байланыс жасау үшін зияткерлік клуб құрды. Әзірге клуб Астанада екі рет қана жиналды. Дегенмен кез­десуге жастар ғана емес, тарихқа қызығатын үлкен кісілер де келіпті. Зият­керлік клубтың кездесулері мемлекеттік тілде өтеді. Диас пен Әйгерім осы арқылы қазақша сөйлеуді трендке айнал­дырмақ. «Осындай кездесу жасау әрдайым ойымызда болған. Бірақ осы жылдың басында ғана реали­зация жасауға бел будық. Қа­зақтілді іс-шаралардың аз болуына байланысты ана тілімізді дамыт­қымыз келді. Сөзден іске көшуді жөн көрдік», – дейді Әйгерім. Сондай-ақ авторлар тарихқа, мәдениетке қатысты мәліметтерді бөлісуден бөлек, Travel контентті де дамытып жатыр. Былтыр жалпы Қазақстан бойынша Торғайдан бас­тап, Қарқаралы, Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс өңірлеріне дейін саяхат жа­саған. Енді батыс өңіріне баруды жоспарлап отыр.
– Одан бөлек, Өзбекстан, Түркия, Грузия, Үндістан, Еуропа елдерін аралап, жасаған саяхатымызды түсі­ріп, адамдардың таным көкжиегін кеңейтуге сәл де болсын үлес қосып жатырмыз. Жуырда Unknownkazak жобасы аясында интеллектуалды клуб аштық. Бұл қазір әр ай сайын өтіп тұратын игі дәстүрге айналды. Алғашқы кездесудің өзінде 300-400 адамдай жиналып, орын саны жетпей қалды. Еркін ойлы, әр саладағы бі­лім­ді, мықты спикерлерді таңдап, клу­бымызға шақырғанбыз. Кездесу­дің 4-5 сағатқа созылып, келген адамдардың қайта кеткісі кел­мей­тіндей де кездер болды. Мұның бәрі, әрине, қазақ тілінде өтті. Себебі Астанада интеллектуалды қазақтілді ортаның кездесуі аз болатындықтан, мүдделес адамдардың жиі жолығып, танысып, пікір алмасқанын қатты қаладым. Оған қоса, кітап клубын ұйымдастырып, осыған дейін 4-5 рет жиын өткіздік. Егер мұндай баста­маны өзге де өңірлерде қолға алып, ұйымдастыратын жандар болса, біз әрқашан қолдауға дайынбыз, – дейді Диас Камериданов.
«Белгісіз Қазақстанды» белгілі етіп жүрген жастардың құлшынысына риза болмау мүмкін емес. Олар 156 мың оқырманға ой салып, тарихи тамырымыздан ажырап қалмауы­мызға үлес қосып қана қоймай, қо­ғамды ағартуға атсалысып жүр.