Моноқалалардың бойына қан жүгіре ме?
Моноқалалардың бойына қан жүгіре ме?
Еліміздің 30 жылдық Тәуелсіздік тарихында өңірлердің бағы бір жанбай-ақ қойды. Соның ішінде «моноқалалар» деп айдарланған 27 шағын шаһардың шоқтығы бір төбе. Алғашқы 20 жылда олар стагнацияда болған болса, 2012 жылы оларды дамыту үшін алғаш рет арнайы бағдарлама қабылданды. Бірақ 2020 жылға дейін делінген құжаттың соңы сиырқұйымшақтанып кетті де, 2014 жылдан соң қаржыландырылмай қалды. Ал енді былтырдан бастап моноқалаларды қайтадан өңірлерді дамыту бағдарламасына қосып қойғанға ұқсайды. Үкіметтің тікелей қадағалауында Елімізде 90-ға жуық кішігірім қала болса, соның 27-сі ғана моноқала деп танылған. Моноқала дегеніміз – қалақұраушы бір немесе бірнеше өндіріс төңірегінде шо­ғырланған елді мекен дегенді біл­діретін сөз. Осы моношаһарлардың көпшілігінің әлеуметтiк-эконо­микалық даму қарқыны бәсең. Тұр­ғын үй қоры тозған, орталықтан­дырылған ауызсу, жарық, жылу, газбен қамту әлі де болса толық емес, инженерлік инфрақұрылым-дары сын көтермейді. Бір сөзбен айтқанда, 30 жылдан бері созылып келе жатқан депрессивті жағдайдан толықтай арыла алмай отыр. Миг­рациялық көңіл күй әлі де болса сақталып тұр. 2000 жылдары бұл қалаларда 3 миллион адам тұрған болса, қазір 1,4 миллион халық тұрады. Үкіметтің есебінше, бүгінде бұл елді мекендерде 32 қалақұраушы кәсіпорын жұмыс істеп жатыр екен. Солардың өндірістік қуатының бірте-бірте артуына байланысты 2015-2021 жылдары моноқала­лар­дың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,3 трлн теңгеден 11,2 трлн теңгеге де­йін артқан. Бұл жалпы ел бойын­ша көрсеткіштің 29%-ын құрайды. Енді былтырдан бастап бұл елді ме­кендер шағын қалалармен бірік­тіріліп, Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен бекітілген «Ел аумақ­тарын дамытудың 2025 жылдарға дейінгі жоспарына» енгізіліп отыр.
«Қазір Қазақстанда 27 моно және 43 шағын қала бар. Оларда 2,5 млн халық тұрады. Осы елді ме­кендерді базалық инфрақұрылым­дық қызметпен қамту шаралары «Мықты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асатын болады. Мәселен, 2025 жылға дейін бұл мақсатқа 83 млрд теңге қарастырылған. Ол ақшаға 1,8 мың шақырым желі тар­тылып, модернизацияланбақ. 2020 жылы 15 моно және 5 шағын қалаға 10 млрд теңге бөлініп, қалаішілік жолдар мен инфрақұрылымдардың 26 жобасы жүзеге асырылды. Нә­тижесінде, 670 жаңа жұмыс орн­ы ашылып, 200 шақырым авто­мо­биль жолы мен инженерлік желі­лері модернизацияланды. Ал 2021 жылы республикалық бюд­жеттен 17 млрд теңге бөлініп, 23 қа­лада 62 жоба жүзеге асырылды. 400 ша­қырым жол мен желі жөн­деліп, 1 мың жұмыс орны ашылды. Был­тыр 28 қалаға 25,8 млрд теңге бөлі­ніп, 54 жоба іске асты. Осы рет­пен алғанда 2012-2022 жылдар ара­лығында моно және шағын қала­лар­ға 103,9 млрд теңге жұмсалды», – дейді Ұлттық экономика министр­лігі Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Құдияров.
Жалпы, Үкімет моноқалаларға бөлінетін қаржы көлемін жыл са­йын ұлғайта түспек ниетте екен. Бұл ақшаға тозған тұрғын үй қоры мен инженерлік инфрақұры­лым­дарға күрделі жөндеу жүргізу, әлеу­меттік маңызды мәселелерді ше­шу­дің шеберлік жос­парын жасау, жаңа ин­вестициялық жобаларды жүзеге асыру жеделдетілмек. Ол үшін ве­дом­ствоаралық үйлестіруді күшей­тіп, анағұрлым перспективалы «зә­кірлі» жобаларға баса назар салмақ. «Бүгінде 27 моноқала бойынша 17,9 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы сомасы 2,1 трлн теңге болатын 86 «зә­кірлі» инвестициялық жоба қолға алын­ған. Олардың ішінде, тау-кен ме­таллургия өнеркәсібі бойынша – 19, химия өнеркәсібі бойынша – 19, агрокешен бойынша – 18, құрылыс индустриясы бойынша – 18, ма­шинақұрастыру бойынша 12 жоба бар. Осы 86 «зәкірлі» жобаның 54-і іске қосылған болса, 48-і тұрақты жұмыс істеп тұр. (Ақмола облысы – 7, Атырау облысы – 3, Жамбыл об­лысы – 4, ШҚО – 2, Қарағанды об­лысы – 17, Қостанай облысы – 6, Маңғыстау облысы – 2, Павлодар облысы – 5, Түркістан облысы – 2), 2 жобаның (БҚО) қуаты төмен, 4 жоба тоқтап тұр (Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары).
32 жоба жүзеге асырылу кезе­ңінде (Қарағанды облысы – 9, Пав­лодар облысы – 7, ШҚО – 5, Ақтөбе облысы – 3, Қостанай облысы – 2, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маң­ғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары бір-бірден)», – дейді Нұрлан Мамытханұлы.
Елімізде моноқаласы ең көп өңір – Қарағанды облысы. Мұнда Теміртау, Балқаш, Абай, Саран, Шахтинск қалалары бар. Ал қазір облыс орталығы атанған моноқала Жезқазғанды қосқанда, Ұлытау өл­кесінде Сәтбаев, Қаражал шаһар­лары орналасқан. Сондай-ақ Қоста­най облысында – 4 (Рудный, Жі­тіқара, Лисаковск, Арқалық), ШҚО-да – 4 (Риддер, Серебрянск, Алтай, Курчатов), Павлодарда – 2 (Екібастұз, Ақсу), Жамбылда – 2 (Жаңатас, Қаратау) қала және БҚО-да – Ақсай, Атырауда – Құлсары, Маңғыстауда – Жаңаөзен, Ақтөбеде – Хромтау, Ақмолада – Степно­горск, Түркістанда – Кентау, Жеті­суда Текелі қаласы бар. Халің қалай, Кентау қаласы? Еліміздегі 27 моноқаланың бірі – Кентау. Аты айтып тұрғандай, жерінің асты мыс, мы­рыш, қорғасын және тағы да басқа пайдалы қазбаларға толы өлке. Облыс орталығы Түркістан қала­сынан 25 шақырым жерде орналас­қан қалаға Хантағы, Байылдыр, Ащы­сай, Қарнақ атты 4 ауыл қа­райды. Осылардың бәрін қосқанда, мұнда 100 мың халық тұрады. Кеңес ке­зінде тікелей Мәскеудегі түрлі түсті металлургиялар министрлігіне қа­раған қалақұраушы кәсіпорын «Ащысай» полиметал комбина­тының» арқасында шаһар шалқып өмір сүрген екен. Тіпті кентаулық­тар: «Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде неміске атылған 10 оқтың 7-еуі осы Кентау қаласында шық­қан кеннен құ­йылған» деп әлі күнге дейін мақтанады. Одан бөлек, мұнда экскаватор зауыты, ферроқорытпа комбинаты, транс­форматор зауыты сияқты ірі-ірі өндіріс ошақтары болған. Қазір тек соңғысы дүркіреп жұмыс істеп тұр. Қалғандары жабылып қалыпты.
«Кентауда «Западный», «Глубо­кий» және «Мырғалымсай» деген үш руда кені бар. Кезінде олардан шыққан рудалар Шымкенттегі қор­ғасын зауытына апарылып өңделіп, сосын Мәскеуге жіберіліп отырған. Уақытында 24, кейбір жерінде 31 горизонтқа дейін барған шахта ке­йіннен жабылып, оған су толты­рылып, бітеліп тасталды. Қаланың бір кездері жағдайы өте тамаша еді, көпұлтты халық тұратын. Өйткені репрессия жылдары орыс, шешен, грек, тағы басқа ұлттар көп қоныс аударылған. Кезінде солардың іші­нен өнеркәсіпте шыңдалған жақсы-жақсы кадрлар дайындалған еді. Тәуелсіздікпен келген алғашқы тоқырау заманында олардың көп­шілігі қайтадан көшіп кетті. Енді қазір жағдай біраз түзелді. Халық жеке кәсіпшілікте, трансформатор зауытында, мемлекеттік қызметте, коммуналдық шаруашылықта жұ­мыс істеп жатыр. Бірақ көпшілігі вахталық әдіспен бір айлап, тіпті жарты жылдап сыртқа кетіп жат­қанын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Алматы, Астана, Атырау қалаларынан бөлек, көптеген қала тұрғындары Оңтүстік Корея мем­лекетіне қатынап жүр», – дейді Кен­тау қаласының тұрғыны, қала­лық мәслихаттың екі мәрте депута­ты Қабылан Елеусізов.
Қалада қазір ірі кәсіпорын са­налатын жалғыз мекеме – Кентау трансформатор зауыты. Республика бойынша 86 «зәкірлі» жобаның бірі әрі тұрақты жұмыс істеп тұрғаны. Тарихы сонау 1959 жылдан баста­латын зауытты 1997 жылы банкрот болғалы тұрған жерінен белгілі бизнесмен Сайдолла Қожабаев са­тып алып, бүгінде еліміздегі 50 мық­ты компанияның бірі Alageum Electric тобының негізі қылған екен.
«Зауытымызда 400 түрлі өнім шығады. Оларды елімізден бөлек, алыс-жақын шетелдерге жөнел­теміз. Біз шығаратын құрал-жаб­дықтардың 85%-ы қазақстандық шикізаттар мен материалдардан жасалады деп мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде зауытта 1 300 адам жұмыс істеп жа­тыр, орташа еңбекақы – 305 мың теңге. Одан бөлек, пәтермен қам­тып, сыйақы, жәрдемақы, мате­риал­дық көмек беріп тұрамыз. 2022 жылы кәсіпорын мемлекеттік бюд­жетке 3,8 млрд теңгенің салығын аударды. Соңғы 5 жылдағы төлеген салы­ғымыздың жалпы сомасы 14 млрд теңгеге жеткен. Шамамыз кел­генше қаланың өркендеуіне атса­лысып жатырмыз. Әлеуметтік ны­сандарға, халықтың аз қамтылған бөлігіне қайырымдылық көрсетіп отырамыз. 2022 жылы осы мақсатқа 52,4 млн теңге жұмсадық», – дейді «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның басқарма төрағасы Бауыржан Құдайбергенов.
моноқалалар Үкіметтің зәкірлі жобаларға иек артуының жөні бар. Өйткені олар­дың төлеген салықта­рының бір бө­лігі жергілікті бюд­жетте қалса, одан бөлек, еңбекақы қоры мен қар­жылай көмегі, жер­гілікті кәсіп­керлерге тапсырыс беруі мен қа­йырымдылық шаралары кентау­лықтардың төлем қабілетін артты­руда мультипликативті әсер беретіні анық. Бірақ жүз мың халқы бар моноқалаға бір «зәкірлі» жоба аздық етеді әрі қордаланып қалған көп проблеманы шеше алмайды.
«Мен туған шаһарымның негіз­гі-негізгі 5 проблемасын атап айт­қым келеді. Олардың ең ірісі – Кен­тау қаласы экологиялық аймаққа кірмей қалғаны. Бұл мәселені 2012 жылдан бері көтеріп келеміз. 25 шақырым жердегі Түркістан қаласы кіреді, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Кентау қаласы кірмейді. Қалаға 5 шақырым қалғанда аумақ бітеді. Неге екенін білмейміз. Бізден кейін тұрған Созақ, Отырар ауданы, Қызылорда облысы кіреді. Олардың тұрғындарының еңбекақысына 25% үстемеақы қосылады. Осы мәселеге 2019 жылы шындап кірісіп, сенатор Әли Бектаев араласып, Үкіметтің назарын аудартқанбыз. Содан 764 млн ақша бөлініп, қаланың экологиялық ахуалы зерттеліп, енді-енді шешім шығарылуы керек болатын. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігіне келгенде тоқтап қал­ды. Соның себебін біле алмай дал­мыз», – дейді Қабылан Елеусізов.
Одан бөлек, бұрынғы депутат қаланың Жылу-электр орталы­ғы­ның (ТЭЦ) 90% тозғанына алаң­дайды. Өйткені нысанның өзінің салынғанына да 90 жыл болған, ал күрделі жөндеуден соңғы рет тек 2014 жылы өткен. Онда да 2012 жылы ірі апат болған соң ғана. Егер сондай апат қайталанатын болса, онда 226 көпқабатты үй, 2 200 жеке тұрғын үй, 106 бюджет мекемесі, 4 мың коммерциялық нысан, бір сөз­бен айтқанда 14 мың тұтынушы жы­лусыз, тоқсыз, сусыз қалғалы отыр. Жөндеу жұмысынан бөлек, ТЭЦ-ті көмірмен қамту, мазутпен қамту да үлкен қиындық тудырып тұр. Көмір сапасыз, мазут жетіс­пейді. Келесі бір мәселе – «Шұғыла» шағынауданына 364 млн ақша бөлініп, тартылған 4,6 шақы­рым су құбырының әлі күнге дейін пай­далануға берілмей отырғаны. Бір қызығы, оны Кентау қаласының ТҮКШ мекемесі екі желісі бар деп қа­былдап алған. Алайда екі құбыр же­лісінің біреуі ғана бар, екіншісі жоқ. Оны қабылдау құжатында бар деп көрсеткен. Жергілікті мәслихат депутаттары шу көтеріп, ҰҚК-ға, Антикорға жүгініп, көмілген құ­бырларды қаздырып тексерткеннің нәтижесінде ең басында желі екі құбыр болып шыққаны, бірақ ша­малыдан кейін жердің астында бір-біріне қосылып кеткені анықталған. 2018 жылдан бері созылып келе жат­қан бұл мәселемен жергілікті әкім­дік хабардар екен. Бірақ әлі ша­ра қолданбай отыр. Айта берсе, Кен­таудың жыры таусылмайды. Келесі мәселе де экологияға қатысты.
«Түркістан, Кентау қалалары ауызсуды қыстың күні мамыр-мау­сым айларына дейін таудың бұла­ғынан алады, одан кейін шахталар­дан сорып ішеді. Енді тұп-тура сол шахтаның түбінен Қытай елінің азаматтары келіп 2015 жыл­дан бері алтын өңдеп жатыр. Ешқандай құжаты жоқ. Соларды тоқтата алмай келеміз. Олар түнде ұрланып істейді. Алтын кенді шаюға біздің су ішіп отырған шахтадан су алады. Одан соң шайынды суларын төгіп жатқан жерінің асты қуыс. Жаңбыр жауып, қар еріп алтынды жуғаннан қалған улы химиялық қалдықтар, мысалы цианид пен мышьяк жерастына сіңіп жатыр. Онымен ешкімнің шаруасы жоқ. Жан-жақтың бәріне, тіпті Президент аппаратына дейін жаздық. Оларды ешкім тоқтата алмай отыр. Сондықтан да мұнда үлкен сыбайластық бар деп ойлай­мын. Бір қызығы, біздің қай мәселе болмасын ПӘ-ға, Антикорға, БП-ға, ДЭР-ға жазған хаттарымыз қай­тып облысқа, одан Кентау қаласы­ның әкімдігіне келеді. Ал оны шешу олардың құзыретіне жатпайды. Осылайша, тұйық шеңберде қалып отырған жайымыз бар», – дейді Қабылан Елеусізов.
Кентаулық экс-депутаттың проб­лемалардан бөлек бір ұсыны­сы кеңес кезінен қалған экскава­­тор зауытын қайта іске қосып, әскери техника жөндейтін және шығаратын зауытқа айналдыру. Өйткені әуелден-ақ бұл нысан егер оңтүстік беттен, яки Ауғанстаннан соғыс аша қалса, онда оны танкі зауытына айналдырамыз деген стра­тегиялық мақсатта салынған екен. Сондықтан экскаваторлардың қазтабан базасы соған ыңғайланған. Кезінде мұнда тіпті Ресейде жоқ станоктар болған екен. Алайда Ке­ңес Одағы тарағаннан кейін зауыт қирап, тоналған. Жергілікті билік кішкене ғана бірлі-жарым цехты сақтап қала алыпты. Егер қайта аша алсақ, қалпына келтіруге болады. Өңірлердің тасасында қалып қойғалы тұр Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі моноқалалар мә­селесін күн тәртібінен түсіруге бол­майды. Қазір олар өңірлерді дамы­тудың тасасында қалып қойғалы тұр. Сондықтан өз алдына страте­гиялық алаңға шығару қажет. Бұған дейінгі тоқырауға әкелген басты себеп, экономикаға қатысты ал­ғанда әлеу­меттік саясаттың екінші орынға ығыстырылуы болса, қазір де сол үдемен кетіп барамыз. Сон­дықтан моноқалалардың тағдырын шешуде бөлекше көзқараспен қарау керек.
«Біздің елімізде моноқала­лар­дың перспективалары бар. Олар көмір, мұ­найгаз, металл, руда кені, химия өнеркәсібі сынды салалар­ға ие. Сон­дықтан әлемдегі моно­қала­лар­дың гүлдену тәжірибесін басшы­лыққа алып, жаңаша қадам­дарға бару керек. Оларды дамытуға ар­найы стратегиялық жоспар жасалуы керек те, қаржыландыру мәселесі мемлекеттік бюджетпен қатар жеке қордан да қарастырылу қажет. Қазір ғылымды экономикаға тарту үшін қаражат бөлінуде, ендеше ғылыми бағдарламалардың 50%-ы моноқа­лаларда жүзеге асуы тиіс. Мәселен, ғылыми жобалары жеңіске жеткен ғалымдар оларға аппробацияны осы елді мекендерде өткізуі керек. Он­дай мысал ретінде Курчатов қаласын айтуға болады. Сол сияқты метал­лургия, мұнай-газ, түрлі кен қазба­ларына қатысты ғылыми әлеуетті моноқалаларға орналастыруға бо­лады. Әрі ғылым дамиды, әрі қала дамиды. Екін­ші­ден, қаңырап қал­ған зауыт-фаб­рика, комбинаттарды технология­лық музейге айналды­рып турист тартуға болады. Жоғары оқу орын­дарының студенттерімен моноқа­лалардың арасында дуалды оқыту тәжірибесін жолға қою қажет. Осы­ған дейін бізде ірі бизнес пен шағын бизнес арасында мемлекет грант бөлетін бизнес-инкубаторлар бола­тын. Осыны қайта жаңғыртсақ, жер­гілікті мазмұнды арттыруға мүм­кіндік бар. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтарды (СЭЗ) моноқалаларда ашу керек. Сонда инвесторлар келеді, – дейді эконо­мист Бауыржан Ысқақов.
Дағдарыстық жағдайдағы моно­қалалардың экономи­касын әрта­раптандыруда немесе даму бағытын қайта құруда мемле­кеттік және муниципалдық іс-ша­ралар кеше­нінің маңызы зор екені рас. Олар «Тұрақты даму тұжырым­дама­сы­ның» негізінде жүзеге асы­рылуы керек. Яғни, әлеуметтік, экономи­калық және экологиялық сала­лардың өзара үйлесімді да­муына негізделуі тиіс. Бұл келесі бір са­рапшы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы Думан Алиас­қаровтың пікірі.
«Әлеуметтік сала бойынша мо­ноқалалардағы тұрғындарды бі­ріншіден, кәсібилікке қайта оқыту қажет, екіншіден, еңбек демалысы төлемдерін арттыру, баспана алуға жеңілдетілген несиелер беру, зейнет демалысына ерте шығуға құқық беру сынды әлеуметтік жәрдемдер жасалуы керек. Ал нағыз болашағы жоқ моноқалалардан халықтың өзге аймақтарға қоныс аударуына жәр­демдескен дұрыс. Сонымен қатар экономикалық сала бойынша әрта­раптандыру, яки ғылымды қажет­сінетін өндірісті және үйлесімді қызмет көрсетудің рөлін күшейту керек. Экологиялық сауықтыру ша­ралары аясында тау-кен өнеркә­сібімен байланысты жағдайы қатты нашарлаған қалалардың табиғи-экологиялық каркасын құрылымдау қажет. Өндірістік қызметтер нәти­жесінде тозығы жеткен жерлердегі топырақ құнарлылығын қайта қал­пына келтіру (рекультивация) ке­рек», – дейді Думан Тоқтарұлы.
Тарихтан білетініміздей, әлем нарығындағы тұрақсыздық, дағда­рыс жағдайлардың қайталануы моноқалаларға постиндустриялық даму сценарийлерін қолдануды талап етеді. Ол тұрақты дамудың қа­ғидаттарына негізделеді, яғни бі­рін­шіден, экологиялық тепе-тең­дікті бұлжытпай сақтай отыра, эконо­ми­калық өсімді; екіншіден, адам өмірінің өлшемінде қабыл­данған экономикалық және әлеу­мет­тік салалардың теңгерімділігін; үшін­шіден, қазіргі жағдайда ғана емес, болашақты ескере отырып қалалық қоғамдастық пен болашақ ұрпақтың үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет. Мамандардың осындай тұжырым­дарымен келіспеуге бол­майды. Өз тарапымыздан қосары­мыз, моно­қалаларды дамытуға мем­­лекеттен бөлінетін қаржының басым бөлігі оның инфрақұры­лы­мын жаңғыртуға емес, бірінші ке­зекте жергілікті өндірісті, кәсіп­кер­лікті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға жұмсалуы керек. Сонда кен­таулықтар сияқты ешкім Оңтүстік Кореяға дейін айлап-жылдап үй көрмей қаңғып жүрмейді. Екін­ші­ден, жергілікті салықтың басым бө­лігін қала бюд­жетінде қалдыру қажет. Осындай кешенді іс-шаралар нәтижесінде ғана моноқалалардың тамырына қан жүгіре бастайды.