Немереге мейірім нормамен реттеле ме?
Немереге мейірім нормамен реттеле ме?
Елімізде ата-әжесінің не­мересімен қарым-қа­тынасы жөнінде норма қоғам тал­қылауына ұсынылды. Оқу-ағарту министрлігі жария­лаған құжат жобасы 24 ақ­панға дейін «Ашық НҚА» пор­талында жарық көрді.
 Бұл өзгеріс 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне ұсынылуда. Толықтырылған 73-1-бап «Атасының, әжесінің, бауырларының және басқа туыстарының баласымен қарым-қатынас жасау құқығы» деп аталады. Онда: «Аталар, әжелер, бауырлар, әпкелер және басқа туыстар баламен араласуға құқылы. Ата-аналар (олардың біреуі) баланың жақын туыстарына онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда, дауды ҚР Бала құқығын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен қамқоршылық жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын орган шешеді. Бұл органның шешімімен келіспеген жағдайда, дауды медиация тәртібімен немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын осы органның қатысуымен сот шешеді» делінген.
Қазіргі қолданыстағы заңда көрсетілмеген жаңа бап туралы қоғам пікірі екіге жарылды. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі жаңа бапқа қуана қоймады, олар ата-әженің немеремен қарым-қатынасы заңмен реттелмеуі қажеттігін алға тартады.
«Баланың құқын қорғаймыз деп нешетүрлі заң ойлап таба беретін болсақ, онсызда азайып бара жатқан адамгершілік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішігі ізет дейтін құндылықтардың құнын жоя береміз. Бүгінде бірді-екілі болмаса, ата-әжесін іздейтін ұрпақ азайды. Қарияның қадір-қасиетін терең түсіндіретін әке мен шешенің өзінің ауылдағы шал-кемпірмен қарым-қатынасы бұзылды. Ал енді отбасы туралы заңға ата-әженің немересімен араласуға хақы бар, яғни әке-шеше рұқсат беруі керек дейтін жаңа бап енгізетін болсақ, онсызда жүрегінен мейірім кеткен қоғамды тасбауыр қыламыз. Тіпті ата-әжеге немересімен қарым-қатынас жасауға рұқсат беру керек дегенді талқылаудың өзі ұят. «Балам – балым, немерем – жаным» дейтін қарияның бауыр етімен рұқсат сұрап араласу деген қайдан шықты?», – дейді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова.
Ұстаздың пікірінше, ата-әженің мейірімін сезіп, тәрбиесін көрген баланың болашақта тұлға ретінде қалыптасуы да мығым болмақ. Көне көз қариялар мектебінің құндылығын насихаттаудың орнына шал-кемпірдің немересімен қарым-қатынас жасауын реттейтін жаңа бап енгізу ақылға қонымсыз. Шын мәнінде, Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, бала тәрбиесіне ата-әженің оң ықпалы басым болған. Сұралғандардың 67,3% шал-кемпір балаға салт-дәстүр мен отбасы құндылығын сіңіреді десе, 58,8% туыстарына қамқорлық жасауды, үлкенді құрметтеуді үйретеді деп жауап берген, ал 46,8% баланың білім алуына көп көмектесетінін айтқан. Респонденттердің тек 7,3 пайызы ата-әже тәрбиесіндегі бала ерке болатынына «шағымданған». Қоғамдық даму институты өз зерттеуінің нәтижесінде ата-әже отбасы институтының дамуына оң әсер етеді деген тоқтамға келген. Соған қарамастан, баласын ата-әжесімен араластыруға тыйым салатындар баршылық. Аягүл Миразованың айтуынша, қазіргі таңда ажырасу көп. Ажырасқан әйелдер баласын алдына салып, түрлі манипуляция жасайды. Бөлек кеттім, болды, баламмен сөйлесу үшін менің рұқсат беруім керек дейтіндер де солардан шығады.
«Ал ерлі-зайыптылардың ажырасуына шал-кемпірдің қандай қатысы бар? Әбден бауыр басып, махаббатына бөлей бастаған немересін бөлек алып кеткен соң, әлбетте ата-әжесі оның болашағына уайымдайды. Ал енді көзі тірісінде қолдан келгенше көмектесіп, мейірім-махаббатын төгейін дейтін ата-әже кімнен және неге рұқсат сұрауы керек? Жібі түзу ата-әже ғана немересін іздейді, ондай қарияның балаға пайдасы болмаса, тіптен зияны жоқ. Ал мейірімсіз, яки болған жағдайға немқұрайлы қарайтын ата-әжелер онсызда немересін аса жолатып жатпайды. «Балаң – бала, оның баласы – бауыретің» дейді дана қазақ. Немересінің келешегіне алаңдайтын, жүрегі мейірімге толы қария рұқсат сұрап тұруы керек пе? Бұл – қазаққа тән бауырет болудан ажырату деген сөз. Қазақ – сөзге тоқтаған, қарияның айтқаны құлақ асқан халық. Қазақтың көпұлттық мейірім-шапағатын бірте-бірте бұзып келеміз және соның зиянын көріп те келеміз. Әрі қарай да түрлі-түрлі заң шығара берсек, ұлттық құндылықтарымыздан тіптен ажыраймыз. Тіпті, бала құқығы дегенге келсек те, егер ата-әже балаға қандай да бір қиянат жасап, зорлық-зомбылық көрсеткен болса, оны жазалайтын басқа да заң бар. Ал немересімен қарапайым ғана қарым-қатынас жасауын рұқсат беретін ешқандай бап қажет емес. Қандай жағдай болмасын, ата-әженің баламен араласуға дәл әке-шешесінікіндей хақы бар», – дейді ұстаз.
Десе де, қолданыстағы заңға жаңа баптың енгізілуін қолдайтындар да бар. Олардың айтар уәжі – қоғамда ата-әженің құқығына қол сұғылып, олар өздерін қорғай алмай жатады.
«Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда көбіне көп әйел экс-жұбайына өшігіп, ата-әжесінің немересімен араласуына тыйым салады. Содан кемпір-шал не келінін жағалаумен, не соттың есігін тоздырумен шаршайды. «Неке және отбасы туралы» заңға 73-1 бап енетін болса, әйел баласын бұрынғы қайын-жұртымен араластырудан бас тартса, бұл іске алдымен қамқоршылық-қорғаншылық қызметі араша түсе алады. Яғни, бұрын кемпір-шал немересімен қарым-қатынас орната алмай жатса, бұл түйткілді тек сотқа жүгіну арқылы шеше алса, жаңа бап енсе, алдымен қамқоршылық-қорғаншылық қызметінің көмегіне жүгінеді. Ал аталмыш орган әйелдің өзімен сөйлесіп, түсіндіру жұмысын жүргізеді, осы бапқа сүйене отырып, екі тараптың мәмлеге келуіне жағдай жасайды. Олар жағдайды реттей алмаған жағдайда ғана кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа жүгінуге тура келеді. Бұл – егде тартқан қариялардың немересін көруін жеңілдетеді. Өйткені олардың көбінің сотқа жүгініп, өз құқын қорғауға білімі, күш-қайраты жете бермейді. «Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен соң, әйел экс-жолдасынан алимент өндіре алмай жатса, оны баланың туған ата-әжесінен ала алады. Сонда кемпір-шал немересін бағуға заңмен міндеттеледі де, ал көріп-араласуына құқығы жоқ. Сондықтан қолданыстағы заңға 73-1 баптың енгізілуін қолдаймын», – дейді заңгер Мейірман Шекеев.
24 ақпанға дейін қоғам талқылауына ұсынылған жаңа норманың қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Бұл бап ата-әженің шын құқын қорғаса игі, әйтпесе, «шаш аламыз деп, бас алып» жүрмейік.