Абайсызда айтылған ақиқат
Абайсызда айтылған ақиқат
Атүсті қаралып, бір қайнауы ішін­де қалған заң жобасы жетерлік. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін 1995 жылғы 28 сәуір күні «Екінші дү­ние­жүзілік соғыстың мүгедектері мен қатысу­шыларына және оларға теңестіріл­гендерге әлеуметтік жеңіл­­­діктер көрсету туралы» заң қа­былданды. Соны Қазақстан Пар­ламенті мақұлдаған ел заңы де­месең, ондағы талаптар осы күнге дейін Ресей аумағындағы ар­да­гер­лердің мүддесін қорғауға басымдық беріп келді. Бұл заңда Екінші дүниежүзілік соғыста қан төгіп, опат болған ардагерлерімізден басқа Ленинград қоршауына қатысқандар, концлагерьлерде болғандар, қыл аяғы соғыс аяқталған жылдары майданға қарай ұшып өткен ұшқыштарға дейін ардагерлер санатына еніп кеткен. Егер қан төккен ардагерлеріміздің қатары сиреп, көзі тірі ақсақалдарымыз қалмағанда 1995 жылы қабылданған заңды жұлма-жұлмасын шығарып, әлі қашанға дейін сүйрейтін­дігімізді бір жаратқанның өзі білер еді. Амалдың жоғынан ұрпақ өзгеріп, уақыт озғандықтан, асығыс-үсігіс әзірленген «Ардагерлер туралы» заңның тұсауын кесіп жібердік. Кейін оқып көргенімізде, бұл заңның да түпкі мазмұн-мағынасының Ресей заңдарының ыңғайымен жазылға­нын байқадық. Өкініштісі сол, арда­герлердің тізіміне Семей полигонындағы жарылыстарға қатысып, соның зардабын тартқан сарбаздарымыз тағы да ілікпей қалған. «Аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақ тимептінің» кері. «Ала қойды бөле қырыққанымыз» емес, сонда Семей по­лигонындағы 1949 жылдан бастап 1991 жылға дейін жалғасып, қазақ даласының ойранын шығарған ядролық жарылыстар Чернобыльдегі апаттан әлдеқайда қауіпсіз болғаны ма? Осындай өзекті мәселелерді талқылайтын халық қалау­лыларының арасынан «ау, алдымен мына жылдар бойына қасіретке бөккен Семей поли­гонында болып у жұтқандардың хал-жағдайын неге ескермейміз» деп аталы сөз айтатын біреудің төбе көрсетпегеніне қарның ашады. Тіпті, өткен ғасырдың 90-жылдары орталықтың саясатына қарсы шыққан болып, Семей полигонындағы жарылыстарды тоқтаттық деп күллі әлемге жар салған Олжас ақынның да үні шық­пайды. Қазір Семей полигонындағы жарылыстардың зардабын тартқан қара халық пен сол удың ортасында жүріп, әскери борышын өтеген сарбаздарды елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Заң шы­ғарушы орган полигонда әскери қызметін өтегендердің мәртебесін қарапайым халықпен теңестіріп жіберген. Алайда халық пен әскери қызметкерлердің ара­сында айырмашылық бар еді. Қауіпті аймаққа қарапайым халықты жіберген бе? Әскерге арнайы шақырылған сар­баздар ма, әлде қарапайым халық өкілдері ме? Егер Қазақстанның «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы қолданысқа енгізілген заңының 10-бабының талаптарына сүйен­сек, 1949 жылдан 1990 жылға дейінгі ара­лықта осы аумақтарда әскери қызмет (мерзімді) атқарғандар ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтар ғана. Қарапайым адамдар болса, зардабы қауіпті сынақ алаңдарына қалайша жіберілген? Заңда көрсетілгеніндей, олар өз еркі өзін­дегі жергілікті тұрғындармен тең дәре­жедегі азаматтар бола тұра, неге екі жыл полигонның аумағындағы лас жұмыстарға тартылып, тар казармаларда жатқан? Неге әскери міндетін өтеуден жалтармаған? Себебі олар әскерден бой тасалаудың немесе одан жалтарудың Кеңес заманын былай қойғанда, сонау патша дәуірінің өзінде де аса ауыр қылмыс деп саналғанын түсініп, жауапкершіліктен жасқанған. Сонда Семей полигонының аумағында әскери міндетін өтегендер кімдер болып шығады? Әскерилер ме, жоқ, әлде бас еркі өзіндегі қарапайым тұрғындар ма? Тә­жірибеден байқап жүргеніміздей, мұндай сауалдарға құзырлы органдардың басшы­лары түрлі бұлталаққа салып, нақты жауап бермеуге тырысады. Таңғалатыны, өр­кениетті мемлекеттер өз заңдарында ең алдымен өз азаматтарының мүддесін қорғаса, қазақстандық органдар баяғы келмеске кеткен одақтың жырын жырлап, өз адамдарының кеудесінен итеріп, кері тебеді. Қыруар қаржының құпиясы Неге сол органдар өз азаматтарының мәртебесін көтеруді ар санайды? Әлде кейбір шенеуніктер Семей полигонында әскери міндетін өтеген сарбаздарға мәр­тебе берілсе, «Семей-Невада» қозғалы­сы­ның қорына бөлінген қыруар қаржының құпиясы қайта тексеріледі деп қауіптене ме? Құзырлы органдардың Семей поли­гоны сарбаздарының мәртебесіне қатысты жолдаған сырғытпа жауаптарына қарап отырсаңыз, бір-бірін қайталайды. Ше­неуніктеріміз көбіне негізгі сұрақтарды орағытып өтіп, жоғарыда біз айтып өткен 1992 жылғы 18 желтоқсандағы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» қойыртпақ заңына арқа сүйейді. Бар кілтипан заңның 1990 жылғы 1 қаңтарға дейін жерасты жарылыстары кезінде осы аумақтарда тұрған азаматтардың жанына әскери міндетін өтегендерді қосақтап теңестіріп қойған қитұрқылығында болып отыр. Біздіңше, бұл мемлекеттің полигон сарбаздарын әлеуметтік жағынан қолдау көрсетуге бөлінуге тиісті ақшаны үнемдеу үшін ойлап тапқан айла-шарғысы тәрізді. Негізі, әскерде болғандар мен жергілікті тұрғындардың мәртебесі екеуі екі бөлек мәселе. Әділдігіне жүгінсек, 1949 жылдан 1990 жыл аралығында Семей полигонының сынақ аумағында әскери борышын өтеген­дердің бәрі де ардагерлер санатына жат­қызылуы шарт. Кейбір сарбаздар қызмет атқарған бөлімдердің негізгі жұмысы полигондағы жарылыспен тікелей қатыс­ты болмаса да ондағы жауынгерлер маңай­ды улаған радиациялық ауамен тыныстады. Желмен бірге ұшатын улы ауа қоршаған орта мен адамзаттың бәріне де қауіпті. Ардагер мәртебесін алуға қойылатын осындай қолдан қиындатылған талаптар керек десеңіз кезінде жарылыстарға қа­тысқанымен, әскери билетіне ол туралы жазба қалдырылмаған талай сарбаздың да бағын байлап жүр. Семей қаласында полигонда әскери борышын өтегендердің денсаулығына байланысты мүгедектік топқа анықтама берумен айналысатын арнайы орталық бар. Бір байқағанымыз, осы мекеме полигоннан зардап шектім деп көз жасын көлдетіп келетіндердің қолына басқа сырқаттар түгілі обыр ауруына шалдығып, жүрегіне ота жасатқан науқастардың өзіне «бұл сырқаттарға полигон зар­даптарының айтарлықтай қатысы жоқ» деген тілдей жауап бере салады. Немесе «сіз әскерде небәрі бір жарым жыл ғана болып, басқа жаққа іссапармен жі­беріліпсіз, сол се­бептен де ауруыңызға полигондағы сы­нақ залалының қатысы жоқ» деп сүйкеп қол қоя салады. Әйтеуір, қалайда өтіні­шіңді қанағаттандырмай, табалдырықтан же­тектеп шығарып жіберудің амалы. Бір қы­зығы, комис­сиядағы төрелер өздері қа­былдайтын мұн­дай шешімдерге қандай заңдық не­гіздердің өлшем ретінде алын­ғанын жа­зып көрсетпейді. Жыл сайын қатары селдіреп, азайып бара жатқан азаматтарымыздың ардагер мәртебесін алуына не кедергі? Оның түпкі себебін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Біржановтың Семей ядролық сынақ полигонында әс­кери борышын өтеген ардагерлерге жол­даған хатындағы «Жоғарыдағы жағдай­ларды ескере келе айтарымыз, заң тала­бына сәйкес тәуекелі мол аймақтардағы ядролық сынақтарға тікелей қатысқан сарбаздар ғана ардагер деп танылады. Олай істемесек, онымыз 1949 жылдар мен 1990 жылдар аралығында қауіпті радиа­циялық аумақ­тарда тұрып, қазір басқа жаққа қоныс аударып, әлеуметтік көмек алмай жүрген адамдарға жасаған қия­на­тымыз болар еді» деген сөздерінен табуға болады. 30 жыл бойына Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтегендердің құқығын шектеп, Ауған мен Чернобыльдегі апатқа қатысқандарға бұйырған мәртебені өз азаматтарымызға қимаудың астарында түрлі қисынсыз сылтаумен көлегейленіп келген ащы ақиқат осы болса керек.

Елеусіз МҰРАТ, журналист