Бала әкесімен де сырласуы керек – Ержан Мырзабаев
Бала әкесімен де сырласуы керек – Ержан Мырзабаев
1,226
оқылды
Отбасы мәселесіне келгенде, түсінік деңгейінің кеңес кезеңімен тікелей байланысын байқаймыз. Стереотипке айналған тұсты өзгертіп, өзінше қағида құрып жатқандары да бар. Әсіресе, ене мен келін, ана мен бала тақырыбында келіспеушілік көп. Оған қоса, отбасы психологі қоғамда қартаю мен зейнет жасындағы өмір жайы жолға қойылмағанын атап өтті. – Әңгімені еліміздегі отбасы инсти­тутының халінен бастасақ? Берер бағаңыз қандай? Жауаптылар жұмысын тиісті деңгейде істеп жүр ме? – Жалпы, еліміздегі отбасы инсти­тутының жағдайы нашар. Себебі ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық статис­тикасы көп. Ерлі-зайыпты арасындағы зорлық-зомбылықпен қатар ата-ананың балаға көрсетіп жатқан зорлық- зомбылығы бар. Сонымен қатар педофилия мәселесі шешімін таппай жатыр. Осыған сай статистиканы естіген кезде жағдай нашарын аңғарасыз. Психолог ретінде келушілердің проблемасын талқылағанда шешілмеген бірнеше мәселе барын байқаймын. Айта кетерлігі, проблеманың спектрі кең. Қарапайым түсініспеушіліктен бастап, ұру-соғу, зорлауға дейін әртүрлі бағытта проблема бар. Өкінішке қарай, бізде отбасы ісіне жауап беретін мемлекеттік орган жоқ. Мәселен, зорлық-зомбылық болған кезде Ішкі істер министрлігі, жұмыспен қамту мен әлеуметтік мәселеге Еңбек министрлігі жауапты болса, Экономика министрлігі қаржы саясатын ұстанады. Отыз жылдан бері мәселенің түбегейлі шешілмей келе жатқаны осы деп ойлаймын. Ұсынысым – отбасына жауапты арнайы министрлік құру керек. Осының шеңберінде жан-жаққа шашылып кеткен комитеттерді біріктіріп, жұмылдырса игі. Мысалы, отбасы және әйелдер кеңесі де үстел басындағы талқылаудан ары аса алмайды. Уәкілетті күші жоқ. Қоғамдық даму министрлігі жанындағы отбасы істері комитеті де статистика жүргізумен шектеледі. Елімізде 19 миллион халық болса, комитетте ары кетсе, алты адам жұмыс істейді. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бар. Қарасаңыз, ол да комитет. Бірақ мүмкіндігі министрліктен жоғары. Отбасы комитеті барын алға тартқанда, ҰҚК сияқты көрмеу керек. Бұл министрліктің қол астындағы комитет. Қысқа жұмыс шеңберінде ғана күші бар. Кеңес, қоғамдық ұйым, билер алқасы, комитет деп жатамыз. Бірақ ешқайсысының уәкілеті жоқ. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігі жанынан әрбір облыс пен ауданда басқарма жұмыс істейді. Олар министрліктің қабылдаған заңдарын, шешімін, бағдарламасын жергілікті орган деңгейінде іске асырады. Отбасы коми­тетінің осындай атаумен ауыл мен ауданда басқармасы немесе бөлімі жоқ. Жастар ресурс орталығы бары рас. Онда тек жастар мәселесі қаралады. Сондықтан отбасы жағдайын тереңінен қамтитын орган жоқ. – Сұхбатыңыздың бірінде «отбасы құрар кезде сезім ақылдан кейін тұруы керек» дегенсіз. Сонда бұл «есеппен некеге тұру» дегенді меңзей ме? – Мұның мәні тереңде жатыр. Отбасы құрар кезде эмоцияның жетегінде кетпей, адамның жеке тұлға ретіндегі қасиетіне назар аудару керек. «Сұлу, көркем, әңгімесі жарасып тұр» немесе «бойы ұзын, машинасы бар, жағдайы бар» демей, ертең бірге өмір сүре алу мен қаншалықты жақсы ана және жар болатынын ескеру керек. Қиын жағдайда қолдау көрсете ала ма, ортақ қызығушылық бар ма, бала болса, әлде болмаса не болатынын елестетіп, өзінше бір проекция жасағаны жөн. Болашақты елестетіп, екеуіңізді кейіпкер ретінде қойыңыз. Осылайша, «күйем, сүйем» деп тұрсаңыз да, ақылмен, есеппен шешім қабылдау керек. Ескерерлігі, есеп тек қаржылық жағдайды білдірмейді. Эмоция бір орында тұрмайтыны бар. Ал ақылмен шешім қабылдаса, эмоция дағдарысын басынан кешсе де дұрыс шешімін табады. «Оның мынадай жақсы қасиеті, ерекшелігі бар» деп ақылмен ойлана алатын жағдайға жетеді. Әйтпесе, жастар «өлдім, күйдім, сүйдім» деп үйленіп, одан кейін «ұнамайды, жақтырмаймын, жек көреммен» ажыраса салады. Эмо­циямен қабылдаған шешім, эмоциямен аяқталады. Ал отбасы қарым-қатынасы – ауқымды тақырып. Сондықтан ақыл сезім­нен бір қадам жоғары тұру керек. Әрине, сезімді жоққа шығармаймыз. Өйткені «жақсы ана не әке болары анық» деп ешқандай сезімсіз отбасы құруға болмайды. Мысалы, жеке қабылдауыма келген бірнеше жұптың хикаясына қарасаңыз, «әйелім маған ұнамай қалды» деп жатады. Себебін сұрасаң, «қартайып кетті, толып кетті» дейді. Эмоция жетегінде ғана назар аударады. Талдай келгенде, әйелінің ана, келін, дос ретіндегі рөлін сұраймын. Бәріне жақсы, көңілінен шығатынын айтады. Демек, ракурсты бұрып, сезім толқынына емес, жағдайға тура қарау керек. Сезімді ақылға жеңдіруді үйренсек, көп отбасын сақтап қалар едік. Мәселен, қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін бағамдайтын тест бар. Негізі, қарым-қатынасты құртатын төрт фактор бар. Жақсартатын жеті принцип бар. Көп жағдайда әңгіме барысында төрт фактор бар-жоғын анықтаймыз, бар болса, жоюға тырысамыз. Жеті принциптің жұп өмірін­дегі өлшемін анықтап, қайсысы жетпей жатса, соны күшейтуге тырысамыз. Осы­лай­ша, қарым-қатынасты жандандыруға болады. Екіншіден, отбасындағы махаббат шыдам мен төзімге негізделмегені жөн. Тек қана махаббат, сүйіспеншілік, сыйлас­тықты іздейміз. Бүгінге дейін қате кон­цепция қалыптасқан. Некені жанқиярлық пен шыдау, көну, қартайғанда жемісін көру деп түсінеді. Немесе балалар әкесіз, шешесіз қалмай, толық отбасында өскенін қалап көндігеді. Мысалы, күйеу мен әйелі арасындағы қатынаста таңдау бар. Адам баласы қай кезде төзеді, шыдайды, көнеді? Таңдау болмағанда. Есте ұстарлығы, махаббат, сүйіспеншілік толқын сияқты. Көтеріліп, түсіп отырады. Ерлі-зайыптылардың назар аударатын тұсы – әрдайым белгілі бір толқыннан түспеу. Кейде ренжісерсіз, түсінісу қиын болар, бірақ қарым-қатынасты қолға алып, позитив толқынға ауыстыру – өз қолыңызда. Мұның арнайы формуласы бар. Беске бір, яғни бес позитивке – бір негатив. Осы пропорцияны ұстанатын болса, отбасында әрдайым сүю, жақсы көру, ұнату, құмарлық, махаббат деңгейінде қалады. Бір рет ренжіттім, кешірім сұрадым емес. Көңіліне қаяу салдыңыз ба, кем дегенде бес жақсы нәрсе жасау керек. Беске бір формуласын ұстансаңыз, ренжи­сің, көңілің қалады, бірақ төзіммен астаспай, жақсы көруге негізделеді.  – Қазір отбасындағы рөлдер ауысып кетпеді ме? Көбіне аналар жауапкершілікті өзіне жүктеп алады. Неге? – Бұл тенденция өзгеріп жатыр. Бұрын біздің анамыз шыдады, төзді. Қазір жағдай басқаша. Маған келген әйелдердің дені «бұл жағдайға анам шыдаған, бірақ мен шыдамаймын» деп кесіп айтады. Жауап­кершіліктің бәрін мойнына алғысы келмейтінін алға тартады. Осылайша, қоғам белгілі бір деңгейде өзгеріп жатыр. Мәселен, «мен ақша табамын, сен бала қарайсың» деп міндет бөлісу жарамайды. Әкелер күні бойы жұмыс істесе, кешке бала қарайтын уақыт табатын болды. Ал әйел кешке демалатындай режимге көшкен. Оның үстіне, «сен сияқты мен де ақша таба аламын. Бірақ жұмыс істеуіме қарсы болсаң, үй жұмысына көмектесіңіз» деп шарт қояды. Жоғарыда айтқанымдай, жастар арасында осындай тенденция бар. Бұл – қуантарлық жағдай. Көбіне отбасы қарым-қатынасын сырттағы іспен бір деңгейде қойып қоямыз. Сөйтеміз де, сыртта жұмыс тындырып жатқаннан отбасындағы міндетім орындалып жатыр деп ойлаймыз. Олай емес. Әйел болсын, еркек болсын жұмыс істеп, ақша табу жүз міндеттің біреуі ғана. Соны істеп, қалған жауапкершіліктен босай алмайсыз. Мысалы, зайырлы мемлекет ретінде заңнан аттап кетпейміз. Заң алдында мына міндетті орындаймын, мынаны орын­дамай­мын деп жалтара алмайсыз. Сол сияқты отбасында да міндет міндет күйінде қалады. Өйткені қаржылай жағдаймен эмоция қажетін жаба алмайсыз. Кішкентай баланы ақша бар-жоғы қызықтырмайды. Оған әкемен ойнап, жүгірген ұнайды. Оның түсінігі сол. Сіз баламен уақыт өт­кізу­ден бас тартсаңыз, ол әке не ана махаббатын сезінбейді. Содан күйгелек, агрессив, ынжық бала шығады. Демек, алтыға дейін жұмыс істесең, қалған уа­қытты отбасыңа арнайсың. Ал жауапкер­шіліктің бәрін өзіне жүктеп алған әйелге айтарым, ақырындап жүктен құтылыңыз. Ұстанымды өзгертіп, күйеуге жауапкер­шілік жүктеңіз. Түзде жұмыс істейді деп үйдің жауапкершілігінен босатпаңыз. Мұның өзі рет-ретімен іске асуы керек. Біртіндеп «үйге ерте кел, балалар сені сағынды», «отбасымызбен мына жерге барайық» деген сияқты іс-шара ұйымдас­тырыңыз. Есіңізде болсын, бір-екі рет айтқаннан мәселе шешіліп кетпейді. Комфорт зонада үйренген адамның сол күйден арылуы қиын. Сондықтан бес-алты рет айтудан жалықпаңыз. Бірақ ашу-ыза, ұрыс-керістен аулақ болған жөн. Бірқалыпты, табандылық танытқан нәрсе жақсы нәтиже береді. Ер адам әйелден көп ақша табу керек дейтін стереотип бар. Оның барлығы дұрыс. Бірақ өмір картинасы біз қалағандай реңкке бояла бермейді. Осыны ескере отырып, ақшаны көп, аз табады демей, қарым-қатынасты нашарлатып, сыйламай қоймау керек. Осы тұрғыда екі жастың келісіп, бір біріне демеу көрсеткені маңызды. Психологтер анау-мынау дегенімен, «тас түскен жеріне ауыр». Яғни, өзара келісім бар жерде гармония сақталады. Әйеліне карьера жасау керек болып, күйеуі балаларға көңіл бөлгенінде тұрған ештеңе жоқ. Өзі де істемей, әйеліне де еркіндік бермей қою әбестік болар еді. Қайта демеп, қолдау болған жерде жылы қарым-қатынас сақталады. – Ал қоғамдағы әкенің абыройына келейікші. Бұрынғының «әкең келе жатыры» қазір қалай өзгерді? Беделді көтеру үшін не істеу керек? – Өкінішке қарай, бұрын «әкең келе жатыр деген» сөз сый-құрмет, беделден бұрын қорқыту құралы еді. Қорқу мен сыйлауды шатастырмау керек. Әке келе жатқанда тыныш отыру, артық сөйлемеу, оны жақсы көріп, құрметтеуді білдірмесе керек. Мұнда сол заман әйелдерінің кінәсі бар. Әкелерді құбыжық ретінде көрсетіп қойған. Неге? Бала тәрбиесінде қиналатын тұсын біреумен қорқыту арқылы жабу керек болды. Сөйтті де, қорқытатын рөлді әкеге жүктеп қойды. Сол үшін қазір қырыққа таяған жігіттер әкемен әңгіме айтып, бір дастарқан басында емін-еркін отыра алмайды. Себебі кішкентай кезінде аналарымыз арасына бірнеше шақырым қашықтық салып қойған. Әкеңнің қасында «сөйлеме, үй жина, тыныш отыр деумен шектелген. Әкенің образы үйге келетін қонақ сияқты болған. Үйге қонақ келгенде не істейміз? Артық затты жинап, үндемей, ештеңе білдірмеуге тырысамыз. Кеткен кезде өзімізді еркін сезінеміз. Меніңше, бұл концепция дұрыс емес. Қазір әкесінің келе жатқанын білген бала риза болып, қуанып алдынан жүгіріп шығады. Әкесін құшақтап сүйіп, күресіп ойнайды, әзілдеседі. Емін-еркін форматқа ауыстық. Дұрысы да осы. Өйткені баламен қарым-қатынасқа келгенде, әкенің анадан аса айырмасы жоқ. Ол да жылағанда жұбатып, қолдау көрсетіп, бар мәселеден хабардар болуы керек. Жалпы, әкесіне кез келген мәселені анасы арқылы жеткізуді түсінбеймін. Қашан араға кісі салу арқылы шаруа шешеміз? Туған әкеңе мазалаған проблеманы, сырды, жаңалықты өзара әңгіме барысында айту керек. Әке де сырласуы керек. Ресми стильден кэжуалға өткен жөн. Қазір балаларға сол жетпей жатыр. Бұдан қартайған шағында әке қиналады. Ешкімге керек болмай қалады. Не әйелімен, не баласымен әңгімесі жа­рас­пай, бұрынғы «беделі» күшін жояды. – Ене институтының да беделін түсіріп алдық. Осындайда әлеуметтік желіде ененің есебінен оқырман жинап, танымал болғандар көп. – Үлгілі ата-енелер қайдан шығады, оның түбінде үйрену, оқу, білім жатыр. Өзгеру үшін ененің қалай болу керегін үйрететін адам керек. Сондықтан осы бағыттағы проблема оңайлықпен шешімін таппайды. Оларға да үйренетін дүние көп. Келінмен қалай қарым-қатынас жасау керегі туралы курс, тренинг, семинар қажет. Бірақ мұндай дүние жасайтын адам болмай тұр. Екінші жағынан қарағанда, жастар әлеуметтік желіге жақын болғаннан біржақты көзқарасты көреміз. «Енем күн көрсетпейді, бүйтеді сүйтеді» дегенде жауап беретін ене жоқ. Өйткені әлеуметтік желі кімде болса, басымдық сонда. Ене институты белгілі бір дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Жас буын жақында ене болады. Сол кезде қалай келінмен қарым-қатынас құрып, жақсарту керегін үйретіп, өзгеріс болатын шығар. Мысалы, онлайн отбасы академиясынан курстан өтетін елу, алпыстағы апайлар бар. Солардан курсқа не үшін келгенін сұрасаң, жақсы ене болғысы келтінін, келінін түсінгісі келетінін алға тартады. Қартайғанда абыройын сақтағысы келетінін айтады. Бұл не деген сөз? Яғни, осы бағытта қандай да бір қажеттілік бар. Ақпарат пен мағлұматтың жетіспеуі тағы бар. Жеке консультация барысында тек ер мен әйелмен емес, ене үшбұрышымен де жұмыс істейміз. Сонда ененің балаларға қатысты жаман ойы жоғын байқаймыз. Айтатыны «келініме олай істегенім, келін болып түскенімде маған солай істеді», «қаталдау болғаным тыңдасын, ертеңгі күні мені шетке теппесін» дегенім дейді. Бірде семинар барысында бір апай ұлының жиырма беске келгенін, жақында үйленгенін, ене ретінде қаншалықты өміріне араласу керегін сұрады. Өйткені баласы тыңдамай кете ме деп қорқады екен. Содан апайдан күйеуі бар-жоғын сұрадым. Сосын қазір бар назарды күйеуге аударып, қарым-қатынасты нығайтатын кез екенін айттым. Ал баласын тергеп тексеретін әйелі, өз жолы барын қостым. Түсінгенім, енелер қартайғасын не істерін білмейді. Мысалы, дамыған елде қарттар шетелге қыдырып, хоббимен, қайырымды­лықпен айналысады. Үнемі қозғалыста. Үшінші тынысы ашылғандай күй кешеді. Ал бізде зейнетке шығуды қандай да бір үкім сияқты қабылдайды. Төрт қабырғаға қамалып қалғандай елестетеді. Оның үстіне, елімізде қарттарға жетерінше көңіл бөлмейді. Аула клубын, тағы басқасын көз қылып ашып қояды. Одан зейнеткерлер хабарсыз, қайда орналасқанын білмейді. Қазір әлем қартайып бара жатыр. Неге? Өйткені өмір сапасы жақсарып, ұзақ өмір сүріп жатыр. БҰҰ шеңберінде мәселе көтеріліп, мемлекет деңгейінде шешімін табу жолға қойылған. Ал бізде бір ғана шешім бар – зейнет жасын көтеру. Иә, адамның ұзақ уақыт жұмыс істеуі – миына көмек. Дегенмен зейнетке шығып та қоғамның белсенді мүшесі боласың. Мысалы, жастар саясаты, жастарды қолдау дейміз, қарттар қайта қалды? Бізде қарттар саясаты аты­мен жоқ. Қоғамдық жұмыспен айналысып, сайлауға түсіп, фитнеске баратындай мүмкіндік жоқ. Шеттетіп тастаған. Қарттардың әлеуетін кәдеге жарата алмай отырмыз. Бұдан қоғамға да, мемлекетке де пайда бар. Менің ойымша, қарттар мәселесі атқамінерлердің күн тәртібіне кірмейді. Қарап тұрсаң, өздері де зейнет жасындағы адамдар, бұл – парадокс. «Ана махаббаты» кітабында екінші рет дүниеге келу жайы айтылады. Психолог ретінде осындай жағдайға куә болдыңыз ба? Байқап қарасақ, қоғамда анасынан алшақ­тай алмай жүргендер көп. – Иә, мұны психологияда сепарация деп атайды. Жалпы, сепарация баланың өмірге келуінен басталады. Сондықтан аналар баланың ерте ме, кеш пе жырақтай­тынын қабылдағаны жөн. Құрсақтан шығудың өзі бір сепарация. Бастапқыда анасын емеді, іздейді. Одан кейін ана­сынсыз-ақ тамақ іше бастайды. Көтеріп жүрмей-ақ өзі қадам басады. Балабақша, мектеп те сепарация. Келе-келе толық­қанды қоғам мүшесіне айналады. Өкінішке қарай, көптеген әйел баласымен сепарация жасай алмайды. Барлық нәрсені бала үшін істейді. Артынша міндеттейді. Яғни, адамдар әдемі қартаюды білмейді. Қарттықты тек баламен елес­тетеді. «Балам қасымда болады, қыдыр­тады, келін жұмсаймын, төрде отырамын». Бар образ – осы. Соңына келгенде, бала­ның миына да осы нәрсені құяды. Содан сепарация жасай алмай, ата-анасынан эмоция деңгейінде жырақ кете алмайды. Айналып келгенде, оның өзіне сенімі жо­ға­лады. Қандай да бір мақсатқа, жетістікке жету деңгейі төмендейді. Әйелімен, баласымен емін-еркін, ашық, қарым-қа­ты­нас құру нашарлайды. Өйткені «әйелімді құшақтап сүйе алмаймын, баламды еркелете алмаймын, ата-анам қарап тұра­ды» дейтіндер бар. Яғни, олардың эмоция­сына, ойына, пікіріне, көзқарасына тәуелді. Осы тұрғыда аналар қарттық шағын күйеуімен елестеткені дұрыс. Ал біздегі картинада күйеуі жоқ. Шалымен қоғамдық жұмыспен айналысып, сана­торийге бара алатыны туралы ойланбайды. Мысалы, менің танысым ақша тігуге құмар. Осы күнге дейін бірнеше миллион теңгесінен айырылған. Әке-шешесі қарыздарын жауып беріп, жеке клиникада емделіп шықты. Кейін психологтер түбін қазбалаған кезде кішкентайында әке шешесі үлкейгенде «бізді бағасың, асырайсың, үмітімізді ақтайсың» деп міндеттеген екен. Мақсаты университет бітіріп, жұмыс істеп, тезірек ата-ананың ақтау болған. Бір сөмке ақша әкеп беріп, әке-шешесінен мақтау есту арманына айналған. Ал бір сөмке ақша табудың оңай жолы - ақша тігу. Сөйтіп жүріп, қаншама зиян шекті. Көп ата-ана баланы психологиялық түрде босатпайды. «Балам сен маған міндет емессің, қарыз емессің, бақытты болғаныңды көру – ең үлкен бақыт» демейді. Осылай деп ашық айтса, біразының үстінен жүк түсер еді. Бақытты болудың құпиясы - ешкімге мұқтаж болмау. Ешкім ешкімге міндет емес. Жалпы, ата-ананың балаға бірнәрсе міндеттеуінің өзі жиіркенішті. Өйткені ата-ана балалы болуды қалады. Бала сізді таңдап өмірге келген жоқ. Баламен қарым-қатынаста еркіндік бере алсаңыз, өмірге қанағаттанып, тәуелсіз болып өседі. Осылайша, зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады. – «Мамам білсе өлтіредіні» мамама дереу айтуым керекке қалай өзгертеміз? – Отбасында қарым-қатынас үлкеннен кішіге қарай құрылады. Ата-ана баласымен қалай қарым-қатынас жасаса, баланың жүріс-тұрысы, түсінігі, ойы солай қалыптасады. Ол ата-анаcына бірдеңе айтуға қорықса, демек отбасында қорқыту, үркіту бар. Сол үшін әке-шеше қорқыту факторын пайдаланбағаны жөн. Өйткені бала әртүрлі қателік жасауға құқылы. Ал ата-ананың міндеті – кеткен қателіктен сабақ алып, түзетуді үйрету. Кейін мұндай қайталанбауы үшін шара қолдану. Шара қолдану деген ұрып-соғып, қорқыту емес. Бізде балаға бір нәрсені бес рет айтқаннан гөрі, бір рет айқайлап, ұрып, қорқытқан ыңғайлы. Қайталап жасаса, алдында айтқанын ескертіп, жазалаған қолайлы. Негізі, «бір рет айтқаннан балам неге түсінбеді, дұрыс жеткізе алмадым ба? Тағы бір рет айттым, түсінбеді, бала тілінде сөйлесе алмаған болармын. Балам неге бұлай жасады, маған ренжулі ме?» деп жауапкершілікті өзіне жүктегені дұрыс. Керек болса, дәріс алып, интернетті ақтарып, баламен сөйлесудің, түсіндірудің жолын іздегені жөн. Соны пайдаланып, бала түсінетін деңгейде жеткізу керек. Сол кезде алдынан қандай да бір мәселе шықса, ата-анасымен бөліседі. Балаға сондай сенім беру керек. Қолдайтынын, көмектесетінін жиі айту керек. Бала қаншалықты жиі естісе, емін-еркін, ашық, қарым-қатынас пайда болады. Проб­леманы шешкен соң сөйлесіп, талқылау маңызды. Ата-ана мен бала арасындағы диалог түсіністік деңгейінде болғаны дұрыс. Мысалы, балабақшада ойыншығын жо­ғалтып алды делік. Келіп, анасына ойын­шығы жоғын айтады. Сонда «оны қымбатқа сатып алдық, жоғалтатыныңды айтым са­ған» десеңіз, ішінен «проблеманы айт­пайын, шу шығады» дейді. Ал «балам, қалай жоғалттың, ертең апайыңмен сөйлесіп, балабақшадағы камерадан қара­йық» деп ертесі тауып берсеңіз, бөлек әңгіме. Нәтиже шығарғасын, үйде «көрдің ғой, ойын­шық­пен осында ойнап, бала­бақшаға апармай-ақ қой» десеңіз, тыңдай­ды. Осылайша, сенім артып, көмек сұрауды үйренеді. Кішкене кезінде қалып­тасқан сенім жас­өспірім шақтағы үлкен проблемамен еркін бөлісуге әкеледі. Сол үшін балабақшадағы кішкентай пробле­маға үлкен деңгейде көңіл бөлуді үйре­нейік. – Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ