Күні кеше Жер бетінде 1 300-ден астам жер сілкінісі болды дегенге сенесіз бе? Әрине, мұндағы ұсақ дүмпулерді арнайы құрылғылар болмаса сіз бен біз сезе қоймаймыз. Есесіне Түркиядағы жер сілкінісі ХХІ ғасырдың өзінде адамзаттың Табиғат-Ананың алдында дәрменсіздігін дәлелдеді. Әлем тарихындағы соңғы жарты ғасырда болған жойқын жер сілкіністеріне назар аударсаңыз, бұл апаттың қаншалықты қауіпті екенін аңғара аласыз. Таншань, 1976 жыл 28 шілде Тарихтағы ең жойқын апаттың бірі ретінде Қытайдың Хэбэй провинциясындағы Таншань қаласындағы жер сілкінісін айтуға болады. 1976 жылдың 28 шілдесі күні болған зілзаланың магнитудасы 8,2 балға жетті. Салдарынан 5,3 миллионға жуық үй қирады. Ресми дерекке сүйенсек, Таншаньдағы табиғи апат 242 мың 769 адамның өмірін жалмаған. Әйтсе де, бейресми дереккөздері құрбандар санының 655 мыңнан асып кеткенін алға тартады. Оқиға куәгерлері алғашқы дүмпудің өзінен қаладағы ғимараттардың 90 пайызы қирағанын айтады. Тіпті, жер қақ айырылғанда оған жолаушылар пойызының түсіп кеткені туралы да дерек бар. 2010 жылы Қытай режиссері Фэн Сяога Таншань оқиғасы негізінде фильм түсірді. Армения, 1988 жыл 7 желтоқсан Ал 1988 жылдың 7 желтоқсаны Армения тарихында ең қаралы күн ретінде жазылып қалары анық. Себебі дәл осы күні жергілікті уақыт бойынша 11.41-де алапат жер сілкінісі болды. Спитак қаласындағы апаттың қуаты 10 балға дейін жеткен-ді. Бірнеше дүркін қайталанған дүмпуден Спитак қаласы жермен-жексен болды. Ленинакан (қазіргі Гюмри), Кировакан (қазіргі Ванадзор) және Степанаван қалалары да күйреді. Ленинкандағы үйлердің 80 пайызы, ал Кировакандағы құрылыстың тек жартысы үйіндіге айналды. Мамандар Армения аумағының 40 пайызын шайқаған дүмпудің қуатын 1945 жылы Хиросимо қаласына тасталған атом бомбасынан 10 есе мықты деп бағалады. Осыдан кейін-ақ Армениядағы жер сілкінісі құрбандарының саны аз болмағанын түсіне беру керек. Ресми дерек бойынша, зілзала салдарынан 25 мың адам қаза болып, 140 мың адам мүгедектердің қатарын толықтырды. Сол сәтте Арменияның басына түскен жағдай одақтас елдердің де ортақ қайғысына айналды. Алып одақтың түкпір-түкпірінен көмек келіп жатты. Құтқару жұмыстарына еріктілердің бөлек 20 мыңнан астам сарбаз бен офицер жұмылдырылды. Құтқару, қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде үйінді астынан 4 328 адам шығарылды. Оның ішіндегі 1 440 адам тірілей құтқарылыпты. Әлемнің өзге елдері де апатқа ұшыраған Армения жұртына көмек қолын созды. Апат аймағына Франциядан, Швейцариядан, Ұлыбритания, Германия мен АҚШ-тан дәрігерлер мен құтқарушылар келді. Әлемнің 111 мемлекеті Арменияға қолдау көрсетті. Төтенше жағдайдан кейін Армениямен бірге КСРО-ның өзге елдерінде де құтқару қызметтері құрылып, жаңадан салынатын нысандардың сейсмикалық тұрғыдан берік болуына баса мән беріле бастаған. Измит, 1999 жыл 17 тамыз Бүгінде зор нәубетті бастан өткеріп жатқан Түркияда осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын да алапат жер сілкінісі болған екен. Бұл оқиға тарихта Измит жер сілкінісі ретінде қалды. 1999 жылдың 17 тамызында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 3.02-де 7,6 балдық жойқын зілзала болды. Апат ошағы 17 шақырым тереңдікте орналасқан. Зілзаланың қуатты болғаны соншалық, Мәрмәр теңізі тулап, цунами 3 метрге дейін көтеріліпті. Ресми дереккөздер Измит қаласындағы жер сілкінісі кезінде 17 мың 217 адам қайтыс болып, 43 мың 959 адам жарақат алғанын хабарлады. Әйтсе де, жұрт арасында зілзала құрбандарының 40 мыңға жуықтаған деген де дерек айтылады. Өйткені түрлі жұқпалы аурудың таралып кетпеуі үшін мәйіттерді асығыс бір қабірге жерлеген. Сол жолы апаттан 120 мыңға жуық ғимарат түгелдей қирап, шығынның жалпы көлемі 25 миллиард долларға тең деп бағаланды. Сейсмологтар Түркиядағы жер сілкінісінің көп болуын елдің «Анадолы жарығында» орналасуымен байланыстырады. Бам, 2003 жыл 26 желтоқсан Осыдан 20 жыл бұрын Иранның Керман провинциясындағы Бам қаласының тұрғындары да тәтті ұйқының құшағында жатқан сәтінде үйіндінің астында қалды. 2003 жылдың 26 желтоқсанында болған 6,3 балдық зілзаладан ғимараттарының 90 пайызы саз балшықтан тұрғызылған ескі қаланың астан-кестені шықты. Иран билігі зілзаладан кейін тәулігіне 5 500 апат құрбаны жерленгенін хабарлады. Ал жерлеу рәсімімен айналысқан елдің Қарулы күштерінің өкілдері 3 күннің ішінде 20 мың адамды ақтық сапарға шығарып салғанын мәлімдеген. Қолда бар деректер бойынша, Бамдағы төтенше жағдайда 35 мың адам құрбан болыпты. Апат салдарын жоюға шамасы жетпейтінін білген ел билігі әлемдік қауымдастықтан көмек сұрады. Өз кезегінде 44 мемлекет Иранға көмек қолын созып, құтқарушылар мен дәрігерлер жіберді. Үнді мұхиты, 2004 жыл 26 желтоқсан Ең қызығы, Бамдағы зілзаладан дәл бір жыл (2004 жыл 26 желтоқсан) өткен соң Үнді мұхитында жер сілкінісі болды. Рихтер шкаласы бойынша 9,3 балл деп бағаланған зілзаланың дүмпуін мұхитқа жақын маңдағы 17 мемлекет сезінді. Жер сілкінісінің эпицентрі Үнді мұхитында, Суматраның солтүстік-батыс жағалауында, Симеолу аралына жақын жерде болған. Мұхиттағы дүмпу қуаттылығын мына бір фактіден де байқауға болады. Зілзаладан кейін түсірілген ғарыштық фотосуреттер мен GPS-пен алынған өлшемдер Суматраның оңтүстік-батысында орналасқан кішігірім аралдар өз орнынан 20 метрге жылжығанын көрсетіпті. Бирман плитасында орналасқан Суматра аралының солтүстік нүктесі де өз орнынан 36 метрге жылжыған көрінеді. Бірақ жер сілкінісінен гөрі одан кейінгі цунами көптеген адамның өмірін жалмады. Биік толқындар жағалаудың қашықтығына қарай кейбір аралдарға зілзаладан кейінгі 50 минутта жетсе, енді біріне 7 сағатта барыпты. Осылайша, жер сілкінісі мен цунами 235 мыңға жуық адамның өліміне себепші болды. Шри-Ланканың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жағажайлардың бірінде 7-9 метрге дейін көтерілген толқын 1 700 жолаушысы бар пойызды «жұтып» қойған. Бұл әлемдегі теміржол тарихындағы ең ірі апат ретінде қалды. Кашмир, 2005 жыл, 8 қазан ХХІ ғасыр басындағы ең ірі зілзаланың қатарына 2005 жылдың 8 қазанында Пәкістанның бақылауындағы Кашмир аймағында болған 7,6 балдық жер сілкінісін де жатқызуға болады. Әрі бұл апатты соңғы 1 ғасырдағы оңтүстік Азиядағы ең қуатты жер сілкінісі деп те атайды. Төтеннен төнген табиғи апаттан 84 мың адам қайтыс болды. Пәкістан мен Үндістанның аймақтағы әскери қақтығысы құтқару жұмыстарына кедергі келтіруі апат құрбандарының көбеюіне ықпал еткен көрінеді. Гайти, 2010 жыл 12 қаңтар 2010 жылдың 12 қаңтарындағы Гайтидегі 7 балдық жер сілкінісі де 300 мыңға жуық адамның өмірін жалмады. Әсіресе, ел астанасы Порт-о-Пренси қатты зардап шегіп, мыңдаған тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар қирады. Жер сілкінісінен келген материалдық шығын 5,6 миллиард долларға бағаланады. Жапония, 2011 жыл 11 наурыз Жапонияда 2011 жылдың 11 наурызында адамзат тарихындағы ең қуатты зілзала тіркелді. Күншығыс еліндегі жер сілкінісінің қуаты Рихтер шкаласы бойынша 8,9 балға дейін жетті. Биіктігі 10 метр болатын толқын Хонсю аралына дейін, ал 6 метрлік толқын Хоккайдо аралына дейін жеткен. Табиғи апат кезінде 15,9 мың адам қаза тауып, 2,5 мың адам із-түзсіз жоғалды. Қазақстанда да соңғы 30 жылдың ішінде ірілі-ұсақты жер сілкіністері тіркелді. 1990 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысында 8 бал-дық «Зайсан сілкінісі» болды. Апат салдарынан 8 874 үй қирап, 36 мың адам баспанасыз қалды. Ресми дерекке сүйенсек, оқиғадан кейін бір ғана сәби шетінеген. Ал 2003 жылдың 23 мамырындағы Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы жер сілкінісінде 3 адам қаза болды. Қуаты 6,5-7 балл деп бағаланған зілзала салдарынан аудандағы 16 жалпы білім беретін мектеп, 12 емдеу мекемесі, 23 әкімдік ғимараты және 7 502 үй қирады.