Суағары жоқ көше көп
Суағары жоқ көше көп
Жыл басында еліміздегі бірқатар аймақта су басу қаупі туындап тұрғаны ес­кер­тілді. Оған дайындық шара­лары жоғары деңгейде жүр­гізіліп жатқаны да айтылды. Айтса айтқандай, ақпан айы оңтүстікте аласапыранмен бас­талды. Жаңбыр жауып, оған еріген қар суы қосылып бірқа­тар елді мекендер тас­қын су­дан зардап шекті. Бұл өңір­лердің төтенше жағдайға әлі де дайын емес екенін аңғар­т­қандай болды. Сырдария өзенін жағалай қо­ныстанған жұртшылық та таби­ғаттың тосын мінезін сезінбей қал­мады. Толассыз жауған жауын қала көшелерін телегей теңіз қылды. Артынан күн аязданып, жолдар көктайғақ мұзға айналып, талай адам зардап шекті. Тіпті, кейбір жол бөліктерінде көлік қаты­насы шектеліп, оқушылар­дың сабағы қашықтан оқуға көшірілді. Көшелерді көк мұздан тазалау жұмыстары күн-түн демей жүр­гізілді. Мұз құрсанған көшелерде тұрғындарға қауіпсіз болуы үшін тұз себу, тазалау жұмыстары қолға алынды. Алайда қала көшелері тосын жағдайға тосқауыл бола алмайтын күйде екені осыдан байқалды. Жауапты орынның мәліметіне сәйкес, жауыннан жол көктай­ғаққа айналған күні Қызылорда қаласында көшелер мен жаяу жүр­гіншілер жолдарындағы мұз­дарды тазалау жұмыстары тәулік бойы атқарылыпты. Бұл жұмыс­тарға «Қызылорда су жүйесі» мекемесі тарапынан 26 арнайы техника мен 250 жұмысшы жұ­мыл­дырылды. Соның негізінде мұзға оранған көшелерге тұз аралас құм себіліп, қауіпсіздік шаралары жүргізілген. Бұл күні облыс аумағында көктайғақ салдарынан жол-көлік оқиғалары да жиілеп, көптеген тұрғындар мұздан зардап шегіп, ауруханаға түсті. Қызылорда облыстық Денсау­лық сақтау басқармасының мә­лім­деуінше, 2 ақпан күні көп­бейінді облыстық ауруханаға мұздан тайып, жарақат алған 5 адам қаралса, көпбейінді қалалық ауруханаға 15 адам түрлі жарақат­пен түскен. Жалпы, бір тәулік ішін­де дәрігердің көмегіне жүгін­гендердің қарасы қалың. Негізінен, көшелерге жаңбыр суы ағатын кәріз жүйесі қажет. Бүгінде мұндай суағарлар өзекті мәселеге айналып тұр. Қызылорда облысында да жаң­быр суына арналған кәріз жүйесі түбегейлі шешімін тапқан емес. Соның салдарынан Қызыл­орда қаласының өзінде жаңбыр жауса, көшелер көлшікке айна­лып, халықтан маза қашады. Өңір­­де жол салу мен жөндеу жұ­мыс­тары кезең-кезеңімен жүр­гізіл­­генімен, суағар мәселесі қа­перге алынбай келеді. Бұл тұрғын­дардың да ашу-ызасын туғызып тұр.
«Бұл мәселе шешімін таппай тұр. Қызылорда қаласының жаңа­дан бой көтерген сол жағалау ша­ғын ауданында тұрамын. Қала­ның ескі бөлігін айтпағанда, біз тұратын ауданның өзінде жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі жоқ. Ең болмаса, соңғы үлгіде салынып жатқан сол жағалауға суағар салу­ды қаперге алмағанын түсіне ал­май жүрміз. Бір күн жауған жаң­бырдан көшелер көктайғақ болса, артынша мұз еріп, көлшікке ай­налды. Арнайы техникамен суды сорып, жолдарды мұздан тазалап әбігерге түсіп жатыр. Бұр бірінші рет болып тұрған жоқ. Жылда қай­таланатын жағдай. Сонда үш күн жауын жауса не боларын ба­ғамдай беруге болады. Дарияның жаға­сын­да отырмыз. Осы қар мен жаң­быр­дың суына арнайы суағар жа­сап, дарияға бағыттаса мұндай ке­леңсіздік орын алмас еді. Ең бас­­тысы, қауіпсіздік шараларын сақ­тап, қандай жағдайға да қам­сыз бол­­мау керек деп ойлаймын», – дей­­­ді қала тұрғыны Марал Сәрсенова.
Тұрғындардың пікірінше, қа­ла көшелерінде жобалау жұмыс­тары жасалғанда жаңбыр суын лотоктарға ағызу, суағар салу мә­селесі қарастырылмаған. Соның салдарынан осындай жағдай болуда.
«Жауаптылардың есіне бұл мәселе тек жаңбыр жауып, кө­шелерді су басқанда түсетін сияқты. Кей қалаларда жол жие­гіне темір қоршау қойып, жаңбыр мен қар суын арыққа ағызып жі­беруге жағдай жасалғанын көріп жүрміз. Бізде ондай да жоқ. Со­ның салдарынан жауыннан кейін көшелер көлшікке айналып, әбі­герге салады. Ең болмаса, ав­то­бус аялдамаларына суағар жасап қою керек. Осы суағар ар­қылы жаңбыр суын арықтарға жіберсек, жол жиегіндегі талдарға да су барар еді», – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.
Қоғам белсендісі жол жие­гіндегі суды арыққа ағызып жі­беру үшін қыруар қаржы да қажет емес екенін алға тартады. Алайда бұл мәселе жауапты мекемелердің жаңбыр жауып, қар ерігенде ғана есіне түседі. Сондықтан да жол салу мен жобалау жұмыстары жүргізілгенде жаңбыр суы кәріз жүйесін салу қаперде болу керек деп есептейді. Өз кезегінде ағын судың аза­бын тартқан тұрғындардың мә­се­лесін шешудің жолын жауапты­лардан сұрап көрдік.
«Негізінен, облыста жол мә­се­лесі назарда. Жол салу мен жөн­деу жұмыстарының қарқыны томендемейді. Осы бағытта 2023 жылы да атқарылатын жұмыстар ауқымды. Атап айтсақ, осы жылы жол ифрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 29,9 млрд теңге бө­лініп отыр. Оған ұзындығы 526 ша­қырымды құрайтын автомо­биль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Соған орай жол құ­рылысы мен реконструкциялау жұмыстары барысында суағар орнату мәселесі ескеріледі. Ор­таша жөндеу болса, тек жол жа­бын­дысы ауыстырылады», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық Жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқармасының басшысы Нұртай Қуанышбаев.
Қорыта айтқанда, облыс ау­мағында жаңбыр суына арналған кәріз жүйесінің нақты қашан жол­ға қойылатыны беймәлім. Ал жауаптылардан әзірге суағар ор­нату мәселесі алдағы күн енші­сінде ескерілетінін ғана біле алдық.

Қызылорда облысы