Құс баққан Усманов
Құс баққан Усманов
685
оқылды
Арқада табысы молырақ түсетін құс өсіру кәсібін қолға алғандар тиыннан теңге құрап отыр. Әсіресе, ел арасында кездесе бермейтін есесіне сұранысқа бизнесті игеріп, ұршықша иірген азаматтардың ісі көңіл қуантады. Көкшетау қаласының тұрғыны Фарид Усманов кәдімгі қырғауылдар тұқымдасына жататын, боз далада еркін өсіп-өне беретін бөдене бағып, отбасын асырап отыр. Бөдене – ақшыл жолақты, шағын денелі шөлейтті дала мен биік таулардан басқа барлық жерлерде ұя басып, тіршілік ететін төзімді құс. Жұмыр ғана бөдене дала қазағының ұғымында таза, бейкүнә құс ретінде сипатталады. Көкшетаудың шеткері аудан­дарының біріндегі Менжинский көшесінде тұратын Фарид Усманов құстың бірнеше түрін бағады. Сабақты ине сәтімен дегендей, уақыт өте Фарид Усмановтың да ісі ақырындап оңала бастаған. Көпшілік біле бермейтін бөдене асырау ісі жұмыссыз қалған отбасының жыртығын жамап, іргесін бүтіндеуге мол мүмкіндік беріпті. Кеңес Одағы ыдырап байтал түгі бас қайғы болған тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында кейіп­керіміз мал асырап бала-шағаны бағудың қамына кіріседі.
– Тоқсаныншы жылдары дүниенің астан-кестеңі шығып, экономикамыз құлдырап кеткенде жұртпен бірге біз де жұмыссыз қалдық. Бала-шағаның қамы үшін бірдеңе етіп нәпақа табудың амалын қарастырдық. Қарап отыруға әсте болмайды. Отбасын асырау керек. Осы мақсатпен қалада тұрсақ та бала-шағаға сүт пен қаймағы болса да деп сиыр ұстап көрдік. Біртіндеп басын көбейтіп, қара мал басын тоғызға жеткіздім. Бірақ солтүс­тіктің алты ай бойы қыстың қытымыр аязы мен боранында ірі қара мал бағу аса зор ма­шақатқа айналатын болды. Оған қоса, жемшөбі де аса қымбат. Қыс ұзақ болған соң қара мал кемінде жеті ай қолға қарайды. Ал бір сиырды қыстан шығаруға кемінде 3-4 тонна шөп кетеді. Тек бір тіркеме шөптің құны 25-30 мыңнан асып жығылады. Бұған қоса, қазір құны аспандап кеткен құрама жемін қоссаңыз малды бағудан түңіліп кетесіз. Содан малды қойып құс оның ішінде көпшілік аса біле бермейтін, бірақ пайдасы мен табысы молырақ болады-ау деген ниетпен бөдене өсіргенді жөн деп шештік. Мал баққанға қарағанда шаруасы әлдеқайда жеңіл. Әрі жемшөбі де анағұрлым арзанға түседі. Тек қорасын жылы ұстап, азғантай жемшөбі мен қажетті дәрумен­дерін уақытылы беріп тұрса пайдасы мол шаруа, – дейді Фарид Усманов.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бөдене асырамас бұрын оны не үшін өсіретініңізді анықтап алған жөн. Егер сапалы бөдене етін өндіруді мақсат етсеңіз онда калифорниялық тұқым алу қажет. Ал бөдене жұмыртқасының ішін­де Жапон бөденесі көш бас­тайтын көрінеді. Күн­шығыс елінен шыққан бөдене тұ­қы­мы 50-60 күннің ішінде-ақ жұмырт­қалай бастайды. Салыс­тырмалы түрде алсақ, кәдімгі әр ауыл жұрты ұстайтын тауық жұмыртқадан шыққан соң кемінде 200 күннен кейін ғана жұмыртқалайды. Ал әр бөдене жыл сайын салмағы 10-15 грамдық 300-ден астам жұмыртқа шығарады. Мұнымен қоса, бөдененің жұмыртқасы адамның денсаулығына да аса пайдалы. Кәсіпкер Фарид Османов бөдененің санын көбейтуде инкуба­торлардың үлесі мол екенін тілге тиек етті.
– Бөденені көбейту үшін кәдімгі кішкентай тұрмыстық инкубаторларды пайдалана беруге болады. Қазір ондай инкубаторлар базарларда самсап тұр. Бөдене жұмыртқалары үшін инкубация мерзімі шамамен 17-18 күнді құрайды. Жұмыртқаны жарып шыққан балапан­дардың жүні үлпілдеп тұрады. Тауықтың балапанына қарағанда бөдененің тұқымы әлдеқайда кішірек. Балапандарды арнайы әзірленген торда немесе жәшіктерде өсіремін. Қыс айларында бөдене тұрған қораның тем­пературасы кемінде 15 градустан төмен болмауы шарт. Қора жылы болмаса, бөдене жұмыртқаламай қояды. Бөдененің балапаны алғашқы күндері күніне 4 грамм, екінші аптада 7 грамм ғана жем жейді. Осылай уақыт өткен сайын салмақ қосып, тез жетіліп кетеді, – дейді Фарид Усманов.
бөдене Қалауын тапса, қар жанғандай, бөдененің бабын тапса, берекесі мол іс екенін кәсіпкер бірден айтты. Жұмыртқаны көп тұтынатын мейрамхана, яки дәмханалармен келісімге келіп жатсаң, табыс ұлғая түспек. Мәселен, орташа есеппен бөдененің әр жұмыртқасы 50 теңгеден болса, жүз бөдене жылына 30 мың жұмыртқа береді. Яғни, жұмыртқа сатып кемінде 1 500 000 теңге таза табыс табуға болады. Мұның ішінде бөдененің жаңа туған балапанының өзі елу күннің ішінде жұмыртқалайтынын қосыңыз. Жүз бөденені өсіріп, етін сатса, жылына 300 мың теңге таза табыс түседі. Яғни, тек бөденені бағып қана кемінде 1 миллион 800 мың теңге табыс табуға мүмкіндігіңіз бар. Былай қарағанда аз табыс та емес. Елдің әр аймағында екі қолға бір күрек таппай сандалғандардың қарасы қалың. Тіпті, көше кезіп қайыр тілеп кеткен тепсе темір үзетін жастағы атпал азаматтарды көргенде ішің удай ашиды. Бұл орайда өз кәсібімен көпке үлгі боларлық Фаридтің ісін жақсы әрі жарқын мысал қылуға әбден болады. Ел бөденеден бөлек, құстың басқа да бірнеше түрін өсіруді жөн тауыпты. Мәселен, қорасында мамырлай басып жүрген Ресейдің ірі денелі ақ қазы да кәсіпкердің өз ісінің нағыз маманы екенін айғақтай түседі. Ақ қаз жайлы аңыздар да баршылық. Деректерге сүйен­сек, арғы тегі құс төресі аққумен шағылы­сып, жаңа тұқым ақ қаз пайда болған. Ақ қаз кемінде 8-10 келіге дейін таза ет береді. Кәдімгі үйде өсіретін қаздан денесі де анағұрлым ірі әрі еті де молырақ. Ал «Жалаңаш кеңірдек» деп аталатын Қытай тауығы туралы кәсіпкердің әңгімесі мүлдем бөлек әсерге бөлейді. Фаридтің айтуынша, «Қытай тауығының еті түгелдей қап-қара болады екен. Ескі аңыз-әфсаналарға сенсек, тауықтың бұл түрін Қытайдың тек ақсүйектерінің ғана ас мәзірінде болған деседі.   P.S.

Тек таза құс өсірумен айналысатын Усмановтардың қос қабатты үйінің маңы алуан түрлі құс базары іспетті. Кіреберісі жасанды көл. Жағалауында қаз-үйрек, көл бетін шиырланған толқындарға айналдырған ақ қаз. Үй жағалай өскен сан түрлі гүлдер. Төбешіктердің бірінде қолына фонарь ұстаған мұжық пен қасындағы азу тісін ақситып тұрған төбет мүсіні... Мұның бәрі отбасының еңбекқорлықпен қоса, әдемілікке әуестігін көрсетеді. Кәсіптен нәсіп тауып, мол берекеге айналдырған Фаридтің ісі көпке үлгі болса нұр үстіне нұр болар еді-ау...

Ақмола облысы