Біріккен күрес әлемі (UWW) 27-29 наурыз аралығында күрес түрлерінен өтетін Азия аймағының Олимпиадалық іріктеу бәсекесін Қытайдың Сиянь қаласынан Қырғыз Республикасының астанасына ауыстырды. Токио Олимпиадасына жолдама үлестірілетін дода Қытайдағы коронавирус індетінің өршуіне байланысты Бішкек қаласында өтеді.
– Турнирдің басталуына аз уақыт қалғанда өтетін орынды ауыстыру оңай соқпасы анық. Алайда біз үшін атлеттердің денсаулығы маңызды. Сондықтан да біз осындай қадамға барып отырмыз. Осы орайда, дереу қолдау көрсеткен Қырғыз еліне алғысымыз шексіз, – дейді UWW президенті Ненад Лалович.Ал лицензиялық бәсекеге қатысатын қытай палуандары Сербияда жаттығып жатыр. Олар елден шыққан кезде тыңғылықты тексеруден өткен. Айта кетейік, осымен үшінші лицензиялық турнир Қытайдан өзге мемлекетке ауыстырылды. Ә.БЕЛГІБАЙ