Астанада өтіп жатқан жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатында ел құрамасы қоржынына бесінші алтын медаль түсті. Құрлықтық додада еліміздің əйелдер құрамасы эстафетада (4+400 м) мәре сызығын бірінші болып қиды. Қазақстандық Аделина Земс, Александра Залюбовская, Кристина Кондрашева мен Элина Михина алдына жан салған жоқ. Көрсеткіші – 3:44.21 секунд. Бұған дейін ел құрамасынан Каролин Чепкоеч 3 000 метрге жүгіруден мәре сызығын бірінші болып қиса, Элина Михина әйелдер арасында 400 метрге жүгіруде, биіктікке секіруде Надежда Дубовицкая және ерлер құрамасы эстафетада топ жарды. Сондай-ақ ерлер арасында 400 метрге жүгіруде қазақстандық Михаил Литвин, 60 метрге жүгіруде қазақстандық Ольга Сафронова, биіктікке секіруде Кристина Овчинникова күміс жүлде алды. Ал Ақбаян Нұрмамет 1 500 метрге жарысуда, биіктікке секіруде Елизавета Матвеева қола жүлдегер атанды. Жарысқа 31 елден келген 360 спортшы қатысты. Олар жеңіл атлетиканың 26 түрінен сайысқа түсті.