Түркияның Адыяман провинциясында құтқарушылар жер сілкінісінен кейін арада 178 сағат өткенде қираған үйдің үйіндісі астынан Мирай есімді алты жасар баланы аман алып қалды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлайды. Қуанышты хабар қираған ғимарат үйінділері астынан тірі қалғандарды іздеу жұмысы жүргізілген Әлиташ тұрғын орамынан келді. Мирай ауруханаға жеткізілді.Ал елдің Хатай провинциясында зілзаладан кейін арада 182 сағат өткенде үйінді астынан 12 жасар бала шығарылды. Каан есімді бала Антакьяның Джабрайыл тұрғын орамында құлаған ғимарат үйінділері астынан құтқарылды. Бала ауруханаға жатқызылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Эпицентрі Түркияның Кахраманмараш қаласында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 31,6 мыңнан асты. Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарын еске алу үшін Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Түркияның мемлекеттік туы бүкіл елде жартылай түсірілді. Жойқын жер сілкінісі көршілес елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Солтүстік Кипрдің Түрік Республикасы, Грекия Кипрінде және Иракта да сезілді.