Елімізде отбасы-ошақ қасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін Германияның тәжірибесін іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров айтты.
«Мемлекет басшысы қоғаммен бірлесіп, Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын, әзірлеуді тапсырды. Бұл тұжырымдама келер бес жылда жүзеге асырылады. Оның басты ерекшелігіне тоқталсақ, құжат қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қордаланған жүйелік мәселелердің себептерін жоюға бағытталған. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың әрекеттері дұрыс үйлестірілмеген. Оны ретке келтіру үшін біз Германияның тәжірибесін зерттедік. Бұл елде тиісті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар отбасындағы зорлық-зомбылық себептерін анықтауға қатысады», – деді Р.Зұлқайыров онлайн брифингіде.Комитет төрағасы отбасында жанжал болса, полиция қызметкерлерін кінәлі адамды тоқтатып, қылмыскерді жауапқа тартып, жедел және сапалы тергеу амалдарын жүргізуі керек екенін еске салды. Одан әрі тиісті орталықтар психологтарды тарта отырып, болған оқиғаның себебін анықтайды. Бұл жанжалға жұмыссыздық себеп болса, мәселені шешуге жұмысқа орналастыру бойынша әлеуметтік қызметтер де қосылады.