Азаматтық авиация комитеті «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі ұшақтың Алматы іргесіндегі 2019 жылғы апатының мән-жайына тоқталды. Ведомство мамандары Алматы іргесінде ұшақтың құлауына әуе кемесінің қанатындағы ақаулар себеп болғанын еске салады. Тексеру қорытындысы бойынша, әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаны зерттеген комиссия әуе кемесінің апаты ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуынан болғанын анықтады. «Соның салдарынан ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен, одан кейін әуежайдың периметр бойынша қоршауын бұзып, аталған қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жекеменшіктегі құрылыс нысанына соғылған. Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалтуының себебі жер үстіндегі мұзданудың әсері болуы ықтимал» деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.